Навальныйдың бауыры мен серіктесі ұсталды
28-01-2021
Әйел баласы тоғыз ай құрсағында көтерген сәбиін дүниеге әкелер уақытта жанында дәрігерлерден бөлек, туысының немесе жақындарының болғанын қалайды. Біздің қоғамда енді ғана орнығып келе жатқан «серіктестік босану» ұғымын бірі қолдаса, енді бірі жат дүние деп есептейді. Тіпті, дәрігерлердің өзі босану кезінде жанында серіктестің болғаны дұрыс деп есептейді. «Серіктестік босану» алғаш рет пайда болғанда, босанатын келіншектің жанына анасы, әпкесі немесе жақын құрбысы кіретін. Әйелдің босанғалы жатқанын естіген жұрт көп болған сайын оның толғағы ауыр болады деп сенеді қазақ халқы. Сондықтан әйелдің толғақ қысып, босанғалы жатқанын көпшілікке естіртпеген. Жанында тек енесі, жеңгесі секілді жақын туыстары қалған. Ұлтымызда қырық жанды әйел затының босану процесін «тамашалауға» әлі тұрмыс құрмаған қыздарға «тыйым салған». Сондай-ақ бұл көріністі күйеуіне де көрсетпеуге тырысқан. Ал қазіргі заманда серіктестікке әпке, жеңгесі былай тұрсын ері қатысатындарды да кездестіріп жүрміз. Бұл қаншалықты дұрыс?
Ермек ЗАМАНҒАЛИ, әке:
Серіктестік босану бүгінгінің қажеттілігі
Жарымыз екеуміздің бір ұлымыз бар. Есімі Мирас. Әйелім, ұлымды дүниеге әкелер кезде, бойында аздап қорқыныш пен қобалжудың бар екенін айтты. «Осындай сәтте жанымнан табылсаң болар еді», - деп мені көндіруге тырысты. Әрине, басында мен үшін жат дүние секілді көрінді. Сөздің шыны керек ұялдым. Көп ойланып, толғандым. Алайда, жарымның толғағы келіп, қиналған сәтін көргесін, жанынан табылғаным жөн деп шештім. Ұлымыз қазір екі жаста. Қазір екінші сәбиді күтіп жүрміз. Екінші бала дүниеге келерде тағы да әйеліме серіктес болып, қолдау білдіру ойымда бар. Босанғалы жатқан әйеліңе рухани, моральдық тұрғыда қолдау білдіріп, жанынан табылу жарыңның саған деген сенімділігін арттыра түседі. Оның үстіне балаңның дүние есігін ашқан сәтін көру бойыңа ерекше қуаныш сыйлайды. Себебі, сәбидің өмірге келуі отбасы үшін маңызды дүние. Сол сәби арқылы ерлі-зайыптылардың ара қатынасы нығайып, бір-біріне деген сенімділік, ердің бойында жауапкершілік арта түседі. Әрине, бақытты отбасы болудың бірден бір кепілі дені сау бала. Оны бағып қағып өсіру, жетілдіруді ата-ананың басты міндеті.
Шынар РЕТБАЕВА, ана:
Менің тәрбиеме жат нәрсе
Босанар сәтімде жақын құрбым серіктес болып кірді. Құрбымның сондай маңызды сәтте жанымнан табылғанына шыны керек қатты қуандым. Себебі, босану кезінде жаныңда жақын туысың, досың немесе анаң болса бойыңда сенімділік болады. Қорғайтын, көмектесетін адамның бар екеніне сенесің және қорқынышыңды жеңуге көмектеседі. Бүгінде бір қызым бар. Есімі Ажар. Жасы үште. Тұңғыш сәбиім болғандықтан бойымда қорқыныш аз болған жоқ. Баланы дүниеге әкелу біз ойлағаннан да қиын нәрсе екен. Сол сәтте анамның қадірін түсіндім. Ер адамның босану кезіндегі серіктестігі туралы әлеуметтік желілерде көп айтылып жүр. Тіпті, дәрігерлердің де өз аузынан естіп жүрміз. Алайда, бұл нәрсені өз басым құптамаймын. Бір жағы ыңғайсыз. Негізінде әйел адамның серіктес болғаны дұрысырақ. Бұрындары, ата-бабамыз, әйелінің ай күні жақындағанда, атқа мініп, лажы болса үйден алысырақ кетіп, тілеуін тілеп, жақсы хабар тосқан. Сондықтан, босанғалы жатқан әйелдің жанына ерінің кіруі менің тәрбиеме жат нәрсе.
Лейла ҮКІБАЕВА, Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығының бас дәрігері:
Серіктес те босану процесіне дайын болуы керек
Босану кезінде серіктестің болғанын қолдаймын. Себебі, әйел жаны нәзік жаратылыс. Сондықтан босану процесін бастан өткергенде аздап қорқыныш, сенімсіздік пайда болады. Сондай тұста, оған қолдау білдіріп, қорқынышын жеңуге көмектесетін жақынының болғаны құптарлық іс. Иә, соңғы уақытта ер адамдардың өз жарына босану кезінде серіктес болып жүргендігі жөнінде әңгімелер көп. Ал, біз көзбен көріп те жүрміз. Дәрігерлер тарапынан серіктестік босануға рұқсат етілген. Серіктеспен босану – шетелде бұрыннан бар тәжірибе. Ал Қазақстанға 2010 жылдан бастап ене бастады. Қазіргі таңда, бұл дәстүр отандық медицинада кең таралуда. Себебі, бұл ерлі-зайыптының қиналған сәтте бір-бірін демеп, қолдау көрсетуі. Баланың дүниеге келу жауапкершілігін әкесі мен анасы да сезінуі тиіс. Сондай-ақ, дүние есігін ашқан сәбиге қатысты екеуінің де құқығы тең болуы тиіс. Бір жағынан серіктестік босанудан кейін бала алдында ата-ананың жауапкершілік сезімі арта түседі.
Жалпы, серіктестік босанудың басты мақсаты – рухани қолдау, денеге түсетін ауыртпашылаққа демеу болу, босанатын адамға қолайлы, жайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, босану кезінде серіктес болатын адам, босану процесін алдын ала біліп, дайындалып келуі керек. Әйелдің белін, ішін сипап, толғақты жансыздандыратын массаждар жасап, әйелдің дұрыс тыныс алуына, жүріп-тұруына, су-тамақ ішуіне көмектеседі.
Процеске қатысатын адам босанудың өте жауапты міндет екендігін білуі тиіс. Босану серіктерінде ауа тамшысы арқылы жұғатын жедел респираторлы аурудың клиникалық көріністері және дене температурасы қалыпты болу керек.
Сауалнаманы жүргізген: Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ