Тері күтімі – тән саулығының негізі

Oinet.kz 25-05-2020 1376

Ел ішінде «сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөз бар. Бүгінде сол ұстаныммен күн кешетіндердің қатары артқан. Мәңгілік жас болудың құпиясын іздеп, қолдағы барын беруге дайын. Технология дамыған заман, көмекке келер процедуралардың санында шек жоқ. Дегенмен, оның «құрбандық талап етпейтіні» шамалы. Сұлулықтың басты күтімі дене  тазалығы, ол алдымен тері күтімі. Терінің дұрыс күтімі ағзаның қалыпты қызмет атқаруына әсер етеді. Тері алуан түрлі физиологиялық-биологиялық функцияны орындайды. Терінің құрылысы өте күрделі. Терінің қандай да бір типі асқан мұқияттылықты талап етеді. Дұрыс жасалған тері күтімі сіздің сұлулығыңыздың да кепілі бола алады. Жас ерекшелігіне қарамастан теріге пайдалы күтім жолдарын білген абзал, сонда ғана сіз оны  ұзақ жылдар бойы сау, әдемі қалпында сақтай аласыз.

40a2f2c554cfacb68811101e6a1f8becasdasdasd5a2e602de96a70.68700431-650x433-40a2f2c554cfacb68811101e6a1f8bec.jpg

Жұмыс жасап, күнделікті тұрмыста шаруамен айналысқан шақта адам терісін кір шалады. Адам терлесе кір теріге жабысып, терінің тыныс алуын қиындатады. Осыдан теріде өтетін физиологиялық-биохимиялық үрдістердің қызметі бұзылады. Бітелген май бездеріне жұқпалы ауру тарататын микробтардың енуі фолликулитті туындатады. Микробтар әсерінен терінің бетіндегі органикалық заттар ыдырап, жағымсыз иісті май қышқылы бөлінеді. Мұндай жағдайда  дерматит дерті және басқа да ірінді тері аурулары пайда болады.

Қол кірлегенде оның терісінде неше түрлі жұқпалы ауру тарататын микробтар кебейеді. Ішек-қарын инфекциясы күрт инвазиясы, гепатит вирустары жиналады. Қолдағы барлық бактериялардың 90 пайызы тырнақ астында жиналады. Оларды тек арнаулы щеткамен ғана тазартуға болады.

– Бүгінгі таңда тері аурулары көп. Оған бірден бір себеп экололгия мен адамдардың дұрыс тамақтанбауы. Ішкі ағзасы сау адамның терісінде проблемалар болмайды. Терінің жағдайын қалыпқа келтіруде ең бірінші адам ағзасының саулығы қадағаланады. Содан соң ғана өзге емдік шараларға кірісуге болады. Ол үшін алдымен терінің типін анықтап, қажетті процедураларды бекіткен дұрыс. Теріге қатысты емдік шараларды өз бетінше таңдау қате, міндетті түрде білікті маманның көмегіне жүгінуді ұсынамын, – дейді Түркістан облыстық тері-вернерологиялық диспансерінің дәрігері Айдана Әнуар.

Құрғақ тері

Тері күтімінде назар аударатын дүниелердің бірі терінің типі. Оның құрғақ, майлы немесе ылғалды болып бөлінетінін ескерсек, соған сай күтім жасау қажет. Қабыршақтанып, құрғап тұратын тері дұрыс тамақтанбау, зат алмасу, қан айналымның бұзылуы және оттектің қанға жеткілікті тасымалданбауы нәтижесінде болады. Құрғақ, босаң тері теріде қажетті ылғалдың жоқтығын көрсетеді. Қарапайым ғана суды көп ішпеудің өзі осының бірден бір себебі бола алады. Әр жуынған сайын тері одан сайын құрғап, әжімденіп кетеді. Ол жылтырамайды, жиі әрі тез жарылады. Күн, жел, ыстық ауаның әсері құрғақ теріні айналып өткен емес. Сонымен қатар спирт, опа, ағартқыш сықпамайларды қолданылатын  косметикалық процедураларға көп әуес болмаған жөн.  Құрғақ теріге жасалатын күтімнің ең басты алғышарты тұтас денсаулықты нығайтуда болып саналады. Тері құрғауына егер дәрумендердің жетіспеушілігі себеп болса А және С дәрумендеріне бай азық-түліктерді тамақ рационына көбірек қосу керек. А дәруменін таза күйінде 2-3 апта бойы күніне 3 рет 5 тамшыдан қабылдау да оң нәтижесін береді. Егер құрғақ тері жас ұлғайған кезде пайда болса, онда косметикалық препараттардан бөлек, теріде ғана емес бүкіл организмдегі су жетіспеушілігінің орнын толтыру керек. Яғни, күн сайын 5-6 стақан су ішіп, ылғалдандырғыш кремдер жағады. Мұндай типтегі теріні жұмсартылған немесе бөлме температурасындағы сумен жуады. Тым суық су қан тамырларын жіңішкертеді де тері босаң тартып әжімденіп кетеді. Ал ыстық су да қан тамырларды кеңейтіп терідегі тесіктердің ұлғайып кетуіне әкеп соқтырады.

Құрғақ теріге таңқурай пісетін маусымды оңтайлы пайдаланып қалу керек. 1 ас қасық таңқурайды езіп 1 стақан салқын сумен араластырамыз, оны сүзіп алған соң жарты шай қасық глицеринді қосыңыз. Мұндай лосьон тазартып қана қоймай теріні қоректендіреді.  Сондай-ақ, раушан, ақ гүл, түймедақтың қосындысынан 2 ас қасық алып 200 мл қайнаған суға саламыз. Бір сағатқа тұндырып қоямыз. Лосьон теріні жаңартып, жұмсарту үшін пайдалы. Ылғалдандыру үшін таңертенгілік жуынып болған соң құрғақ теріге арналған крем жағып, артығын майлықпен құрғатып алып тастаңыз.  Егер теріде секпіл, пигментті дақтар, қан тамырлар ұлғайған болса қорғаныш кремдерін пайдалану керек. Содан соң барып опа жағылады.  

Сезімтал тері күтімі

Сезімтал тері ерекше күтімді қажет етеді. Сезімтал теріні дұрыс жуу, тазарту және қоректендіру керек. Кез-келген типті тері түрлі аурулардың себебінен сезімтал бола түсуі мүмкін. Ол асқазан ішек-жолы, зат алмасу, аллергия, жүйке жүйесі, жұқпалы және тері аурулары болуы мүмкін. Терінің сезімталдығынан арылу үшін алдымен денсаулық мәселелерін реттеу керек. Кейде тері кенеттен сезімтал болып, өз-өзімен қайтадан қалпына келеді – ол күйзеліс себебінен болады. Дұрыс емес тері күтімі де терінің сезімтал болуына себеп бола алады. Әрине, адамның табиғатынан да терісі өте жұқа әрі әлсіз болуы мүмкін, сондықтан ол уақыт өте одар әрі құрғақтанып, сезімтал болып кетеді. Сезімтал тері сыртқы факторларға қатты әсер береді: жел, аяз, шаң, күннің көзі, кей азық-түлік, кран суы және т.б. Бірақ сезімталдық пен аллергияны шатастыруға болмайды. Егер тері қандай да бір косметикадан соң бірден қызарып, қышыса, ол – сезімталдық. 

Сезімтал теріні міндетті түрде ылғалдандыру қажет. Сезімтал теріге арналған ылғалдандырушы маскалар оңай жуылуы керек. Теріде қабыршақ түзетін, бетте қатып қалатын маскалар сезімтал теріні тітіркендіреді. Күннің астында ұзақ жүрген кезде сезімтал теріні міндетті түрде тыныштандырып, ылғалдандырыңыз. Оған шабдалы жақсы көмектеседі. Ол үшін оның қабығын ашып, езіп, бетке жағып қойсаңыз болғаны. 15 минут өткен соң жылы сумен шайып тастаңыз. 

Ұйықтар алдында сезімтал теріге құрамында А және Е дәрумендері бар крем жағу керек. Сонымен қатар, кешкісін теріні қоректендіретін маскалар жасаған жөн. Бананды езіп, 1 шай қасық кез келген өсімдік майымен араластырған соң қоспаны бетте 20 минут ұстап, жылы сумен жуып тастаңыз. Сол сияқты сезімтал теріні қышқыл сүт жақсы қоректендіреді. Ол үшін жылы айранды бетке бірнеше қабат етіп жағады. Әр қабатты оның алдыңғысы кепкен соң жағады. Содан соң 20 минут өткен соң жылы сумен жуып тастайды. 50 г ашытқыны 1 ас қасық өсімдік майымен араластырып, бетке және мойынға жағуға болады. 20 минуттан соң жылы сумен жуасыз. Суға піскен картопты езіп, жұмыртқаның сарысымен және аздап сүтпен араластырып, оны бет терісіне қалың етіп жағады. 20-25 минут өткен соң жылы қайнаған сумен жуып тастаңыз. Сезімтал теріге күтім жасауда үйдегі ылғалдылық режимін сақтау керек. Ол үшін ылғалдандырғыш құрал алыңыз, бөлме өсімдіктерін ұстаңыз, сәндік сарқырама алыңыз немесе жиі ауаға су шашып тұрыңыз.

Проблемалық тері

Майлы тері түрінде майлы жалтыр, үлкейген тесіктер, жеткіліксіз қан айналым түрінде көрінеді. Мұндай тері безеулік бөртпенің және майлы себореяның пайда болуына бейім, оған жыныстық даму аралығындағы жас адамдар бейім болады. Бірақ майлы тип даусыз құндылыққа ие. Майлы тері иелеріне мерзімінен ерте әжімдердің пайда болуы қаупі төнбейді. Егер тері құрғақ сезімтал, қалыпты және майлы аумаққа бөлетін болса, онда ол біріктірілген деп аталады. Мұндай тип еркектерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Ережеге сәйкес, беттің орталық немесе Т аумағында (маңдайда, мұрында және иекте) тері майының артық мөлшері болады. Бетте, көздердің айналасында және мойында тері әдетте қалыпты немесе құрғақ. Мұндай типке ерекше күтім мен әрбір аумақтың ерекшеліктерінің есебімен арнайы ем қажет етеді.

Терілік проблемалардың туындауына ас қорыту және эндокринді жүйе органдарының дұрыс жұмыс жасамауы, бет пен дененің жеткіліксіз гигиена тазалығы, стресстер, толыққанды демалыстың болмауы, зиянды әдеттерге бейімділік сынды жәйттер әсер етеді. Кейбір тері аурулары тұқым қуалайды. Күрделі мәселелер болған кезде проблемалық тері күтім жасау бойынша құралдар мен емдеу әдісін өз бетінше таңдау денсаулық пен сұлулыққа зиян келтіруі мүмкін. Бұл жағдайларда білікті маман-косметолог пен дерматолог көмегіне жүгіну қажет. Проблемалық теріге дұрыс күтім жасау үшін бірнеше маңызды ережелерді білу қажет. Сонымен қатар, беттегі бояулар мен жақпалардан тазартулар кезінде тері майын шектен тыс жоюдан сақтанған жөн. Бұл сезімтал теріні одан да көп тітіркендіреді, майлы жалтыр жиірек пайда болатын болады. Тазартқыш құралдарды температурасы адам денесінің температурасына жақын болатын сумен жуып қою керек. Беттің проблемалық терісін емдеуден құтылу үшін тек мұқият жуыну ғана емес, сүлгіні дұрыс пайдалану да қажет. Бетті уқалаудың қажет жоқ, тек ылғалдың артығын малыту ғана жеткілікті. Осы процедурадан кейін тек 10 минуттан кейін арнайы косметикалық құралдарды жағуға болады. Безеулі бөртпені сығумен ешқандай жақсы нәтежиеге қол жеткізбейтіндігін есте сақтаған абзал. Теріні тазартуды тек кәсіби косметолог-дерматолог өткізуі тиіс.

Адамдар әрқашан әдемі, жас болып жүруді қалайды. Сол үшін косметолог маманның көмегіне жүгініп жатады. Расымен қазір көптеген процедуралар бар. Әр түрлі терілерді емдеудің өзіне ғана тиесілі тәсілдері бар. Дегенмен ололарды өз бетінше қолдануға болмайды. Міндетті түрде тексеруден өтіп, маманның нұсқаулығымен ғана ем қабылдау керек. Бет терісін, терідегі дерттің себебін анықтау үшін бірнеше анализ тапсырасыз. Қортындысына сай қажетті емдеік шараны бекітеміз. Нұсқаулыққа сай емді тұрақты әрі уақытылы қабылдап тұрсаңыз, нәтежиесін бірден байқайсыз, – деді косметолог маман Анел Байқадамова.

Тұмау – емізбеуге себеп емес
Қолыңыз үнемі мұздаса...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу