Адыраспанның қандай пайдасы бар?
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды
Адыраспан – ежелден белгілі дәрілік өсімдік. Кезінде Ибн Сина оны сегізкөз жүйкесі қабынуы кезіндегі шаншуды басатын дәрі ретінде пайдалануға кеңес берген. Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады. Ал шөбінен жасалған қайнатпа суық тигенде, безгек ауруларына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болады.
Адыраспанды кавказ халқы ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді және жұқпалы ауру-сырқауы бар адам жатқан бөлмені ыстап залалсыздандырады. Емдік қасиеті жағынан адыраспан Орта Азияда ертеден белгілі болған. Бұл жерде оның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдейді, қара немесе қызыл бұрышқа араластырып тері ауруларына қарсы жағады.