Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Білмеймін бұл сұм кәрілікті, шақырып тұрғандай ма әлде қайда,
Дене іріп, сүйегің шіріген соң рухыңның болады екен орны қайда?
Иранның атақты дәрігері Әбубәкір Мұхаммад Закария Рази хижра-қамаридің 251-ші жылы шабан айының 1-ші жұлдызында қазіргі кезде Теһранның оңтүстігінде орналасқан Рей қаласында дүниеге келген. Рази дүниеге келген кезде Рей – гүлденген аймақ еді. Бұл қала мұсылмандардың ғылыми орталықтарының бірі болатын. Рази Рей қаласында математика, астрономия, әдебиет және медицина ғылымдары салаларында білім алуын жалғастырды. Ол медицинадан басқа химия, физика және философия салаларында құнды зерттеу жұмыстарын іске асырды. Ибн Усибахтың "Уюн әл-әнбия" кітабында: "Рази Бағдатқа келген кезде 30-дан асқан жігіт еді. Ол кішкентайынан ғылымға құштар болды. Ол медицина ғылымын есейген шағында оқыды, бұл саладағы оның ұстазы – Али ибн Раббан Табари еді,"- деп жазылған.
Рази Бағдаттан Рейге оралған соң осы қаладаға аурухананың басшылығын өз міндетіне алды. Ол бұл ауруханада емдеумен қатар ынта білдіргендерге сабақ берді. "Әл-Хукама" кітабында: "Мұсылман ғалым және аурухананың дәрігері Рази Рей қаласының кейін Бағдат ауруханаларын басқарған,"- деп жазылған. Кейбіреулер Разиді "мұсылмандар Галені" деп атайтын. Рази Ислам өркениетінің дамыған кезіндегі Ибн Синадан кейінгі ең үлкен дәрігер болып саналады. Ол шәкірттері мен ауруханасын жақсы көретін. Закария зағип болып қалғанша қолынан қалам мен кітабын тастамады. Разидің әсіресе, медицина саласындағы еңбектері өз зерттеулерінің жемісі еді. Тарихта Асадуле Дилами Бағдатта аурухана салу туралы шешім қабылдаған кезінде, атақты дәрігер Разиге аурухана салатын ең жақсы жерді табуды бұйырған деген дерек бар. Тәжірибе ғылымының маманы болған Рази көмекшілерінің көмегімен қаланың әртүрлі жерлеріне шикі еттің бөліктерін іліп қояды, 24 сағаттан соң еттерді бір-бірімен салыстырады. Содан соң ет аз бүлінген жерде аурухана құрылысын бастауға рұқсат беріпті
Мұсылман халықтарының дәрігері Ар-Разидің еңбектері
Мұсылмандардың шипагері атанған Ар-Рази соңында қалған ұрпақтарына баға жетпес мол мұра қалдырды. "Әл-Хави" және "Әл-Мансури" кітаптары – медицинаның екі маңызды ескерткіші саналады. Оның біздің заманымызға дейін жеткен кітаптарының ұзын-ырғасы 232 әлде 271-дей болады. Шығармашылығының көп бөлігі осы медицина саласында жазылған. Олардың шамамен 100 томы ем мен дәрі-дәрмекті сипаттауға арналған. Ең басты кітаптары: әл-Хауи, әл-Мансұри, әл-Фахир, әл-Мадхал, әл-Кафи, әл-Мулуки. Ар-Разидың жалпы ғылымдардың ішінде, әсіресе, медицина ғылымы тарихындағы алатын орнының ерекше екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол бұл салада өзіне дейін ешкім ашпаған ғылыми жаңалықтарды ашты. Солардың арасында атап айтар болсақ, қарасан ауруы туралы зерттеу еңбегі. Ар-Рази осы бір аса қатерлі жұқпалы ауру жайын зерттеген алғашқы дәрігер-ғалым болып есептеледі. Құндылығына орай оның бұл еңбегі латын, француз, ағылшын, неміс тілдеріне аударылды. Сонымен бірге ар-Рази жарақаттарды тігу әдісін енгізді. Сондай-ақ, ол бала туу кезінде болатын жарақаттарды, әйелдерге тән ауруларды, көз ауруларын емдеудің жаңаша тәсілдерін және жарақаттарға жағатын жақпа май сияқты дәрі-дәрмектерді ойлап тапты. Осылайша Ар-Разидің жаңа пікірлері медицинаның емдеу саласындағы бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан басты қағидаларға айналды. Сол пікірлердің біразы төмендегідей:
- Медицина ғылымының шегі жоқ, оның ақиқаты қол жетпейтін биік мақсат. Аурудың жағдайына байланысты дәрігердің өзіндік пікірі болмай тек кітаптарда жазылған емдеу жолдарына ғана сүйене отырып емдеуі қауіпті жайт.
- Данышпандардың кітаптарын көбірек оқып, хикметтердің сырларын түсінуге тырысу әрбір мақсаты биік жан үшін аса пайдалы дағды;
- Барлық өсімдіктердің табиғаты мен тіршілігін бақылап, тексеруге адам өмірі жетпейді. Сондықтан да емдік шөптердің өзіңе белгілісін ғана арнайы маусымдарда бақылап, жинауың керек;
- Ауруынан айығып келе жатқан науқас өз денсаулығына зиянды тағам түрін жеуге тым құштар болса, ақылды дәрігер оның тәбетіне тосқауыл жасамай, сол тағам түрін оның ағзасына пайдалырақ қылудың амалын ойлап табу керек;
- Дәрігер науқас жанның ауруынан жазылып кететініне өзі күмәнді болса да оны айығып кететіндігіне сендіруге тырысуы керек. Өйткені дененің саулығы ой-пікірдің саулығымен тікелей байланысты;
– Ауруды емдеу жолын көптеген ұстаздардан тәлім алып, түрлі пікірлер негізінде үйренген дәрігер олардың әрқайсысының қателіктерін қайталуы мүмкін;
- Дәрігерлер қауымы бірауыздан келісіп, ғылым мен тәжірибеге негізделген емдеу тәсілі ғана қолдануға лайық. Ал басқасы, керісінше қолдануға лайықсыз;
- Егер дәрігер ауруды дәрі-дәрмектерді қолданбай, тек науқас тұтынатын тағамдарды түрлендіру арқылы жеңе білуі – нағыз сәтті емдеу жолы;
- Дәрігер алдына келген науқастан оның ауруының ықтималды ішкі және сыртқы себептерін тәптіштеп сұрап-білуі тиіс. Содан кейін барып сол себептердің ең бастысының негізінде ауруға диагноз қояды;
- Eмделу үдерісін асығыс түрде дәр-дәрмектерді қабылдап, дереу тамақтануды азайтумен бастау аурудан айығуға жеткізбейді, керісінше, басқа ауруларға тап болуға себеп болуы ықтимал.
Ар-Разидің соңынан қалдырған құнды мұраларының саны да сапасы да тым жоғары бағаланады. Ендеше сол кітаптардың бастыларының мазмұнына тоқталып өтейік.
1. Әл-Хави («Бәрін қамтушы») – медицина ғылымында жазылған ұлы еңбектердің бірі. Өйткені автор бұл кітабында өзіне дейінгі осы тақырыпта еңбектерде айтылған және өз заманында белгілі болған ауру түрлері мен оларды емдеу жолдарының барлығын қамтып, олардың жай-жапсарын тәптіштеп баяндаған. Ол бұл кітабында әрбір пікірді авторымен қоса атап өтуді ұмытпаған. Бұл еңбек отыз томнан тұрады. Латын тіліне екі рет аударылған.
2. "Әл-Мансури" кітабы – Разидің медицина ғылымындағы тағы бір маңызды мұраларының бірі. Бұл Еуропада басылып шыққан медицина саласындағы бірінші кітап. "Әл-Мансури" – қысқаша жазылған оқулық. Рази оны Рей басшысы саманиттер бекзадасы Абусалеһ Мансур бен Исхакқа арнап жазған. "Әл-Мансури" кітабы екі бөлімнен тұрады, адамның денесіндегі ерекшеліктер, дәрі-дәрмек әсері, денсаулық туралы, сондай-ақ жаралар мен құрт-құмырсқалардың улары, сондай-ақ, аурулардың топтары. Аталмыш кітап сан рет латын тілінде басылып шықты. Жерард Кармониоли осы кітапты басып шығарушылардың бірі, оның аудармасы 1510-ші жылы Италияда жарық көрді. Рази шешек пен қызылша туралы маңызды кітап жазды. "Шешек пен қызылша" деген Разидің кітабі осы ауруларға арналған ең көне маңызды кітап болып саналады. Рази шешек пен қызылшаны ажыратып, оларды екі жеке ауру ретінде таныстырған бірінші дәрігер. Аталмыш кітаб батыстықтарды таңқалдырды және олар оны көне медицинаның ең жақсы кітабы деп атады. Бұл кітап – мұсылмандардың медицина ғылымының дамуындағы маңызды ескерткіш саналады. Разидің бұл екі ауруға жасаған сипаттамалары және оларды емдеу әдістері осы кездегі зерттеулерге ұқсас. Медицина тарихының зерттеушілері, атап айтқанда Нуибургер "Медицина тарихы" кітабінда Разидің исламдық мәдениетке медицина саласындағы көптеген еңбек сіңіргеніне тоқталды. Ол: "Қай тұрғыдан қарасақ та, бұл кітап мұсылмандардың медицина саласындағы кітаптардың ең маңыздысы деп жазған. Разидің басқа еңбектеріне қарағанда "Шешек пен Қызылша" еңбегі дәрігерлер мен ғалымдардың көңілін көбірек аударды. Бұл кітабтің латың тіліндегі аудармасы 1498 – 1866 жылдар арасында шамамен 40 рет басылып шықты. Рази қуық пен бүйректегі тастар туралы зерттеулер жүргізді. Бұл зерттеулер кітап болып жинақталып, араб тілінен әртүрлі тілдерге, соның ішінде француз тіліне аударылды. Аталмыш кітап 1896 жылы Лондонда басылып шықты. Разидің келесі маңызды еңбегі – "Ман Лаяхзуруху әл-Табиб" деп аталады. Кедейлер емі деп танымал болған бұл кітапта дәрігерге қолы жетпейтін аурулар үшін ем жолдарын ұсынады.
Бұдан басқа Ар-Разидің әл-Бурһан уа тиббун-нуфус және Һәй’ә әл-Аләм атты еңбектері де бар. Соңғысы аспан денелері туралы. Онда ар-Рази жердің пішіні шар секілді дөңгелек әрі оның орны ғаламның ортасында екендігі туралы және күннің жерден үлкен, ал айдың жерден кіші екендігі туралы құнды пікірлерін айтып өткен.
Сонымен бірге, ұлы дәрігердің буын, артрит және кейбір жүйке аурулары жайында жазған арнайы еңбегі де бар. Жалпы айтқанда, ар-Разидің медицина, химия, жаратылыстану, логика және тағы басқа да салаларда жазған еңбектері көп болған. Олардың арасында біздің дәуірімізге дейін аман-есен жеткені де, аты ескерілгенмен заты жоғалып кеткендері де бар.
Дүниеге жалыққанша қарадым
Атақты ғалым әрі дәрігер Әбу Бәкір ар-Рази дәрігерлік дарынының арқасында болса керек, ғұмырының соңғы уақыттарына дейін еш ауырмай-сырқамай, аман-есен өмір сүрді. Алайда, қайтыс боларынан аз уақыт бұрын кенеттен көзіне дәрілік су түсіп кетіп, қос жанарынан айырылады. Сөйте тұра, өзі шебер дәрігер болса да көзін емдеп жазудан бас тартады. Жанындағы жанашыр жұрты одан бұл ісінің сұрағанда: «Осы жасыма дейін дүниеге жалыққанша қарадым ғой, сол қарағаным жетер», – деп уәж айтады. Сөйтіп, осылайша зағип халінде дүниеден өтеді.
Ол һижри үш жүз жиырмасыншы жылы қайтыс болды. Оның атағы өз заманында да, кейінгі ғасырларда да әлемге әйгілі болды. Кейіннен ұлы дәрігердің медицина саласындағы құнды еңбегі әл-Хауиді шығаруға Ибн әл-Амид атты ғұлама ат салысты. Расында да Әбу Бәкір ар-Рази күллі мұсылманға ортақ үлкен мақтаныш, және барлық адамзатқа ортақ данышпандардың бірі. Оның жасампаз ғалымдығын шығыс та, батыс та мойындады. Европаның кейбір елдерінде оған арнап ескерткіш те тұрғызылды. Ал артында қалдырған мол ғылыми мұрасы қазіргі кезге дейін құндылығын жоймай келе жатқан бүкіл адамзаттың ғылымы мен мәдениетіне қосылған үлкен игілік.
Аружан АБДУЛЛАҚЫЗЫ