Тырысқақ (холера) ауруынан қалай сақтануға болады?

Oinet.kz 17-07-2018 1473

Тырысқақ (холера) – аса қауіпті карантиндік,  жедел жұқпалы ауру!

Тырысқақ ауруы – организмнің су-тұзды және белоктық алмасуының бұзылуымен, сусыздануымен, токсикозбен, гастрэнтерит белгілерінің өтуімен сипатталады. Тырысқақ ауруының ерекшелігі, ауа райы ыстық елдерде: Үндістан, Сауд Арабиясы, Сирия, Туркия, Монғолия және т.б. көптеген елдерде кездеседі. Тырысқақ вибрионы – ауру қоздырғышы суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады. 

Screenshot_25.jpg

Тырысқақ ауруы қалай жұғады? Аурудың негізгі көзі – ауру адам немесе вибриотасымалдаушы (қоздырғышты сыртқы ортаға нәжіспен, кейде құсықпен де бөліп жүреді, бірақ өзі ауырмайды). Адам ағзасына ауру қоздырғышы  ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге науқаспен қарым-қатынаста болса, залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, тағам өнімдері, қоздырғышпен зақымдалған ыдыс, кір қол арқылы жұғады.

Тырысқақ ауруының негізгі клиникалық көріністері: Аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 3-5 күнде пайда болады.  Ауру жедел басталады, дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін, науқас жиі іш өтуіне, құса беруіне шағымданады. Қоздырғыш организмді уландыру жолымен асқазан-ішек жолдарының қорыту жұмысын бұзып, науқастың нәжісі иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Алғашқы тәулікте дәреттің жиілігі 5-10 рет, ал ауыр жағдайда одан да көп болады. Науқас көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы әлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы әлсіз және беткей дем алады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді.  Кейде аурудың бірінші күндерінде науқас өліп кетуі мүмкін.

Тырысқақ ауруының алдын алу: әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністерді тағамға қолданар алдында міндетті түрде жуу, қайнаған сумен шаю, суды және сүтті тек қайнатып ішу, тағам өнімдерін шыбындардан сақтау, тамақ ішер алдында және дәрет алғаннан кейін қолды сабынмен жуу керек. Тағам және сусындарды арнайы дүкендерден, таза, барлық санитарлық талаптарды сақтаған сауда орындарынан сатып алған абзал. Су көздерін әртүрлі ластанулардан сақтау керек. Барлық қоқыстарды салатын шелектердің, ыдыстардың беті тығыз жабылған дұрыс және де  қоқыстарды жинайтын орындарды жүйелі түрде залалсыздандырып отыру қажет.

Осындай қиын емес ережелерді сақтасаңыздар, бұл қатерлі аурудың алдын алуға болады. Егер де аталған белгілер пайда болса, тез арада дәрігерге көрініп, ем алғаныңыз жөн. 

Б.МҰСАЕВА,                                          

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

Түркістан облысы 

Вирусты гепатиттен қалай сақтануға болады?
Ақшадан ауру тарайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу