Жұқпалы сары аурудың алдын алу маңызды
Жұқпалы сары ауру немесе вирусты гепатит – бауырдың кең тараған ауруларының бірі. Оны сыртқы ортада тұрақты өмірге бейімділігі жоғары кішкентай тірі организм – вирус тудырады. Вирус тұрмыстағы ластанған заттар, қол, су, тағам өнімдері арқылы айналадығыларға беріледі.
Гепатит А-ның негізгі белгілері:
- тәбеттің төмендеуі, оң қабырғасының астының ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, кейде құсуы, әлсіздік;
- дімкәстік, зәр түсінің қоңырлануы, үлкен дәреттің түсінің ағаруы, көз ағының сарғаюы;
- терінің сарғаюы.
– Санитарлық ережелерді сақтамай дайындаған тағам өнімдері, сондай-ақ вирусты гепатит ауру адамдар дайындап, таратқан тағамдар да осы ауруға ұшыратады. Сары ауру адам организмін бүтіндей зақымдайды. Бірақ өзгерістер бауырда өтеді. Алғашқы 3 апта ешқандай белгілер білінбейді. Мұны жасырын инкубациялық кезең деп те атайды. Дәл осы кезеңде дәрігерге қарану өте маңызды, – дейді №1 Шымкент қалалық емханасының дәрігер эпидемиологы С.Әшірбекова.
Маманның айтуынша, дәрігер зерттеу тәсілдерінің көмегімен диагнозды дұрыс қойып, ем береді және режим, диета белгілейді. Асқынудың алдын алады.
Инкубациялық кезеңнен соң сарғаю басталады. Алайда аурудың сарғаймайтын формасы да кездеседі, бұл айналадағы адамдарға қауіпті. Егер ауырған адам дер кезінде емделмесе, үш аптадан кейін дене сарғайып кетеді.
Науқас жеке адам гигиенасын және қоғамдық гигиенаны сақтау керек:
- қайнатылған немесе өз шөлмегіңдегі суды ішу;
- тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін, серуендеп келгеннен соң қолыңызды сабындап жууды әдепке айналдыру;
- суға әдейлеп бөлінген жерде шомылу; ашық су айдындарынан, өзеннен алынған суды ішуге пайдаланбау;
- көкөністер мен жемістерді жақсылап, мұқият жуып пайдалану.
Вирустық гепатит тағам өнімдері арқылы да берілетін болғандықтан асхана, кафе, азық-түлік дүкендерінде санитарлық гигиеналық ережелер ұқыпты түрде орындалуы тиіс.
– Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері мен мектептерде балалар санының артық болуын және оларда тазалықтың сақталуын қадағалап отырған абзал. Балалар әрдайым медициналық тексеруден өтуі тиісті. Сапалы сумен, тамақпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілулері қажет. Ауру шыққан үйлерде, мектептерде, балабақшаларда, т.б. нысандарда заласыздандыру жұмыстары міндетті түрде өткізілуі қажет. Аурудың үйінде бөлмелері, ыдыс-аяқтары, әжетханалар, ал мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде ауырған болса, сол ауруға бала оқитын сынып бөлмелері, дәліздер және әжетханалар зарарсыздандырылады. Сол себептен алдын-ала сақтақ шараларын жасап, дәрігермен жиі кеңесіп, өз денсаулықтарыңызды күткеніңіз жөн, – дейді дәрігер.
Вирусты гепатит «А» түрінің арнайы алдын алу шаралары вирусты гепатитке қарсы вакцинация 2 жастағы балаларға жоспарлы түрде 3 кезеңмен салынады. Балаларыңызға вакцина салудан бас тартпай, дер кезінде алуды ұмытпаңыздар. Өйткені денсаулықты күту өз қолдарыңызда.