Қазақстандағы әрбір алтыншы бала дүниеге келетін орталық

Oinet.kz 15-07-2026

726373291_2194182901423056_8215473059888250450_n.jpg

№1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы қабылданған босанулар мен дүниеге келген нәрестелер саны бойынша тек өңірде ғана емес, еліміздегі көшбасшы мекемелердің бірі болып табылады. Бүгінде Қазақстандағы әрбір алтыншы бала осында дүниеге келеді. Орталық жыл сайын 9500 босануды қабылдайды. Жаңа туған нәрестелердің саны да осы шамада, оның 1500-ге жуығы шала туған балалар. Шала туу көбінесе ананың ауыр акушерлік немесе экстрагениталдық патологияларына байланысты орын алады. Сондықтан әрбір жағдай ерекше күрделі болып табылады және жеке көзқарас пен дұрыс емдеу тактикасын таңдауды талап етеді.

– Орталығымызда пациенттерге барлық қажетті зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, заманауи медициналық технологияларды пайдалана отырып медициналық көмек көрсетіледі. 2025 жылы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан операция кезінде науқастың өз қанын қайта құюға мүмкіндік беретін «Medtronic» аутогемотрансфузия аппараты, «Mindray» наркоз аппараттары, сараптамалық деңгейдегі «Voluson Expert 20» ультрадыбыстық аппараттары, жаңа туған нәрестелерге арналған емдік гипотермия аппараты, нәрестелерге арналған өкпені жасанды желдету аппараты және басқа да жабдықтар алынды. Сонымен қатар, орталықтың өз қаражаты есебінен хирургиялық аспиратор, дефибриллятор, вакуум-экстрактор, бактерицидтік ауа рециркуляторы және басқа да жабдықтар сатып алынды. Биыл орталықтың өз қаражаты есебінен центрифуга, электрокардиограф, инфузиялық шприцтік сорғы, операциялық көлеңкесіз шам және басқа да жабдықтарды сатып алу жоспарланған. Бұл жабдықтар күрделі хирургиялық операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, біздегі жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер, анестезиологиялық қызметтің сапасы – бұл мекеменің алдыңғы қатарда екенін көрсетеді, – дейді №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының басшысы Салтанат Жабағиева.

Қазіргі акушерияда плацентаның аномальды инвазиясы ана өліміне әкелуі мүмкін жаппай акушерлік қан кетулермен байланысты күрделі мәселе болып табылады. Орталық дәрігерлері мұндай патологиясы бар жүкті әйелдерге орган сақтаушы операциялар (метропластика, компрессиялық гемостаз) жүргізіп, әйелдің репродуктивтік қызметін сақтап қалады. Орган сақтаушы операциялардың үлесі 2024 жылғы 77 пайыздан былтыр 85 пайызға дейін өсті. Соңғы 7 жыл ішінде ана өлімі көрсеткіші – 0. 2025 жылы перинаталдық өлім көрсеткіші 20 пайызға, ал ерте неонаталдық өлім көрсеткіші 38 пайызға төмендеді. Орталықта 2023 жылдан бастап неонаталдық блок құрамында туа біткен даму ақаулары мен ерте неонаталдық кезеңде анықталған жедел хирургиялық патологиялары бар балаларға көмек көрсетуге арналған жаңа туған нәрестелердің хирургиялық төсегі жұмыс істейді. Хирургиялық төсектің ашылуы ауыр соматикалық және перинаталдық патологиясы бар нәрестелерге ерте және операцияға дейінгі көмекті жергілікті жерде көрсетуге мүмкіндік берді. Осы кезең ішінде асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары, диафрагмалық жарық, ашық артериялық өзек сияқты патологиялары бар 34 жаңа туған нәрестеге операция жасалды. 2024 жылы алғаш рет ашық артериялық өзегі бар жаңа туған нәрестеге жүрекке операция жасалды.

 


Түркістан облысының №1 тренинг орталығы
Бәйдібек ауданының дәрігерлері тілмей ота жасап емдейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу