Гемодиализ – өмір үшін күрес

Oinet.kz 16-06-2018 1382

Кеселдің тәуірі жоқ, шамаң келсе, ауырмай бақ. Дегенмен пенде болғасын ауру басқа келмей тұрмайды. Себебі «ауру – Алланың сынағы» дейді. Бір бүйрегі ғана сыр берсе, оған амал табылар, ал екі бірдей бүйрегі істен шыққандар не істейді? Адам ағзасы үшін бүйректің қызметі орасан. Оның жұмысы тоқтаса... Ия «жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей осыдан бірнеше жылдар бұрын қос бүйрегі істен шыққан науқастар бақилық болып кететін. Өйткені оның емі болмады. Ал бүгінгі заманауи медицинада мұндай науқастар гемодиализ арқылы өмірін ұзартып, қоғаммен бірге жасауда. Қазақшалап айтқанда «жасанды бүйрек» аппараттары бүгінде Қазақстанның әр өңірінде кездеседі. 

im_20171215181628_1026708.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында жасанды бүйрек бөлімшесі сонау 1974 жылы облыстық клиникалық ауруханасында ашылған. 2011 жылдан бастап мемлекеттік серіктестік аясында ОҚО бойынша жеке кәсіпкерлер гемодиализ орталықтарын аша бастады. «Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі» диагнозын «арқалаған» жандарға сапалы ем көрсетіп келе жатқан орталықтың бірі – «В.B.NURA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ең алғаш рет 2011 жылы Қарағанды қаласында ашылған орталық кейіннен Астана, Қызылорда секілді бірнеше қалаларда өз жұмысын бастады. Соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, бүйрек ауруына шалдыққандарға кең спектрде қызмет көрсететін орталық 2017 жылы республикадағы халық тығыз орналасқан Шымкент қаласында да ашылды.

Өткен жылдан бері гемодиализге мұқтаж жандарға ем көрсетіп келе жатқан «Нефрология және эфферентті терапия орталығы» гемодиализ жабдығының индустриясында әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын B.Braun Avitum AG неміс компаниясының су тазалау жүйесімен және «жасанды бүйрек» 10 аппаратымен жабдықталған. Орталықтың аймақтық директоры Ыдырыс Болсыновтың айтуынша бұл аппараттардың тиімділігі орасан зор. 

– Біздің басқа орталықтардан артықшылығымыз – аппараттарымыз гемодиафильтрация (ГДФ) қызметін атқаруында. Біз әр науқасты жеке емдеу тәсілі бойынша гемодиализ емін өткіземіз. Тарқатып айтар болсақ, диализге арналған үш түрлі концентрат бар. Олар қан қысымы, қант диабеті және жалпы ауруларға арналған. Дәстүрлі гемодиализде диффузиялық процесс токсиндерді жою үшін қолданылады. Ал гемодиафильтрацияда, сонымен қатар қаннан токсиндерді кең ауқымын жоюға мүмкіндік беретін конвекция әдісі қолданылады. Бұл процедура барысында сұйықтықтың 20 литрге дейін мөлшерін алмастыру мүмкіндігі бар, ал бұл жағдай бүйректің табиғи жұмысына көбірек ұқсайды. Қазіргі уақытта бұл әдіс бүйрек терапиясының ең тиімді түрі болып табылады. Гемодиафильтрация жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін төмендетеді, сондай-ақ, қан қысымын және анемияны тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа осы әдіс барысында артық суды кетіру көбірек орын алып, токсиндерді жою тиімдірек болады. Аппараттың жоғары мүмкіншілігінің арқасында науқастардың жағдайы едәуір жақсарып қалды, – дейді Ыдырыс Түзелбайұлы. 

Орталықтың үш ауысымды жұмыс тәртібі кезінде қызмет көрсетілетін емделушілердің жалпы саны шамамен 55 адамды құрайды. Диализ орталығы жоғары білікті нефролог-дәрігерлермен және диализ мейірбикелерімен жасақталған.

Емдеуші дәрігер Гүлзира Медетова мені науқастар жатқан бөлімге ертіп келді. Үлкен бөлмеде алты адам аппаратта жатыр екен. Келесі бөлмеде гепатитке шалдыққан науқастарға арналған 4 гемодиализ аппараты орналасыпты. Бөлменің іші әр ауруға арналған теледидармен жабдықталыпты. Мұнда тіпті ауруларға арнап ас та беріледі екен. Бұл бірінші, яғни таңғы кезектің науқастары. Олар сағат 8:00-дан 12:00-ге дейін осында ем алады. Екінші кезек 13:00-дан 17:00-ге дейін жалғасса, соңғы ауысым 18:00-дан 22;00-ге дейін созылады. Әр ауру жалпы ұзақтығы 4 сағаттан аптасына 12 сағат гемодиализ емін қабылдайды. Алғашқыда науқастардың жүзі мұңды, ойлы көрінгенімен олармен әңгімелесе келе өмірге деген құштарлықтарының жоғары екенін байқадым. 

47 жастағы Алмат ағайдың созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққанына 2 жылдай уақыт болыпты. Бес перзенттің әкесі бұған дейін өзге гемодиализ орталықтарына барыпты. Алайда қан қысымы түспей, жағдайы оңала қоймағасын осында келген. 

– Қазір денсаулығым әлдеқайда жақсарып қалды. Мұнда аппарат та жақсы, дәрігерлер де сапалы қызмет көрсетеді. Еш жерің ауырмаса көңілің жадырап шыға келеді ғой. Ең бастысы менің бойымда өзіме деген сенімділік пайда болды, – дейді ол. 

Ал пайғамбар жасына келген Алтынгүл апайдың аталған дертпен күресіп келе жатқанына 7 жылдың жүзі болыпты. Кезінде аспаз болып түрлі мекемелерде жұмыс істеген науқас ауруының асқынып кеткенін байқамай қалған. «Жасанды бүйрекпен» өмір сүріп жүргеніне қарамастан Алтынгүл апай сау адамның тірлігіне бейімделген. Үш ұл, екі қызынан тараған 24 немереге әже атанып отырған оның дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.

– Жазылмас дертке душар болғанымда жолдасым мен ұл-қыздарым әрдайым жанымнан табылды. Қолдау білдіріп, рухани күш берді. Сондай-ақ дер кезінде ем-шара көрсетіп отырған осындағы мамандарға рахметімді айтамын. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында денсаулығым түзеле бастады. Диализден кейін басымның ауырғаны қойып, жеңілдеп қаламын. Кейде үйге барып келініммен жарысып тамақ пісіремін. Менімен тағдырлас жандарға айтарым: ажал тек Алладан келеді. Ауруға шалдыққан екенмін деп өмірден баз кешуге болмайды. Құдай берген әр күніңді бағалап, оны мәнді де сәнді өткізу керек, – деп түйіндеді пациент сөзін.

Мұндағы мейірбикелерге артылар жүк жеңіл емес. Себебі олар әртүрлі көңіл-күймен келетін науқастарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай тамақтандырып, қас-қабағына қарап, тіпті сырларына да ортақ болады. 

– Науқастарды аппаратқа жатқызбас бұрын келген бойда қан қысымы, температурасын өлшеп аламыз. Барлығы қалыпты болса дәрігердің көзінше аппаратқа жатқызып, төрт сағат бойы бақылап отырамыз. Процедура біткесін денсаулығын тағы бір тексереміз. Әр ауысымда аппараттарды тазалап тұрамыз. Пациенттерге оңай емес екенін білеміз. Олар да отбасылық жағдайларын айтып, бізбен ашық-жарқын әңгімелесіп отырады. Кейібірінің сөзінен өкініш те байқалады. Егер ауырмағанда ананы, мынаны істейтін едім деп армандарын айтып қалады. Дегенмен олар жігері мықты жандар, – дейді орталықтың мейірбикесі Салтанат Кенжеғұлова.

Ел ішінде және ресми түрде «Алтын қолды» нефролог аталып кеткен Ыдырыс Түзелбайұлымен кейінгі әңгімеміз адамның нәзік мүшесі – бүрек жайлы өрбіді. 

– Бүйрек – адамның кішкентай болса да маңызды мүшесі. Бүйрек арқылы күніне 1500 литр қан өтеді. Ол қан құрамын улы заттардан тазартып, ағзадағы артық суды сыртқа шығарады. Әрі қан қысымын және қан құрамын реттеп отырады. Егер аталған ағза зақымданып, істен шықса, адам өміріне қауіп төнеді. Біріншіден, қан қысымы жоғарылап кетеді, ағзадағы зат алмасу процесі бұзылады, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Бір сөзбен айтқанда, ағза өз-өзінен улана бастайды. Қажетсіз қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға әсер етеді. Бүйрек істен шыққаннан кейін солып, кішірейіп қалады. Өкінішке орай солған бүйрек қайта қалпына келмейді. Мұндай жағдайда науқас жедел түрде гемодиализ аппаратына мұқтаж болады, – дейді ол. 

Ғалымдардың айтуынша бүйрек адам ағзасындағы ең шыдамды мүше екен. Себебі ол өзінің қызметінің бұзылғандығы жөнінде сыр бермейді. Адамдардың бүйрек ауруын асқындырып, соңғы мүмкіндік «жасанды бүйрек» аппаратына таңылуының да бірден бір себебі осы. 

– Гемодиализ аппараты бүйректің жоғалған қызметтерін жасанды жолмен атқарады. Заманауи құрал-жабдықтардың шығуына байланысты науқастардың да өмір жасының ұзарып жатқандығы көңілді қуантады. Сондай-ақ қазіргі науқастарымыздың ешбірінде анемия жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз да осы – аурулардың өмір сапасын жақсартып, өмірін ұзарту. Дәл осы аппаратпен 25 жыл өмір сүріп жүрген науқасты білемін. Одан бөлек гемодиализге тәуелділігіне қарамастан 20, 10 жыл бойы сапалы ғұмыр кешіп жүргендер қаншама. Араларында үйленіп, бала сүйіп жатқан азаматтар да кездеседі. Әрине, ақ халаттылар адамдарға «аппаратпен мынанша жыл өмір сүресіз» деп ешқандай кепілдік бере алмайды. Барлығы науқастың өз қолында. Егер дәрігерлердің айтқанын істеп, диета сақтап жүрсе соғұрлым өмірі ұзара түседі, – дейді дәрігер.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 700-ге жуық адам бар. Олар үшін Сарыағаш, Жетісай, Түркістан, Шымкент қалалары мен Сайрам, Түлкібас секілді бірқатар аудандарда гемодиализ орталықтары ашылған. Бұл Оңтүстікте гемодиализдік қызметтің жақсы жолға қойылғанын білдіреді. Үшінші мегаполистегі «В.B.NURA» компаниясына қарасты «Нефрология және эфферентті терапия орталығы» алдағы уақытта гемодиализ қызметінде өңір халқын емдеу сапасын одан әрі жақсартуды жоспарлап отыр.

Айнұр Асанқызы

Нәрестелерде кездесетін сарғаю
Менингококковая инфекция. Как уберечь себя и детей?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу