Бала көзінің сырқатына салғырт қарауға болмайды!

Қазіргі таңда кішкентай балалар арасында ең жиі кездесетін көз ауруының бірі – миопия бұрынғыдан да жиілеп кетті. Бұл – алыстан нашар көру. Түркістан облыстық балалар ауруханасының офтальмолог дәрігері Заманбек Сәрсенбайұлының айтуынша, бұрын миопия көбіне мектеп жасындағы балаларда анықталса, қазір тіпті мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндерде де жиі кездеседі.
Алыстан нашар көрудің басты себептерінің бірі – технологияның қарқынды дамуы және балалардың күнделікті өмірінде гаджеттердің шамадан тыс қолданылуы. Бүгінде балалар бос уақытының басым бөлігін телефон, планшет, компьютер алдында өткізеді. Ал таза ауада серуендеу, далада белсенді ойнау уақыты айтарлықтай азайған. Мұның барлығы көздің табиғи дамуына кері әсерін тигізеді. Баланың көру жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермеген кезеңде көзге шамадан тыс жүктеме түсуі оның құрылымдық өзгерістеріне алып келеді.
Бала ұзақ уақыт бойы гаджетке телміріп отырғанда, көздің ішкі бұлшықеттері үздіксіз жұмыс істейді. Әсіресе жақын қашықтыққа ұзақ қарау кезінде аккомодациялық бұлшықеттер қатты ширығады. Бұлшықеттер шамадан тыс тырысқан кезде көз алмасының ұзындығы біртіндеп өзгеруі мүмкін. Соның салдарынан алыстан көретін бейне торлы қабыққа дәл түспей, оның алдында қалып қояды. Осылайша миопия пайда болады және уақыт өте келе оның дәрежесі ұлғая береді. Егер бұл процесс ерте кезеңде тоқтатылмаса, минус көрсеткіші жылдан-жылға өсіп, балаға тұрақты түрде көзілдірік тағуға тура келеді.
Гаджеттердің тағы бір зиянды әсері – экраннан бөлінетін көк сәуле. Көк жарық көздің торлы қабығына әсер етеді. Ұзақ уақыт экранға қарау кезінде балалар қалыпты жағдайға қарағанда әлдеқайда аз жыпылықтайды. Норма бойынша адам минутына шамамен 15-20 рет жыпылықтауы керек. Ал телефонға, планшетке телміріп отырған бала екі есеге жуық аз жыпылықтауы мүмкін. Жыпылықтау көздің беткі қабатын ылғалдандырып, қорғаныш қызметін атқарады. Ол азайған кезде көздің құрғауы, ашыту, қызару, бөгде зат тұрғандай сезім пайда болады. Бұл да көру сапасының төмендеуіне және жайсыздыққа алып келеді.
Дәрігердің айтуынша, бала туылғаннан бастап бір жасқа дейін міндетті түрде офтальмологтың бақылауында болуы керек. Себебі көру жүйесінің туа біткен ақаулары, рефракциялық өзгерістер дәл осы кезеңде анықталады. Одан кейін мектепке барар алдында тағы бір рет толық тексеруден өткен жөн. Ал мектеп жасында жылына кемінде бір рет көз дәрігеріне қаралу – міндетті шара болуы тиіс. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектеп жасындағы балалардың шамамен 30 пайызында миопия кездеседі. Ал оқу жүктемесі жоғары гимназия, лицейлерде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Адам сыртқы ақпараттың шамамен 90 пайызын көру мүшесі арқылы қабылдайды. Егер бала нашар көрсе, ол тек денсаулық мәселесі емес, сонымен қатар оның оқу үлгеріміне, зейініне, интеллектуалдық дамуына әсер етеді. Тақтадағы жазуды анық көрмеген бала сабақты толық түсінбеуі мүмкін. Бұл оның өзіне деген сеніміне де кері ықпал етеді. Кейбір балалар өздерінің нашар көретінін айта бермейді, ұялады немесе түсінбейді. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, сабаққа деген ынтасына мұқият болғаны жөн.
Миопияның алдын алу үшін күнделікті өмірде қарапайым ережелерді сақтау аса маңызды. Ең алдымен, бала сабақ оқығанда немесе сурет салғанда, кітап қарағанда әр 30 минут сайын көзін демалдырып тұруы керек. Демалыс дегеніміз міндетті түрде көзді жұмып отыру емес. Терезеден алыстағы ғимаратқа, ағашқа немесе көкжиекке бірнеше минут қарау көз бұлшықеттерін босаңсытады. Бұл қарапайым әдіс аккомодациялық бұлшықеттердің шамадан тыс тырысуының алдын алады.
Қазіргі заманда технологиядан толық бас тарту мүмкін емес. Сондықтан басты мақсат – оны қауіпсіз әрі саналы түрде қолдану мәдениетін қалыптастыру. Ата-аналар баласына өздері үлгі болуы керек. Егер ересектер де бос уақытын телефонмен өткізсе, балаға шектеу қою қиынға соғады. Үйде ортақ ережелер қабылданып, барлығы соны ұстанса, нәтиже әлдеқайда тиімді болады. Мектеп жасындағы бала күніне екі сағаттан артық гаджет қолданбауы тиіс. Оның өзін үздіксіз емес, бөліп-бөліп пайдаланған дұрыс. Мысалы, 30-40 минут қолданғаннан кейін міндетті түрде үзіліс жасау керек. Кішкентай балаларға экран алдында ұзақ отыруға мүлде жол берілмеуі тиіс. Мүмкіндігінше олардың бос уақытын ашық ауада белсенді ойындармен ұйымдастырған жөн.
Көзге арналған жаттығулар да қосалқы профилактикалық шара ретінде пайдалы. Мысалы, көзді жоғары-төмен, оңға-солға баяу қозғалту, жақын және алыс нүктеге кезекпен қарау сияқты қарапайым жаттығулар көз бұлшықеттерін сергітеді. Дегенмен, бұл жаттығулар миопияны толық емдейді деп айтуға болмайды. Олар тек көзге түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі. Негізгі ем – дұрыс таңдалған оптикалық коррекция және дәрігердің тұрақты бақылауы.
Сонымен қатар, баланың оқу орны да дұрыс ұйымдастырылуы керек. Жарық жеткілікті болуы шарт. Кітап пен көздің арақашықтығы шамамен 30-35 сантиметр болуы тиіс. Жатып оқу немесе қараңғыда телефон қарау көзге қосымша зиян келтіреді. Баланың дене қалпы да маңызды: үстел мен орындық биіктігі оның бойына сәйкес келуі қажет.


