Сәби жүрегі

Oinet.kz 20-08-2018 753

Баланың өмірге келуі ештеңемен салыстырмайтын таңғажайып құбылыс. Бірақ кейде табиғаттың өзі қателік жіберіп жатады. Өкінішке қарай, бүгінде енді ғана жарық дүниеге келген сәбилерге «туа бітті жүрек ақауы бар» деген диагноз жиі қойылып жатыр. Мамандар күн өткен сайын жүрек аурулары тым жасарып бара жатқанына алаушылық танытып отыр. 

Screenshot_39.jpg

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлем бойынша туылған мың сәбидің 10-ы жүрек ақауымен дүниеге келеді екен. Ал Қазақстанда жыл сайын үш мыңнан астам сәби туа біткен жүрек ауруымен жарық дүние есігін ашатын көрінеді. Ал олардың 10-15 пайызы ғана 1 жасқа дейін өмір сүреді екен. 

Қазіргі кезде әр алуан нұсқадағы туа біткен жүрек ақауының 200-ден астам түрі белгілі. Статистика бойынша, 1000 тірі туған нәрестенің туа біткен жүрек ақауының  7-еуі кезінде туған және 17-сі жетілмеген. Оның 40 пайызы күрделі болып табылады және сәби бір жасқа келгенше оталық емдеуді талап етеді. Қиын жағдайдағы туа біткен жүрек ақауына   ешқандай шара қолданылмаса, бір жасқа дейін балалардың өлім-жітімі 87 пайызды құрайды. 

Тетрада Фалло. Бұл балаларда сирек кездесетін туа бітті жүрек ақауының бір түрі. Дәл осындай диагнозды дәрігерлер Айшаға туыла салысымен қойған. Арынбай әулетінің кенжесі үш жылдан бері аталған дертпен күресіп келеді. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Алғабас ауылдық округінде тұратын ата-анасы дәрігерлердің  перзентінің емі үшін бар мүмкіндікті қарастырғанын айтады. 

Жергілікті дәрігерлер Айшаның әлсіз жүрегіне ұдайы медициналық көмекті көрсетіп отырған. Астаналық мамандар да қолдан келер көмектерін аямаған. Тек бүлдіршіннің жүрегіне қажетті операцияны жасатуға  отандық хируртардың шамасы келмепті. Жақында әріптестік байланыс негізінде Айшаға Түркияда көптен күткен ота жасалды. Анасының айтуынша кішкентай пациенттің қазіргі жағдайы жақсы. 

– Ең алдымен өзіміздің және түркиялық дәрігерлерге алғыс айтқым келеді. Қызымның жүрегінде 5 ақау бар еді. Жүректегі ең басты ірі екі тамырдың бірі жоқ болатын. Айша осы күнге дейін тек майда тамырлар арқылы әлсін-әлсін демалып жүрді. Кейде ырсылдап, ауа жұта алмай қиналғанда жаным шығып кете жаздайтын. Тамақты да жарытып ішпеуші еді. Астанаға барғанымызда «біз мұндай күрделі отаны жасай алмаймыз, сондықтан Түркияға жібереміз» деген еді. Сол күннен бастап отаны асыға күттік. Ол біздің қызымыз жазылып кетер деген үлкен үмітіміз еді. Әйтеуір мамандардың көмегімен биыл сәуірде Стамбулға барып ота жасатып қайттық. Ондағы кардиохирургтар Айшаның жүрегіне жетіспейтін тамырды жалғап берді. Қазір оның жағдайы жақсарды. Демалуы да тәуір. Асқа деген тәбеті де ашылды, – дейді анасы Айсара Әмір. 

Ия, күрделі отадан кейін сәби жүрегі қайта соққандай болып, тынысы ашылды. Бойына қан жүгіріп, бала болып ойнай бастады. Ұстаздық ететін Айсара мұндай қиындықты ешбір ананың басына салмасын деп тілейді. 

– Екі қыз, үш ұлым бар. Сүт кенжеміз осы – Айша. Ауруды ешкім сұрап алмайды ғой. Мұны Алланың сынағы деп қабылдадық. Ауруға берілмей оны емдету үшін бар жиған-тергенімді сарп еттім, несие алдым. Емдейді деген жердің барлығына бардым. Үміт үзген емеспіз. Ең бастысы – қайғыға батып кетпей, Алладан шарапат  тілеп, әрекет жасау керек. Ауру перзенттерін тастап кеткен аналар жайлы да естіп жатырмыз. Сенің махабаттыңа, қолдауыңа зәру кезде іштен шыққан бауыр етіңді қалай тастайсың?! – дейді  ол.   

Алда Айшаны Астанада тағы кішігірім ота күтіп тұр. Ата-анасы содан кейін балдырғанның жүрегі мазаламас деген үмітте.

Даун дертін жеңгендер
Антибиотики нарушают развитие детей
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу