Дерт дендемесін десеңіз...

Oinet.kz 04-06-2020 980

Әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны жөн. Жасы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адамдар жылына бір рет қуық асты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жылда бір рет жатыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-аналар екі жылда бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы керек. Ауруды ерте анықтап, сапалы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді. Ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте, І-ІІ сатысында анықталса, 80 пайыз айығып кетуге мүмкіндік бар. 

bafadf9bdd2c7c43f69fb6764391c586 (1).jpg

Мамандардың айтуынша, өкпе ісігінің 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпты зат – бензопирен бар. Күніне 20-30 талын шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Содан ісік туындайды. Бензопирен қуық қатерлі ісігін де тудырады екен.

Ал енді өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген майды бірнеше рет қолданудан басталатын көрінеді.

Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Сондықтан әйелдер мүмкін болса сүт бездерін айы­на бір рет тексеруден өткізгені жөн.

Қатерлі ісіктің тағы бір түрі бар, ол адам бойына туа салысымен бітеді. Мұндай жағдай көбіне жүктілік кезінде тыйым салынған дәрі-дәрмекті қолданудан болады.Сонымен қатар күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелер нәтижесінде терінің қатерлі ісігі пайда болады. Сондықтан 17 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді күн сәулесіне күйдірмеген абзал. Әсіресе, күндізгі сағат 11 мен кешкі сағат 5-6 аралығында ультракүлгін сәулелер көп бөлінеді. Бұл уақыт аралығы тіптен қауіпті. Жас ұлғая келе оның зардабынан теріде қатерлі ісік пайда болуы әбден ықтимал.

Қатерлі ісіктің ал­дын қалай ала­мыз?

• Үнемі бір түрдегі азықтарды пай­да­лан­бау;

• Тамақтану кезінде тамақтың дәмділігі мен қоректілігіне мән бе­ру;

• Аса тоя тамақ же­меу;

• Ас қорыту жүйесінде жарақаты бар адамдарға сыра ішпеу. Өйткені сыраның құрамында көп мөлшердегі көмірқышқыл газы болатындықтан, асқазандағы көмірқышқылының мөлшерін одан әрі арттырып, жарақаттың тесілу қаупін туғызады.

• Темекіні шек­тен тыс, тіпті мүлдем тартпау;

• Тұзды тағамдарды аз тұтынып, қуырылған тамақтарды жемеу;

• Шектен тыс шаршамау;

• Көңіл күйді көтеріңкі ұстау;

• Балғын жемістер мен көкөністерді көп жеңіз;

• Еңбек ету мен де­ма­лу тәртібін сақтаңыз;

• Дене шынықтыру белсенділігін арттырыңыз.

Ісікке қарсы тұра ала­тын А, С және Е дәрумендерін, се­ле­на, фо­лий қышқылын, ет мөлшерін қысқартып, балық және құстың етін, балластық заттарға бай азық-түліктерді көбірек пай­да­ла­ну — әрбір адамның саулығының кепілі.

Е.Байдеков,  №4  ШҚЕ   дәрігер онкологы


Балалар жарақаттанса...
Құтырудың қаупі қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу