№1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы – «Беделді перзентхана»

Oinet.kz 24-06-2026

опц-3.jpg

№1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған республикалық байқауда «Қазақстан Республикасының беделді перзентханасы» номинациясын иеленіп, «Үздік перинаталдық орталық» атағын жеңіп алды. Астанада өткен медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекесі қарсаңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған номинацияны орталық басшысы Салтанат Жабағиеваға салтанатты түрде табыстап құттықтады.

– Біз үшін 2026 жылғы 18 маусымда Астана қаласында өткен салтанатты шара ерекше әрі тарихи күн болды. Бұл жоғары марапат – ұжымымыздың көп жылғы қажырлы еңбегінің, кәсібилігінің, ана мен бала денсаулығын қорғау жолындағы адал қызметінің айқын нәтижесі әрі лайықты бағасы деп білеміз. Біз үшін бұл жетістік үлкен мәртебе ғана емес, алдағы уақытта да сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіруге деген жауапкершілікті арттыратын маңызды белес. Осы жоғары жетістікке үлес қосқан барлық қызметкерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз және алдағы уақытта да халық денсаулығы жолында аянбай еңбек ете береміз. Біздің орталық – Түркістан өңіріндегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жетекші медициналық ұйымдардың бірі. Жыл сайын мыңдаған сәбидің өмірге келуіне себепкер болып, күрделі акушериялық жағдайлар мен шала туған нәрестелерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетіп келеміз. Аталған жүлдені Бейбітшілік сарайында арнайы ұйымдастырылған Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекелік іс-шарасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әзназарованың өзінің табыстауын біздің ұжымға берілген жоғары баға деп қабылдадым. «Беделді перзентхана» атану бағаланған еңбек болғанымен бізге қазіргіден де үлкен жауапкершілік жүктейді. Меніңше, ұжым болып сол сенімнің үдесінен шыға аламыз деп ойлаймын, – дейді №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталығының басшысы Салатан Жабағиева.

Орталық 1935 жылдың маусым айында Шымкентте жалғыз акушерлік стационар ашылып, облыстың акушерлік-гинекологиялық қызметінің негізін қалады. 1989 жылы мекемеге облыстық перзентхана мәртебесі берілді. 2000 жылдан бастап перзентхана базасында Түркістан облысындағы ең ірі медициналық ұйымдардың бірі әрі Қазақстан Республикасындағы жетекші мекемелердің қатарындағы №1 облыстық перинаталдық орталығы құрылды.

Орталық перинаталдық көмектің үшінші деңгейіндегі медициналық ұйым болып табылады және қауіп тобына жататын жүкті әйелдер мен босанушыларға, ауыр акушерлік және экстрагениталдық патологиясы бар пациенттерге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге, оның ішінде шала туған балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Түркістан облысының 8 ауданын – Сарыағаш, Шардара, Келес, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Төле би аудандары мен Леңгір қаласын қамтиды. Қызмет көрсетілетін ауыл халқының саны – 915 мың 400 адам, бұл облыс халқының 43 пайызы. Оның ішінде 193 мың 860-ы (42 пайызы) – фертильді жастағы әйелдер.

Орталық 2001 жылы ИБДОР бағдарламасы бойынша «Балаға мейірімді аурухана» мәртебесін алды, ал 2021 жылы бұл мәртебе қайта расталды. 2005 жылдан бастап «Тиімді перинаталдық технологиялар» бағдарламасы бойынша, ал 2009 жылдан бері «АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 2019 жылы №1 облыстық перинаталдық орталығы Түркістан өңіріндегі үздік медициналық ұйым деп танылды. 2022 жылы Қазақстан Республикасындағы үздік босандыру ұйымы атанып, «ALTYN SHIPAGER – 2022» сыйлығымен марапатталды. 2024 жылы аккредиттеуден өтіп, «Жоғары санат» мәртебесіне ие болды.

Облыста алғашқылардың бірі болып осы орталықта медициналық генетика бөлімі ашылған. 2023 жылы ол Ұрықты қорғау орталығы (ҰҚО) болып қайта құрылып, жүкті әйелдер мен балаларға тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу мақсатында генетикалық скрининг жүргізеді. Сонымен қатар, жүкті әйелдерді тексеру және ұрықтың туа біткен патологияларын анықтауға арналған пренаталдық ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі.

2024 жылдан бастап «Бір күндік клиника» қағидаты бойынша қызмет ұйымдастырылып, қауіп-қатерді бағалаудан бастап нақты генетикалық диагноз қоюға дейінгі барлық қызметтер бір күн ішінде көрсетіледі. «Бір күндік клиника» жүкті әйелдер ерте кезеңде диагностикалық тексеруден өтіп, туа біткен ақауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мұнда жүкті әйелдер «бір терезе» қағидаты бойынша пренаталдық диагностиканың барлық түрлерінен өтіп, зерттеулердің жылдам әрі дәл нәтижелерін ала алады. Бір жұмыс күні ішінде қауіпті белгілерді бағалаудан бастап нақты генетикалық диагноз қоюға дейін жұмыс жасайды. Аталған бірегей жоба Ұрықты қорғау орталығында «осында және қазір» принципімен жұмыс істейді. Тәжірибесі мол мамандары болашақ аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, жан-жақты қолдау көмек көрсетеді.


Бала көзінің сырқатына салғырт қарауға болмайды!
Түркістан облысының №1 тренинг орталығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу