Артериалды гипертония ауруымен күрес
Кардиология саласы үнемі ғылыми жаңалықтармен толығуда. Заманауи медицинадағы ең соңғы тенденцияларды дәрігерлер қауымы жыл сайын өтетін Кардиологтардың Еуропалық конгресінен біліп отырады. Біздің еліміздің үздік кардиологтары да осы басқосуға қатысып жүр. Жуырда Шымкент қаласында болып өткен «Қазақстандағы кардиология: бастапқы диагностикадан инновациялық технологияларға дейін» атты ғылыми конференцияның барысында олар халықаралық Конгресте айтылған ең соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Бұл өте маңызды, себебі жүрек-қан тамырлары аурулары өлім-жітім бойынша бірінші орында тұрғандықтан, оны емдеудің жаңа тәсілдері мен әдістемелерін дер кезінде біліп отырудың мәні зор. Оның үстіне, отандық дәрігерлердің дені ағылшын тілін жетік меңгермегендіктен, осы секілді халықаралық жиындарда қозғалған мәселелермен етене таныса алмайды.
Конгресте айтылған негізгі тақырыптар мен ұсынымдарды осы жиынға қатысқан Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, жаңадан құрылған «Артериалды гипертония және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі мамандардың қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Жүнісбекова баяндап берді.
Биылғы симпозиумда артериалдық гипертония мәселесіне айрықша көңіл бөлінген екен. Жалпы, ғалымдар артериалдық гипертонияның соңғы 40 жылдағы таралу деңгейін зерттей келе мынаны анықтапты. 1975 жылы әлемде жоғары қан қысымының жоғарылауына 590 миллион адам шалдықса, 2015 жылғы дерек бойынша гипертониктердің саны 1 миллиард 300 миллион адамға жеткен.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында артериалдық гипертониядан көбіне дамыған елдердің тұрғындары зардап шеккен екен. Бірақ, осы елдерде жүргізілген ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде бұл теріс тенденция тоқтатылып, қазір Еуропа мен АҚШ-та артериалдық гипертония мәселесі бұрынғыдай күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болудан қалды. Есесіне дамушы елдердегі жағдай тым асқынып шыға келді.
Мамандардың айтуынша, қан қысымы бар адамдардың 50 пайызы өз ауруларын білмейді: гипертонияның белгілері көбіне бас ауруы немесе қарапайым шаршағандықтың белгісі болып көрінеді де, оларға адам назар аудармайды. Жоғары қан қысымы ретінде белгілі гипертония ауруы инфаркт, инсульт және бүйрек жетімсіздігіне шалдығу қаупін арттырады. Бақылауға алынбаған гипертония соқырлыққа, аритмияға және жүрек жетімсіздігіне әкелуі мүмкін. Осындай асқынулардың даму қаупі сусамыр секілді басқа да жүрек-қантамырларының қауіп факторлары болған жағдайда арта түседі.