Балаларды туберкулезден қалай қорғаса болады?
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.
Туберкулез инфекциясының ең басты жұғатын жолы – ауа тамшылары. Туберкулезбен ауыратын науқастар жеткілікті. Олардың ішінде «ашық» түрімен ауыратын, яғни қоршаған ортаға сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде қоздырғыштар бөлетін науқастар өте қауіпті. Осындай бір науқас жылына орта есеппен 15 адамға ауру жұқтыруы мүмкін.
Туберкулездің алдын алудың алғашқы және өте маңызды қадамы туберкулезге қарсы вакцинация болып табылады. Бұл екпе әрбір жаңа туылған сау балаға перзентханада 1-4 күн ішінде жасалады және аталған кезеңде баланы қорғау өте маңызды.
Әлемнің ғалымдарының жұмыстары БЦЖ вакцинациясының вакцинация жасалмағандармен салыстырғанда туберкулезбен ауырушаңдылық 5-10 есеге азайғанын дәлелдеген. Вакцинация туберкулез менингиті, іртікті пневмония секілді туберкулездің қауіпті, асқынған түрлерінен сақтануға мүмкіндік береді.
Екпе ерте жасалған балалар бірнеше жыл бұрын қорғанысқа ие болады. Иммунитет 6-7 жылдан кейін ғана әлсірейді. Дәл осы жаста балалардың бір бөлігіне туберкулезге қарсы екінші рет вакцинация жасалады. Неге бәріне жасалмайды? Себебі мектеп жасында балаларымызды жартысы туберкулез қоздырғышын кездестіріп үлгеретіндіктен, ауру жұғып, кей жағдайда туберкулезбен ауыруға да ұшырайды. ТМБ (туберкулез микобактериясын) жұқтырған балаларға туберкулезге қарсы екпе жасалмайды.
Туберкулездің алдын алуда толыққанды тамақтанудың, яғни ақуызға, май мен көмірсуларға бай азық-түліктерді тұтынудың маңызы зор. Сонымен қатар спортпен айналысу, таза ауада жүру, шынықтыратын шаралар жасау қажет. Салауатты өмір салтын ұстану, санитарлық-гигиеналық шараларды қатаң сақтау маңызды: тамақ ішер алдын да қолды жуу, жуылмаған көкөністер мен жемістерді, сонымен қатар санитарлық бақылаудан өтпеген сүт өнімдерін тұтынбау.
Сажанова К.Н,
№2 Қалалық емхананың СӨСҚ дәрігері