Алкоголь ұлттымызға қауіп төндіріп тұр

Oinet.kz 25-05-2020 864

Мамандардың пайымдауынша, шөл басу үшін күнделікті бір шөлмек сыра ішу – маскүнемдіктің алғашқы белгісі. Өйткені екі-үш рет сыра ішкен соң адам ағзасы оған тез үйреніп, оны қажет ете бастайды. Яғни адамда психологиялық тәуелділік синдромы пайда болады. Соның нәтижесінде адам «шөл басу үшін ішіп отырмын» деп, психологиялық тұрғыдан соған өз-өзін сендіреді. Ал, шындығында, алкогольдік ішімдікке деген тәуелділік пайда бола бастайды. Одан әрі адам физикалық тәуелділікке бой алдырады. Адам ағзасы енді сыраны қанағат тұтпай, араққа көшеді. Ал одан әрі оның ертең-ақ маскүнемге айналмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Яғни, алкогольдік ішімдік ішіп бастау мен маскүнемдіктің арасы бір-ақ қадам.

Жалпы, ішімдікке әуестену психологиялық тәуелділіктен басталады. Мысалы, жасөспірім ішімдік ішу арқылы өзін ересек сезінгісі келеді. Ал кейбір азаматтар жасықтығын ішімдік ішу арқылы жасыруға талпынады. Басқалары тұрмыс жағдайындағы келеңсіздікті ұмыту үшін ішімдік ішеді. Мұның бәрі – психологиялық тәуелділік. Алкогольдің көмегімен мәселені шешкісі келеді. Бірақ ішімдік ішкеннен жасөспірім есейіп кетпейді, батыр болмайды, шиеленіскен жағдай шешілмейді. Тек осындай жағдайлардың соңы маскүнемдікке ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан отбасында, мектеп қабырғасында балаларды психологиялық тұрғыдан ұстамды болуға үйрету қажет. Балаға ішпейтін адамның жеткен жетістігін айтып, сондай болуға талпынуды насихаттап, маскүнемдіктен жиренуге баулу керек. Маскүнемдіктің зияны жайлы әлеуметтік жарнамалар да көп болуы тиіс. Маскүнемдік – жеке азамат үшін ғана емес, ұлт үшін де үлкен қауіп. Өйткені маскүнемдік салдарынан шыққан тегін, салт-дәстүрін, тілін, дінін жоғалтып, ұлт ретінде жойылып бара жатыр. Сондықтан маскүнемдікке бір отбасының мәселесі деп қарауға болмайды. Ол – қоғамның қасіреті. Оған ұлт қауіпсіздігі тұрғысынан қарау керек.

Бізде күнде арақ ішіп, мас болып құлап жататын адамдарды ғана маскүнем деп ойлайтын түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде олай емес. Кез келген алкогольдік ішімдік ішетін адам – потенциалды маскүнем. Яғни кез келген ішімдік ішетін адам психологиялық күйзелістің әсерінен маскүнемдікке бой алдыруы мүмкін. Кей жағдайда «мен мықтымын» дейтін азаматтардың да маскүнемдікке бой алдырғанын өз тәжірибемде көріп жүрмін. Басқа біреулер «мен шамамды біліп ішемін» деп жатады. Ол – қате пікір. Алкогольдік ішімдіктің мөлшері де, шамасы да жоқ. «Шамамды білемін» деген адам өзінің маскүнемдікке бой алдыра бастағанын сезіп, онымен іштей күреседі. Шамасы келген адам ішімдік ішпейді. Ішімдік ішті ме, демек, шамасы келмейді, яғни ішімдіктен өз еркімен бас тарта алмайды. Сондықтан адам алкогольге деген тәуелділіктің алғашқы белгілерін сезінген сәтте арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені дұрыс. Маскүнемдік те аурудың бір түрі. Ал ауруды тек дәрігердің және психологтардың көмегімен ғана емдеп жазуға болады.

Жалпы, ішімдіктің қоғамға келтірер зияны орасан зор. Сала мамандарының айтуларына қарағанда, ішімдік салдарынан отбасылық жанжал кезінде қайғылы оқиғалар жиі орын алатын көрінеді. Ірі жол-көлік апаттарының орын алуында да ішімдіктің үлесі мол. Тұрғын үй секторындағы өрттің де бір себебі ішімдік ішумен байланысты. Ең бастысы, ішімдік тектіліктің тамырына балта шабады. Халықтың генофондын деградацияға ұшыратады. Өйткені ішімдікке әуес адамның балаларында да ішімдікке деген әуестік болады. Яғни, бүгінгі маскүнемнің үш баласы болса, ертең-ақ маскүнемдер саны үш есеге артуы ықтимал.

Ж.ДЖУМАЛИЕВА,

Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы

Өзі келіп көрінетін пациенттер көп
Балалар жарақаты және оның алдын алу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу