Гипертония - үнсіз жан алғыш ауру
Гипертонияның осылай аталуы бекер емес, себебі бұл ауру жиі жағдайда ешқандай белгілерсіз жасырын өтеді. Жоғары қан қысымы бар адамдардың жартысы өзінің ауруы жөнінде білмейтіні анықталған. Гипертонияның белгілері жиі ретте бастың ауруымен қабаттаса жүреді, оған назар аударылмайды немесе қарапайым қажу белгілеріне ұқсас болады. Гипертония күрделі әрі өмірге қауіпті асқынулармен (ми инсульты, миокард инфартісі, жүрек жетімсіздігі) қатерлі болып табылады. Ол еске сақтаудың төмендеуіне, көру қабілетінің нашарлауына әкеліп, бүйрек қызметіне әсер етеді, тіпті бүйрек жетімсіздігіне дейін алып келуі мүмкін.
Жастардың күретамыр гипертониясына шалдығу жағдайлары жиілеп барады. Күретамыр гипертониясына шалдығудың артуына темекі шегу, ішімдікке салыну, артық дене салмағы, дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау, стрестер секілді қауіп факторлары айтарлықтай ықпал етеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес 120/80 мм сынап бағанасы шегіндегі қан қысымы оңтайлы болып есептеледі. Күретамыр қысымының 140/90 мм сынап бағанасына дейін және одан жоғары үнемі артып отыруы дәрігерге қаралуды қажет ететін алаңдатарлық белгі болып табылады.