Ұйқының пайдасы мен зияны қандай?

Oinet.kz 06-12-2019 12974

Балаларға күніне 9- 10 сағат, ал ересектерге 6- 7 сағат ұйықтаған пайдалы.Түскі мезгілде де ұйықтап алған жаман болмайды, ми біршама тынығып қалады.

Біз өміріміздің үштен бір бөлігін ұйқымен өткіземіз. Бұл тіршілік үшін аса қажет. Бір күн ұйқы қанбаса, адамның түрі өзгеріп, көңіл-күйі онша болмайды. Бірнеше күн ұйқысыз өткізсе, бейне бір аурудан тұрғандай түрі қашып, өңі бозарып кетеді. Адам күн сайын белгілі бір мезгілде ұйықтап, белгілі бір мезгілде тұруды әдетке айналдыруы керек. Егер олай істемесе «ұйқы қанбаушылық» пайда болады. Ал ұйқы қанбаушылықтың әсері қандай? Бұған ғалымдардың мына тәжірибесінен жауап табуға әбден болады. 

Screenshot_4.jpg

«Ұйқы адамға сонша қажет пе?» деген сұрақ жауап іздеген американдық ғалымдар ұзақ уақыт ұйқысыз тіршілікті зерттемекші болады (200 сағат). Тәжірибеге Нью-Йорк радиосының дикторы ықылас білдіреді. Алғашқы 135 сағат бойы ол қалыпты жағдайда сөйлеп, әр сағат сайын өзі туралы хабарлап отырған. Дәрігерлер оның хал-жағдайын тексеріп, үнемі жүрек-қантамырларын, тыныс алу органдарының жұмысын тыңғылықты бақылап тұрады. Күніне бес уақыт арнайы дәмді тағаммен тамақтандырады. Диктор мезгіл-мезгіл салқын душ қабылдап, бассейнде жүзеді. Соған қарамастан бесінші күннің кешінде ұйқы мүлде меңдейді, дәрігерлер ағзаны сергітетін әр түрлі дәрі-дәрмек береді. Алтыншы күні айтқанынан жаңылысып, тұтығып қалады. Кейіннен есінен шатасып, басының сақинасы ұстайды... Міне, ұйқысыздықтың, ұйқы қанбаушылықтың әсері осындай жағдайларға алып келеді.  

Адам бойына күш-қуат, жігер жинау үшін шаршағанды басып, жүйке жүйесін тынықтыруда тәтті ұйқының маңызы өте зор. Ең алдымен ұйқыға бейімделу керек. Уақытында ұйықтауға үйрену шартты рефлекске айналғаны дұрыс. Ұйықтай алмайтын адамдар ұйықтау қабілетін жоғалтқан жоқ, тек дағдыға айналған. Ұйқының бұзылуы тамақтануға тікелей байланысты. Тойып ішкен тамақтан соң адам өте мазасыз ұйықтайды. Ащы шай мен кофе де уақытында ұйықтауға кедергі жасайды. Бөлмені желдетіп, ауасын тазартса, іші аса ыстық не суық болмаса, көзге жарық түсіп шағылыспаса ұйқы қанық болады. Жататын жайлы орынның да маңызы зор. Сонымен қатар жамылатын көрпе де үлкен рөл атқарады. Оның жеңіл, ауа өткізетін жұмсақ, икемді, оралымды болғаны абзал. Француз ғалымдары осындай көрпе жамылуды ұсынады. Ауыр көрпе зілдей басып, қан айналысын кемітеді. Соның салдарынан ауа еркін өтпей, дене қатты қызады. Дегенмен, адамның үйреншікті әдеті бәрінен де жоғары. Қызба, ашушаң, ызақор адамдар және кішкене балалар қараңғы үйде ұйықтай алмайды. Сондықтан оларға жарық жағып қою керек. Оның ешбір зияны жоқ. Ал кейбіреулер жатар алдында бір-екі қасық қант не бал езіп ішеді. Бұл да пайдалы. Бірақ сол тәттілерден кейін ауызды шайып, тісті жақсылап тазалау керек. Әйтпесе тіс зақымданады. Кейбіреудің ұйықтар алдында кітап оқитын әдеті бар. Осының бәрі дәрісіз ұйықтауға арналған жаттығулар. Күнде әдетке айналдырған соң сол дағдыларды қалыптастырса, ұйықтау да оңай әрі күні бойы қалжырап шаршағанды тамаша тәтті ұйқымен жоюға болады.

Көпшілігіміз күндіз бір ұйықтап алғанды ұнатамыз. Бір мызғып алғанның өзі күні бойына жететін күш-қуат береді. Ғалымдар жұмысқа қабілеттілікті арттыру үшін күнделікті түс кезінде 20-25 минут көз іліндіріп алуды ұсынады. Ал, ауруханаларда науқастарды сағат 15:00-17:00 аралығында тынықтыратын дәрігерлердің пайымдауынша мидың есте қалу қабілетін арттыру үшін бір сағат ұйықтап алу маңызды. 

Ғалымдар жүргізген зерттеулердің нәтижесі түнгі ересек адамға 7 сағатттық ұйқыдан бөлек күндіз 20 минут тынығып алу қажеттігін көрсеткен. Яғни, түскі «құс ұйқының» адам ағзасына келтірер пайдасы өте зор: жадында сақтау қабілетін арттырады, күйзелістен қорғайды, шығармашылық қабілетіне оң әсер етіп көңіл-күйін көтереді. Ғылыми дәлелденген соң ба, жұмыс өнімділігін арттыруды мақсат тұтқан Батыс Еуропа елдеріның кейбір компаниялары кеңселерін арнайы тынығатын бөлмелермен жабдықтап, қызметкерлерге барлық жағдай жасаған.

Алайда қажетті уақыттан көп ұйықтау – зиян. Шамадан тыс көп ұйқының әсерінен диабет, жүрек ауруларына шалдығу мен артық салмақ қосу қаупі бар. Атап айтсақ, көп ұйықтау адамның: 

1. Жүрек жұмысын нашарлатады. 

2. Ағзасын әлсіретеді. 

3. Есте сақтау қабілетін төмендетеді. 

4. Басын ауыртады. 

5. Сергектігін азайтады. 

Шамадан тыс ұйқы уақытты тиімді пайдалануға да мүмкіндік бермейді. Көп ұйықтаудың әсерінен адам бір күннің ішінде атқаруға тиіс жұмыстарын кейінге қалдырады немесе мүлде атқармайды. Сондықтан, көп ұйықтаудың кері әсерінің де бар екенін үнемі есте ұстаған жөн. 

Дәрінің әсері қай кезде әлсіз болады?
Дәрілердің біз біле бермейтін сиқырлары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу