Адамдар жүрек-қан тамырлар ауруларына не үшін шалдығады?

Oinet.kz 14-12-2019 1495

Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемнің басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды мүгедектікке шалдықтырады. Тіпті оның соңы өлімге апарып соғуы да мүмкін. Жалпы дүниежіүзіндегі өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды. 

Screenshot_11.jpg

Аталған ауру түрлерінің басты себептері қандай? Ең алдымен адамдар өз денсаулығына тиісті деңгейде көңіл бөлмейді. Сонымен қатар экологияның да жағымсыз салдары жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, ауаның шектен тыс ластануы тұрғындардың тынысын тарылтып, аталған ауруға шалдықтырады. Осындай себеп-салдарлардың әсерінен соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде, атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.

Басты себептері

Артық салмақ және семіздік, жүрек-қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамырлары ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – стресс, торығу, ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл-күйдің толқуы, мазасыздануының әсері адам ағзасына миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады. Қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның соңы жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тарылуына апарады. Бастағы қан айналым нашарлайды, ми клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін, немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратады. Жүрек-қан тамырлары ауруларына әйелдерден гөрі ерлер көп шалдығады. Мұндай тенденция 50-55 жасқа дейін, яғни әйелдердің жыныстық гармондарының жұмысы бәсеңдеген тұсқа дейін сақталады. Алдын алуға немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, темеку шегу, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзелістер болып саналады.

Алдын алу жолдары

Жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әкеліп соқтыратын тағы бір фактор – темекі шегу. Орта есеппен алғанда шылымқорлық адам өмірін 7-10 жылға қысқартады екен. Тіпті көк түтінге әуес адамдардың миокард инфарктісіне шалдығуы екі есе жоғары. Ал, аталған аурудан қайтыс болатындар саны темекіні тұтынбайтындармен салыстырғанда шылым шегетіндерде 4 есеге артық. Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін мынадай маңызды нәрселерді есте сақтау керек:

- Ең алдымен темекіден толықтай бас тарту қажет;

- Тиімді тамақтану ережелерін сақтау;

- Майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту (тәулігіне 4 грамм), құрамында калийі мол (бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты) тамақтарды көп пайдалану, сары уызды барынша аз пайдалану;

- Көкеніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану;

- Алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану;

- Дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану;

- Қандағы холестерин құрамын үнемі тексертіп, бақылап отыру.

Дәрігер науқасты емдейді. Ал, аурудың алдын алу – әрбір адамның өз тірлігі. Сондықтан, күтініңіздер...

А.ОРДАБЕКОВ,

Төлеби аудандық емханасының кардиолог дәрігері 

Медеу Сәрсеке, жазушы: «Қайнар синдромы» 1957 жылы анықталған...»
Құтыру деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу