Бәйдібек ауданында ана мен бала денсаулығы басты назарда

Oinet.kz 27-06-2026

Screenshot_2.jpg

Қазіргі кездегі медицина саласының маңызды және басымды міндеттерінің қатарына ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақтың келуі, халық санының көбеюі тәрізді мәселелер жатады. Соңғы жылдары елімізде ана мен бала өлімі төмендеп, медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді. Әр кезеңде ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылдануда. Бұл өз нәтижесін беруде. Осыған орай Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы да сапалы медициналық көмек көрсетудің нәтижесінде еліміздің демографиясының өсуіне, дені сау ұрпақтың өрбуіне атсалысып келеді.

Балтыры сыздап, басы ауырған аудан тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетіп, елдің денсаулығын түзетіп отырған аудандағы орталық ауруханада жаңа туылған сәбилер бірден неонаталдық скринингтен өтеді. Бұл шараның тиімділігі сол – нәрестенің мүгедектігіне әкелуі мүмкін аурулардың ауыр түрлерінің дамуына жол бермейді.

– Жыл сайын Қазақстанда 400 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Әрбір сәбиге туғаннан кейін бірден міндетті түрде неонаталдық скрининг жүргізілуі тиіс. Неонаталдық скрининг – бұл жаңа туған нәрестелерде тұқым қуалайтын аурулардың болу-болмауын анықтау үшін, диагностикалау және емдеу үшін тексеру. Сонымен қатар, аталған скрининг – жалпы туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларды анықтаудың тиімді әдістерінің бірі. 2007 жылы Қазақстанда екі ауруды анықтауға неонаталдық скринингтің мемлекеттік бағдарламасы енгізілді. Олар: фенилкетонурия (ФКУ) және туа біткен гипотиреоз (ТБГ). Фенилкетонурия – ағзаға тағамдық ақуызбен енетін амин қышқылы-фенилаланин алмасуының туа біткен генетикалық бұзылуы. Ал гипотиреоз – қалқанша безі қызметінің толық немесе ішінара бұзылуынан болатын сырқат. Ол туғаннан бастап білінеді. Дәрігерлер нәрестеге міндетті неонаталдық скрининг жүргізіп, ФКУ немесе ТБГ-ні ерте анықтап, уақытылы ем тағайындау арқылы оның дамуына қолайлы болжам жасайды. Егер сәби емделмесе, кейін ақыл-ой дамуында ауыр кемістік дамиды. Барлық нәресте неонаталдық скринингтен алғашқы 2-3 тәулікте (дүниеге келгеннен кейінгі 25-72 сағатта) өтеді. Шала туған нәрестелерге 7-14 күнінде скрининг жүргізіледі. Арнайы оқытылған мейірбикелеріміз жаңа туған нәрестенің өкшесінен қанның құрғақ дағын алады. Ауытқу анықталған жағдайда дәрігерлер нәрестенің отбасына жедел хабарлайды және оларды қосымша тексеруге шақырады, – дейді аудандық емдеу мекемесінің бас дәрігері Гүлдария Шардарбекова.

Екінші деңгейлі медициналық қызмет көрсететін мұндағы босану бөліміне кез келген жағдайда түскен ана мен балаға тиісті дәрігерлік көмек көрсетуге бар жағдай жасалған. Қазақстан Республикасында бекітілген, клиникалық протоколдарға сай қажет дәрілік заттар да, аппаратуралар да, құрал-жабдықтар да жеткілікті мөлшерде. Мәселен мерзімінен бұрын туылған нәрестелердің дұрыс тыныс алуына арналған ИВЛ аппараты, балалардың дене температурасын бір қалыпты ұстап тұратын инкубатор және қандағы оттегіні толықтырып отыратын СИПАП қондырғылары бар.

– Бізде үш босану бөлмесі бар. Қазіргі заманауи техникаларға сай. Перинаталдық нәресте дүниеге келгеннен кейін жылу тізбегі үзілмей, өзіне қолайлы жағдайда, қажет болған жағдайда реанимациялық жағдай көрсету үшін ашық ренимациялық жүйе арқылы нәрестеге көмек көрсетіледі. Бұл жерде айналадағы температурадан жоғары сәуле түсіп тұрады. Палатаға шыққан күнде де нәресте анасының үстінде жатып, тиісті температуралық тізбек сақталады. Бізде екі акушер гинеколог, екі дәрігер неанотолог, нәрестелерге қарайтын дәрігерлер бар. Бәрі жоғары білікті мамандар. 3 балалар медбикесі бар. Олар нәрестелерге қарайды. Кесір тілігін қажет ететін әйелдер түскен кезде осы ауруханаға ортақ орталықтанған операциялық орта блогы бар. Сол жерде жасалады. Операция жасауға акушер-гинеколог дәрігерлер, хирургия бөліміндегі хирург дәрігерлер барлығы кесір тілігі операциясын меңгерген. Одан басқа қан-тамыр хирургы бар. Акушерлік қан кету кезінде қан-тамыр хирургы ішкі мықым артериясын байлау арқылы акушерлік қан кетулерді тоқтатады. Екінші деңгейлі перзентханада босанатын аналарды 34 аптадан бастап қабылдай береміз, – деді Босану бөлімінің меңгерушісі Замира Карибаева.

Ана мен бала денсаулығына аса мән беретін Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бүгінде заман талабына сай жаңарған. Мұнда терапия, неврология, хирургия, балалар бөлімі сияқты барлық негізгі бөлімдер жұмыс істейді. Ал, Бәйдібек ауданында орталық ауруханадан бөлек, бір ауылдық аурухана, 12 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшер-акушерлік және 28 медициналық тірек халыққа ұдайы қызмет көрсетіп келеді. Аудан бойынша 116 жоғары білімді дәрігер мен 354 орта буынды медбикелер мен медағалар, фельдшерлер еңбек етіп жүр.

 


Бәйдібек ауданының дәрігерлері тілмей ота жасап емдейді
Түркістан облысының 1,7 миллионнан астам тұрғыны тегін емделеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу