Эстетикалық хирургия нарығы өсу үстінде
Косметикалық хирургиядағы ақша айналымы жылдан жылға артуда. Соңғы кездері орта есеппен жылына 8,2-8,3 пайыз жылдамдықпен өсіп келе жатқан нарықтың жартысына жуығы (46 пайыз) Америка Құрама штаттарына тиесілі екен. Одан кейінгі орында Еуропа орналасқан. Әйткенмен, үлкен қарқынмен дамып келе жатқан Азия құрлығы (жылдық өсімі 10 пайыз) алдағы жылдарда оларды басып озатын түрі бар. 2016 жылы әлемдік пластикалық хирургия нарығы 8,5 миллиард долларға бағаланса, 2020 жылы оның көлемі 9,2 миллиард долларға жетеді деген болжам бар.
Жылына дүние жүзінде шамамен 10 миллион эстетикалық хирургиялық операциялар жүргізіледі. Көш бастап тұрған елдер – АҚШ (1,4 миллион операция) және Бразилия (1,2 миллион операция). Үшінші орында тұрған Мексикада 461 мың операция жасалса, Оңтүстік Кореяның көрсеткіші 445 мыңды құрайды.
Бұл салада ең көп көрсетілетін қызметтің түрі – инъекциялық косметология (ботоксты қолдану) болып есептеледі. Нарықтағы табыстың 38 пайызы соның үлесінде. Соңғы жылдарда лазер, ультрадыбыс, радиотолқындар мен дененің контурлық пластикасына арналған арнайы косметологиялық аппараттарды пайдалану да өсе түскен. әсіресе денені контурлық пластикасына деген сұраныс жоғарылауда. Контурлық пластика – бұл бет және дененің басқа учаскелерін операциясыз жасарту немесе түзету. Әдістің көмегімен әжімдерден, тіптен терең әжімдерден құтылуға болады, тіндерге жетпейтін көлемді беруге (мысалы, бет жағы формасын түзету). Сондай-ақ, абдоминопластика, липосакция секілді процедуралар жүргізіледі.
Космецевтиканың да даму қарқыны айтарлықтай жоғары. Фармакология мен косметологияны біріктірген бұл бағытты емдік косметика деп те атайды. Яғни, әрі косметика, әрі емдік препарат іспетті. Айта кетерлігі, төсті үлкейту операцияларына Азияда сұраныс жоғары болып тұр. Былтыр Азияда төсті үлкейті жөніндегі қызметтер көлемі 7,4 пайызға артса, Еуропадағы өсіи бар-жоғы 0,4 пайызды құраған.