Түркістан облысының №1 тренинг орталығы

Oinet.kz 07-08-2026

ОПЦ-1.jpg

№1 Түркістан облыстық перинаталды орталығындағы Ұрықты қорғау орталығының жұмысының нәтижесінде жүктіліктің асқыну деңгейі едәуір төмендеп, жаңа туған нәрестелердің денсаулық көрсеткіштері жақсарды. Бұл туралы аталған медициналық ұйымның басшысы Салтанат Жабағиевва айтып берді.

 «Бір күндік клиника» Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен нәрестелер мен балалар өлімін және балалардың мүгедектігін азайту мақсатында іске асырылып отыр. Мұнда әрбір әйел жүктіліктің сенімді бақылауда және баласының денсаулығы қауіпсіз болатынына сенімді бола алады.

«Бір күндік клиника» жобасы аясында жүкті әйелдердің асқыну қауіптерін анықтауға болады. Мысалға, преэклампсияның даму қаупін 80 пайыз ерте анықтауға мүмкіндік береді. Және де жүкті әйелдерге қосымша зерттеу ретінде PLGF маркерінің анықталуы кіреді, бұл зерттеу жаппай скрининг үшін қолданылмайды. Лабораторлы зерттеулер қанды тасымалдау және сақтау мәселелерін азайтады. Пациенттердің кеңес алуға келу санын, жұмсалған уақытын, көлік шығындарын азайту арқылы мазасыздық пен стресс деңгейін төмендетеді.

– Біз пациенттерімізге болашақ баланың денсаулығына қатысты ең дәл және уақытылы диагноз қоюға тырысамыз. Бір күндік клиника жүкті әйелдерге бір күн ішінде барлық тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Мұнда «осында және қазір» принципі маңызды рөл атқарады. Біз емделушілерге мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында ең заманауи медициналық диагностика мен емдеу әдістерін ұсына аламыз, – дейді Салтанат Өсәтілләқызы.

Бас дәрігердің айтуынша, өткен жылы әйелдер консультациясында 13 мың 416 жүкті әйел бақылаудан өтті, оның ішінде 4500 жүкті әйелге допплерография жасалды. Ұрықты қорғау орталығында 20705 жүкті әйелге, туа біткен даму ақаулары бар 325 балаға және қолайсыз акушерлік-гинекологиялық анамнезі бар 352 әйелге консультациялық көмек көрсетілді.

– Біздің мекемеміз облыс аудандарындағы медицина қызметкерлерін практикалық дағдылар мен операциялық техникаға үйрететін базалық орталық болып табылады. 2025 жылы жетекшілік ететін аудандардың орталық аудандық ауруханаларынан 123 қызметкер оқытылды. Тренинг орталық болғандықтан мұнда оқып біліктілігін арттыру үшін, тәжірибе алмасу үшін жоғарыда аталған 8 аудан ғана емес, жалпы Түркістан облысы бойынша мамандар келіп тұрады. Сосын облыстағы әр ауданға дәрігерлеріміз кураторлық жасайды. Яғни, білікті дәрігерлеріміз өз жауапкершілігіне перинаталды орталықтағы жұмысынан бөлек, өздеріне жүктелген аудандардағы перзентханалардың жағдайын да бақылап, ай сайын барып көмек қолын созады. Медицина күн сайын өркендеп, дамып жатқандықтан тәжірибе алмаспауға болмайды. Шет елдерде оқып, білім-біліктілігін арттырған мамандарымыз келісім бойынша осында келіп, қазіргі жаңа технологиялардың тәсілдерін әріптестерімізге үйретеді.

Былтыр қараша айынан бастап клиникалық фармакология бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықта пациенттердің ауыр және шұғыл жағдайларында медициналық көмек көрсету дағдыларын үйрететін «Симуляциялық орталық» ашылды.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап күн сайын ZOOM ТМК форматында №1 облыстық перинаталдық орталығының куратор-дәрігерлері мен жетекшілік ететін медициналық ұйымдардың босандыру бөлімшелері меңгерушілерінің қатысуымен онлайн-обходтар өткізіледі. Онда пациенттерді тексеру және емдеу үдерістері талқыланып, тиісті ұсынымдар беріледі. Орталықтың жоғары білікті дәрігерлері әртүрлі гинекологиялық аурулары бар әйелдерге медициналық көмек көрсетуде мол тәжірибеге ие. Олар жатыр миомасы, аналық без кисталары кезінде лапаротомиялық және лапароскопиялық операциялар жасайды, бедеулік кезінде жатыр түтіктеріне операциялар жүргізеді, сондай-ақ жатырдың төмен түсуі немесе түсуі кезінде пластикалық операциялар жасайды.

Орталықтың әйелдер консультациясы мамандары күн сайын қауіп тобына жататын жүкті әйелдерге, акушерлік және экстрагениталдық патологиялары бар пациенттерге, сондай-ақ репродуктивтік денсаулық, отбасын жоспарлау және медициналық генетика мәселелері бойынша консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді.

Орталық өз мамандарын оқытуға да ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 20 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу, Екатеринбург қалаларында оқытылды. 2025 жылы медициналық ұйым қаражаты есебінен 128 дәрігер мен 181 орта медицина қызметкері, ал 2026 жылы 39 дәрігер мен 75 орта медицина қызметкері Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарында оқудан өтті. Орталық қызметкерлерінің арасында 1 медицина ғылымдарының кандидаты, 13 медицина магистрі, 8 академиялық бакалавр (мейіргер ісі), 9 қолданбалы бакалавр (мейіргер ісі), денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының 6 мүшесі бар.


№1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы – «Беделді перзентхана»
Қазақстандағы әрбір алтыншы бала дүниеге келетін орталық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу