Жанұяны жоспарлау сапалы өмірдің бастауы
Жанұяны жоспарлау – бұл қажетінше бала тууды жоспарлауға бағытталған, өмірге ұрпақ әкелу уақытын және бала туу ара қашықтығын реттеп отыратын, ерлі-зайыптының саналы түрде жасайтын әрекеті.
Жанұяны жоспарлау – жұптардың қабілетін ескере отырып болжап және қажет еткен бала санына жетуін қарастырады. Аталмыш жоспарлау қажетсіз жүктілікті болдырмауға, көптен аңсаған және дені сау балалардың тууына, әр жүктілік арасын реттеп отыруға, әйелдер денсаулығын сақтауға, ата-аналардың жасына қарай баланың туу уақытын таңдауын бақылауға және отбасындағы балалар санын нақтылуға, өмірлік жоспарын жүзеге асыруға, тұрмыс сапасын жақсартуға көмектеседі. Өзінің денсаулығын бағып, көптен күткен және дені сау бала тусын десе, әрбір адам мұны білуге тиіс.
Балаларды туу үшін қолайлы жас – 20 мен 30 жас аралығы.Туу аралығының ұзақтығы кем дегенде 2- 2,5 жас болуы керек. Бұл әйелдің келесі туғанына дейін күш жинауына мүмкіншілік береді, өзінің және келекшектегі туатын балаларының денсаулығын сақтайды. Сақтандыру әдісін таңдау оңай шаруа емес, оны дәрігермен біріге кеңесе отырып шешкен дұрыс. Түсіктің қандай түрі болмасын – бұл үлкен қауіп, келешекте әйел бала туа алмауы мүмкін.
Соңғы он жыл көлемінде денсаулықты сақтау, әсіресе, әйел адамның бала туу қызметін сақтау мәселелері әр түрлі мамандықтағы дәрігерлердің жалпы ортақ жұмысына айналды. Денсаулықтың жалпы негізгі параметрлеріне: дұрыс тамақтану, спорт және дене шынықтырумен айналысу, ағзаға зиянды әсер ететін әдеттерден аулақ болу, көңіл-күйді жоғары ұстау, әр түрлі жұқпалы аурулардан сақтана білу, тұқым қуалайтын ауруларды болдырмау, қолайлы экологиялық ортада өмір сүру жатады. Осының бәрі салауатты өмір сүрудің негізгі шарттары болып табылады.
Әйелдің денсаулығы мен бала туу қызметі арасында тығыз байланыс бар. Соңғы кездері жүктілік пен босану процесі 25 жас шамасына дейінгі әйелдерді онкологиялық (қатерлі ісіктер) аурулардан сақтайды, қорғайды деген ұғымдағы ғылыми жұмыстар пайда болды. 19 жасқа дейінгі жыныстық қатынаста (ерте) болу жатыр мойнының обырын көбейтуде. 20-24 жас аралығындағы жыныстық қатынас әйелдердің жасанды түсік жасатуын (медициналық аборт), сүт безінің обырын 2 есеге дейін көбейтуде. Әйелдің бала туу қызметін реттеу, ретсіз жүктілікті болдырмау жанұяны жоспарлау мәселесінің негізі. Бұл мәселе өте ертеден келе жатқан, ежелгі тарихы бар дүние. Жанұяны жоспарлау бала санын шектеу емес, ол ана мен бала денсаулығын қорғау, өмірге дені сау, үмітті, көптен күткен ұрпақ әкелу деген түсінікті білдіреді. Сондықтан осы ұғымды дұрыс түсініп, қарапайым халық арасында дұрыс насихаттай білу қажет.
Жанұяны жоспарлаудың негізгі мақсаттары:
1. Бедеулі некені емдеу.
2. 19 жасқа дейінгі және 35 жастан кейінгі жүктілік пен босанудың алдын алу.
3. Босану арасындағы аралық кем дегенде 3 жылдан аспауы керек.
4. Экстрагенитальді ¬ жыныс мүшесінен тыс аурулары бар жоғарғы қауіпті топ әйелдерінде жасанды түсікті болдырмау, оның алдын алу.
5. Бірінші жүктілігін жасанды жолмен (медициналық аборт) алдырмау, онын алдын алу.
Сонымен, жанұяны жоспарлау – дүниеге тек қана үмітті баланың туылуын, сонымен қатар әйелдің бала туу қызметін бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Адамзаттың дамуы ¬ денсаулықты сақтау және қорғау, жанұяны жоспарлау, экономикалық прогресті дамыту деген ұғымды білдіреді.
Жанұяны жоспарлап, ретсіз, үміттенбеген жүктілікті болдырмау үшін әрбір әйел жүктіліктен қалай қорғанудың, яғни, жүктіліктен сақтанудың жолдарын білгені абзал.
С.СЕРІКБАЕВА,
Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы