Дені саудың – жаны сау

Oinet.kz 16-06-2018 1568

Деніміздің сау болуы өзімізге байланысты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, денсаулықты күте білейік. Түсінген адамға денсаулықтан асқан бақытта, байлық та жоқ. Денсаулығын бағалай білмеген түрлі ауруларға шалдығады. 

Screenshot_57.jpg

Аурудың пайда болуы әр түрлі зиянды әдеттер мен оны қоршаған ортасына байланысты. Мысалы, темекі шегу, арақ ішу, нашақорлық, асты дұрыс ішпеу, жаман сөз бен нашар орта, жеке-бас гигиенасын сақтамау сияқты. Осындай себептерге байланысты, бүгінгі күнде жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары мен жүйке аурулары, әртүрлі ағзалар мен тері аурулары, тіпті қатерлі дерттердің де көбейіп кеткендігін байқап отырмыз. Аурудың пайда болуының тағы бір себебі, экстрасенстердің пікірінше, адамның басқа біреуге жасаған зиян істері өзіне теріс қуат көзі болып оралып, адамның ағзасындағы энергия тепе-теңдігін бұзады, түптің-түбінде өзін кеселге ұшыратады екен.

Аурудың алдын алу, емдеу, қазіргі медицина саласының негізгі бағыты десек те, адам өз денсаулығының қадірін біліп, оны сақтау жолдарын саналы түрде сезініп, өз-өзін түрлі жолдармен күтпесе, жүргізілген емнің жақсы нәтиже беруі екіталай. Ол үшін салауатты өмір салтын сақтау (дұрыс тамақтану және спортпен шұғылдану) және медициналық тексерілулерден  жиі өтіп тұру, жылы сөздерді жиі айту, зиянды әдеттерден, ерсі қылықтардан өзін сақтау қажет. 

Геронтолог ғалымдарының  пікіріне сүйенсек, саламатты өмір салтын  сақтап, тиімді тамақтанып, стрестен бойын аулақ  ұстаған адамның өмірі де ұзақ болады екен. 

Бұл мәселеде дін өкілдері де қалыс қалмайды. Өміріміздің мәнді де мағыналы болуы үшін жүрегіңізде иман да болуы шарт, яғни кісіге қиянат жасама, тек жақсылық істе дейді. Тоя тамақтанудың да қаншалықты зиян екендігі жайында Мұхаммед пайғамбар «тоя тамақтанба, асқазанның бір бөлігінде ішкен тамағың, екінші бөлігінде сусын, үшінші бөлігі бос болсын» деген. Сосын тамақ ішкеннен кейін қырық қадам жасау керектігі жайында да айтқан. 

Осыған орай тамақтану тәртібін құрастыруға болады: таңертең тұрғанда асқа дейін 100-150 грамдай таза су ішуді әдетке айналдыру, шамадан тыс тамақтанбау, қарын ашпай тамақ ішпеу, ұнамаған асты ауызға алмау, аптасына тым болмағанда бір рет ашқұрсақ жүруді дағдыға айналдыру, ішкен тамағымыздың кем дегенде 20 пайызы көкөністен тұруын қадағалау, тамақтанып болғаннан кейін жатпау, дене қозғалысын жасау. 

Зиянды әдеттер (темекі шегу, насыбай ату, ішімдік ішу)  тамаққа деген тәбетті өзгерте отырып, оның қорытылуына кері әсерін тигізеді. 

Кейде адамдар емделу үшін, түрлі емшілер мен тәуіптерге барады.  Олар сырқатына ем табудың орнына, оны асқындырып алады. «Дәрілер – химиялық қоспалар, одан да табиғи, әрі зиянсыз шөп ішкен дұрыс» -дейді. Алайда, бұл пікірді түбегейлі дұрыс деуге келмейді. Өйткені дәрілік өсімдіктердің де өз шектеулері мен кері әсерлері бар. Ал кейбіреулер керісінше, дәрілерді тіптен көп қолданады. Қолданатын  препараттарымыздың сондай-ақ жанама әсері мен қарсы көрсетілімін ескеруіміз қажет.  Биологиялық қоспалар, дәрілік препараттар ішу арқылы семіздіктен арыламын деген ойдан, әрекеттен аулақ бол.  Қай  дәріні болмасын дәрігердің рұқсатынсыз қолдану қауіпті екенін білуіміз керек. 

Дәрігер тағайындаған фармакотерапияның сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі емделушінің препараттарды ұтымды қолдануы мен үй жағдайында дұрыс сақтау мәселелерін білуіне байланысты. Дәрі-дәрмектер дұрыс пайдаланған жағдайда ғана халықтың өз денсаулығын жақсартуға үлес қосатыны даусыз.

Бұл үшін ел нарығында дәрі-дәрмектер ұсынысын ілгерілетуді сапалы реттеу қажет екендігін бәріміз жақсы білеміз. Сондай-ақ, халық денсаулығын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасында фармацевтикалық инспекторлар құрылып, стандарттарды енгізуге дайындық жұмыстары, соның ішінде фармацевтикалық қызмет нысандары дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету стандарттарына көшуге ынталандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. 

Айта кетсек, Қазақстан Республикасында халық денсаулығын сақтауда мемлекет саясаты келесі шараларды жүргізуде: азаматтарға қауіпсіз және сапалы медициналық көмек көрсету, ана мен бала денсаулығын қорғау, азаматтардың денсаулығын сақтауда ақысыз медициналық көмек көрсету, жеке және қоғамдық мекемелермен денсаулық сақтау ұйымдарының ынтымақтастықтығын орнату, халықты қолайлы санитарлық және қауіпсіздік жағдайлармен қамтамасыз ету, озық ғылыми-техникалық жетістіктер мен әлемдік тәжірибелер енгізу, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын арттыру.

Қорыта айтар болсақ, денсаулығымыздың жақсы болуын тек медицина саласына арттыра салмай, өзіңді тәрбиелей отырып, саналы және сауатты түрде денсаулығымызды сақтай білейік. Денсаулықты сақтау – деніңнің, жаныңның саулығын сақтау өнері.

Ж.ТУЛЕПБЕКОВА,

Г.МАДИЕВА,

Шымкент жоғары медицина колледжі оқытушылары

Диарея тұмаудан кейінгі қауіпті ауру
Тағам өнімдерін таңбалау дегеніміз не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу