Түркістан облысының дәрігерлері трансплантологияны талқылады

Oinet.kz 23-05-2026

687895396_122216632436370426_971873286351434597_n.jpg

«Келісім презумпциясын» енгізу – трансплантологияны дамытуға бағытталған маңызды қадам. Алайда оның тиімді жүзеге асырылуы медициналық қауымдастықтың кәсіби дайындығына, құқықтық реттеудің айқындығына және қоғаммен жүргізілетін жүйелі түсіндіру жұмыстарына тікелей байланысты. Осы мақсатта Кентау қалалық емханасында медициналық ұйым деңгейінде трансплантологияны дамыту және донорлық жүйені жетілдіру мақсатында кеңейтілген отырыс өткізілді.

Жиынға басшының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, басшының ана мен бала жөніндегі орынбасары, жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар, бейінді мамандар, бөлім меңгерушілері мен аға дәрігерлер қатысты. Күн тәртібінде транспланттаудағы «келісім презумпциясы» ұғымын түсіндіру, оны енгізудің артықшылықтары мен тәуекелдері, сондай-ақ халықпен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Басшының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Б.Бердисугурова өз баяндамасында «келісім презумпциясы» – азамат тірі кезінде ағзаларын алуға қарсы пікір білдірмеген жағдайда, қайтыс болғаннан кейін оларды трансплантация мақсатында пайдалануға рұқсат етілетін құқықтық қағида екенін атап өтті. Бұл тәсіл донорлық ағзалардың тапшылығын азайтуға және ауыр науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүйені енгізудің негізгі мақсаты – донорлық мүшелер базасын кеңейту және медициналық көмектің тиімділігін арттыру екені айтылды.

Басшының ана мен бала жөніндегі орынбасары А.Утегенова медициналық қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, донорлық жүйеге деген сенімді күшейту үшін ашықтық пен айқындық негізгі фактор болып табылады. Қазіргі таңда келісім алу рәсімдерінің күрделілігі салдарынан донорлық мүшелер жетіспеушілігі орын алып, көптеген пациенттер трансплантация кезегінде ұзақ уақыт күтуде. Осыған байланысты, мүшелерді алу процесінде этикалық нормаларды қатаң сақтау және ашық бақылау тетіктерін енгізу қажеттігі атап өтілді.

687792277_122216632634370426_6495453079092243238_n.jpg

Бейінді мамандар бөлімінің меңгерушісі О.Елеусизов келісім презумпциясын енгізу кезінде туындайтын құқықтық және этикалық аспектілерге назар аударды. Ол пациенттердің туыстарымен тиімді коммуникация жүргізу, медициналық ұйым ішінде жауапты тұлғаларды нақты бекіту және процестерді регламенттеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, азаматтардың өз еркін білдіру мүмкіндігі ретінде eGov.kz порталы арқылы трансплантацияға келісім беру немесе одан бас тарту қызметі қолжетімді екені атап өтілді. Порталда пайдаланушылар нақты қай мүшелерді донорлыққа беруге келісетінін дербес таңдай алады.

Дәрігер-хирург Х.Хасанов трансплантологияның дамуы – адам өмірін сақтап қалудың тиімді жолдарының бірі екенін атап өтті. Оның мәліметінше, халықаралық тәжірибеде, соның ішінде Испания мен Аустрия сияқты елдерде келісім презумпциясы жүйесі жоғары нәтижелілік көрсетіп отыр. Бұл тәжірибе трансплантация оталарының санын арттырып, медициналық технологиялардың дамуына ықпал етуде.

Жалпы тәжірибелі аймақ меңгерушісі Б.Берденова келісім презумпциясын енгізу трансплантологияны дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл жүйе донорлық мүшелер тапшылығын азайтып, жүздеген, тіпті мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды: транспланттауда келісім презумпциясын енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту, медициналық қызметкерлерге арналған оқыту семинарларын ұйымдастыру, пациенттер мен олардың туыстарына ақпараттық материалдар әзірлеу. Сонымен қатар, аталған жүйені енгізу қоғамның дайындық деңгейін, жоғары сенім мен ашықтықты, сондай-ақ техникалық тұрғыдан мінсіз ұйымдастырылған процестерді талап ететіні ерекше атап өтілді.

 


Иммундау есебі цифрлық форматқа көшірілді
Байдуәлиев өзекті мәселелерді тұрғындармен талқылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу