Дәрілердің біз біле бермейтін сиқырлары

Oinet.kz 06-12-2019 2108

«Аурудың жақсысы, дәрінің тәттісі жоқ» дейміз. Дәмі жағымсыз болса да балтырымыз сыздап, басымыз ауырғанда амалсыздан дәрі ішеміз. Дәрілік препараттардың адам денсаулығын жақсарту үшін жасалатыны белгілі. Алайда атауы да, әсері де сан түрлі болып келетін дәрілер тек ем үшін ғана қолданылмайтынын біріміз білсек енді біріміз білмейміз. Олардың күнделікті тұрмыста да пайдасы мол екен. Әсіресе, үй шаруасында. 

Screenshot_6.jpg

Ағзаңыздың жақсы жұмыс істеуі үшін дәрумендер керек екендігін білетін шығарсыздар. Мысалы, С дәрумені адамдарға күнделікті өмірде қажет. Өйткені дене жұмысын қалыпты ұстап, көңіл-күйіңізге керемет әсер етеді. С дәрумені арықтағысы келетін адамдар үшін пайдалы. Ол тотығу-тотықсыздану процессіне, ақуыздың түзілуіне қатысады. Сонымен қатар, ол ісінуді басып, организмде бос радикалдардың жиналуының алдын алады.

С дәрумені адам ағзасын қуаттандырып қана қоймайды екен, сонымен қатар ол керемет тазалықшы. Ас үй, жуынатын бөлмедегі сантехниканың кейде кермек судың әсерінен сарғайып қалатыны бар. Раковина, унитаздағы сары дақтар оңайлықпен кетпейтінін қыз-келіншектер жақсы біледі. Мұндай жағдайда тіпті, қымбат химиялық тазарту құралдары да көмектеспеуі мүмкін. Дегенмен, сарғайған мүлкіңізді ауыстыруға асықпаңыз. Себебі С дәруменінің бірнеше таблеткасы сіздің проблемаңызды шешіп береді. Ол үшін таблеткаларды раковина, унитаздың сарғайған тұсына бір түнге қалдырып қойыңыз. Таңертең унитазды  щеткамен аса күш салмай  ысқылап жіберсеңіз болды, ол жарқырап шыға келеді. 

Сутегі тотығының ерітіндісін (перекись водорода) әдетте асқазан жұмысы бұзылғанда ішеміз. Оның сілекей қабығын ұлғайтып, асқазанды ондағы пайда болатын қышқылдардың кері әсерінен сақтайтыны белгілі. Ерітіндіні қабылдаған жағдайда ағзамызға жетіспей тұрған оттегі керекті мөлшерде түзіледі. Бұл әдістемеде ағзамыздағы ас қорыту процессі мен зат алмасу процессі дұрысталады. Дәрілік препаратты тұрмыста дезинфекция үшін пайдалансаңыз да болады. Ол кез-келген затты түрлі микробтардан қорғай алады. Сондықтан онымен жас нәрестенің бөлмесін де қорықпай тазалап шығуға әбден болады. Сондай-ақ оны ағартқыштың орнына қолдансаңыз да артық етпейді. Мәселен, жылы суға 2 қасық сутегі тотығының ерітіндінсін қосып, оған түсі ескіре бастаған ыдыстарыңызды 10 минутқа салып қойсаңыз, ыдыстарыңыз жап-жаңа болып шыға келеді. Сол секілді көмескі тартқан немесе дақ тиген киімдеріңізді де дәл осы ерітіндімен ағартуыңызға болады.  

Аспиринді кез-келген үйдің дәрілік қорапшасынан кездестіруге болады. Басымыз ауырғанда дереу іше қалатын осы бір таблетканың біз білметін қырлары көп болып шықты. Мәселен, жәндіктер шаққан кезде пайда болатын қабыну мен қышынуды кетіру үшін, аспириннің таблеткасын алып, шаққан жерге ысқыласаңыз кәдімгідей жеңілдеп қаласыз. 

Сондай-ақ аспирин сұлулығыңызды арттыра түседі десем сенер ме едіңіз? Оның безеуді кептіретін қасиеті бар. Ол үшін таблетканы езіп, аздаған суға араластыру керек. Сосын оны безеудің үстіне жағып, бірнеше минут ұстау керек. Артынан жуып тастаған жөн. Нәтижесінде сізді мазалаған безеуден  біртіндеп құтыласыз.  Сонымен қатар ол терінің өлі жасушалары мен майдың артық мөлшерін жояды. Егер теріңізді жасартқыңыз келсе онда аспириннің бес таблеткасын езіп, оған ¼ стақан су мен бір шәй қасық бал қосып, араластырыңыз. Қоспаны теріге жағып, 10 минут ұстаңыз. Сосын жылы сумен жуыңыз. Бұл масканы үнемі пайдалану проблемалы теріге қатысты көптеген мәселелерді шешеді. Және де көзге оғаш көрінетін сүйелден құтылғыңыз келсе  аспириннің 5 таблеткасын лимон шырыны мен жарты шәй қасық балмен араластырып көріңіз. Қоспаны  сүйелге жағып, сыртынан жылы сүлгімен, оның сыртынан полиэтилен пакетпен орап тастаған дұрыс. 10 минуттан соң шешіп тастаңыз, нәтижесі таңқалдырары анық!      

Ацетилсалицил қышқылының сиқыры мұнымен бітпейді. Табанның шамадан тыс терлеуі зең инфекциясы нәтижесінде болады. Аспирин талькпен бірге қолданылса, жақсы көмектеседі. Оның рецепті мынадай: аспириннің үш таблеткасын ұнтақтап майдалаңыз. Алынған массаны талькпен араластырыңыз. Қоспаны табанның зақымдалған бөлігіне жағыңыз. Процедураны зең толық кеткенше әрі терінің тітіркенуі басылғанға дейін күніне екі рет қайталаңыз. 

Қайызғақпен күресіп жүрсеңіз сізге тағы да аспирин  көмекке келеді. Дәрінің 2 таблеткасын ұнтақтап, оған өзіңіз пайдаланып жүрген сусабынды қосасыз. Бірер минуттан соң әдеттегідей басыңызды жуасыз. Бұл қайызғақты жоюға көмектесіп, оның пайда болуына жол бермейді. Және де 6-8 таблетканы бір стақан жылы суға езіп, оны шашыңызға 10-15 минутқа жағып қою арқылы шаш түсін біршама қалыпқа келтіруге болады. 

Кез-келген дәріханадан табылатын қолжетімді дәрі нәзік жандылардың ғана емес өсімдіктердің де сұлулығын сақтауға септігі бар. Сыйланған әсем гүлдер бірнеше күннен кейін табиғилығын жоғалтып, қурап қалады. Егерде гүлдеріңіз ұзағырақ балғындығын сақтасын десеңіз ұнтақталған таблетканы гүлге құятын суға араластырсаңыз, гүл ұзақ уақыт өзінің әсемдігін сақтап тұрады. 

Аспирин киімде қалған тер дақтарын кетірудің де  жолын біледі. Ол үшін екі таблетканы езіп, жарты стақан суға араластырасыз. Сосын киімнің дағы бар жерін осы суға бірнеше сағатқа малып қоясыз. Біраздан кейін киімдегі тердің дағы кетіп қалады. Егер  ыдыс жуатын құралыңыз таусылып қалса, абыржымаңыз. Дереу аспириннің бірнешеуін суға араластырып ыдысты сүртеңіз майдың жұрнағы де қалмайды. Ыдыс-аяққа арналған құбырдың кейде толып қалатыны бар. Ол үшін бірнеше аспиринді сірке қышқылымен араластырып құбырға тастап қойыңыз. Аздан соң крандағы суды ағызып жіберсеңіз, құбырыңыздың тазаланып қалғанын байқайсыз.

Аспиринді көлікте осы бір дәріні алып жүрудің пайдасы мол. Көлік жүргізушілер жақсы біледі, өте төмен температурада отырған аккумулятордың кесірінен көлікті оталдыру қиынға соғады. Сондайда, дистилденген аз ғана суға жарты таблетка аспиринді салыңыз да, ертіндіні құйыңыз. Аспирин мен электролиттің реакциясынан аккумуляторда қысқа уақытқа жететін қуат пайда болады. Бұл көлікті оталдыруға жетеді.

Ацетилсалицил қышқылы туралы тағы бір қызықты деректі айта кетейік. Америкадағы Балалар денсаулығы және адам дамуы Ұлттық институтының ғалымдары арнайы зерттеу жасап, аспирин дәрісінің ұлды болғысы келетіндерге пайдасы зор екенін анықтапты. Егер  көтерген баласы жиі түсіп қалатын әйел  жыныстық қатынас алдында аспирин тұтынса, жоспарланған баланың жынысы ұл болуына 30 пайыз көмек болады екен. Егер адам тұрақты түрде аспиринді қабылдап жүрсе, асқазанның қатерлі ісігіне шалдығу қаупі 48 пайызға азаяды екен. Мұны да ағылшындық ғалымдар дәлелдеп отыр.

Марганцовка атауымен таныс калий перманганаты жиі қолданылатын дәрілердің бірі. Әсіресе асқазан уланған жағдайда осы бір ұнтаққа жармаса кетеміз. Біле білген жандарға ал қызыл түске боялатын ұнтақ өсімдік өсірумен айналысатын шаруалардың таптырмас препараты. Ұнтақты суға ашық қызғылт етіп ерітіп дала, үй өсімдіктерінің топырағына құйса нағыз тыңайтықыш сол болады. Оның үстіне сұйықтық көкөніс пен жеміс ағаштарын түрлі аурудан, зиянкестерден сақтайды. Дұрысы көшетті отырғызардан алдын калий перманганаты ерітіндісімен жуып алған абзал.

Белсендірілген көмірдің пайдасын қыздар қауымы көбірек білетін шығар. Уланған жағдайда көмекке келетін қара таблеткалар артық салмақ тастауға айтарлықтай әсер етеді. Ал оның жағымсыз иістерді жоя алатын қасиетінің барын білесіз бе? Тоңазытқыштан немесе қоқыс шелегінен шығатын жағымсыз иістен арылғыңыз келсе онда міндетті түрде қара дәрінің көмегіне жүгініңіз. Қолдану тәсілі қарапайым: бірнеше таблетканы езіп тоңазытқышқа, қоқыс шелегіне бірнеше сағатқа салып қойыңыз. Біршама уақыттан кейін жағымсыз иістің тарай бастағанын сезесіз. 

Ұйқының пайдасы мен зияны қандай?
Вирусты гепатиттер. Оны емдеу жолдары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу