Ашығу пайдалы ма әлде зиян ба?

Oinet.kz 06-12-2019 1895

Өз бетінше емделген дұрыс па, әлде бәрін жиыстырып қойып, дәстүрлі медицинаның көмегіне жүгінген жөн бе? Бұл сұраққа кесімді жауап қату қиын. Өйткені, дәстүрлі медицинаның түп-тамыры да сол өзін-өзі емдепуге барып тіреледі емес пе?! Аурудан емделудің түп негізі де адамның өз табиғатын танып білуден басталған.

Құдай-ау, қазір өз бетінше емделудің жолы қаншама дерсіз. Бірі шөппен, бірі ашығумен, бір күн сәулесімен, бірі суық сумен... Зәрдің құдіретіне бас иетіндерді де кездесіріп жүрміз. Бірақ, осы әдіс-амалдар қаншалықты нәтиже береді?

Screenshot_1.jpg

Кейінгі жылдары өзін-өзі емдеу әдістерінің ішінде ашығумен емделу кең тарап келеді. Бұл орайда «ашығудың атасы» атанып кеткен америкалық диетолог Пол Брэггтің есімі жиі ауызға ілігеді. «Оның «Ашығудың құдіреті» деп аталатын кітабы тоқсаныншы жылдардан бастап КСРО-да өте жоғары сұранысқа ие болды. Соңғы жылдары бұл кітап қазақ тілінде бірнеше нұсқада басылып шықты. Басылымдарда да оның мақалалары жиі жарияланып тұрады. Сөз жоқ, Пол Брэгг біз үшін аты аңызға айналған тұлға. Алайда, сол аңыздың астарында ақиқат бар ма?

Бірінші аңыз: «95 жасында қайтыс болған»

«Ашығудың құдіретін» алғаш орыс тіліне аударып, оны КСРО-ға таныстырған Стив Шенкман Пол Брэгг туралы ел арасында мынандай аңыз таратып жіберді. «Пол Брэгг 1976 жылы желтоқсанда 95 жасында қайтыс болды. Қаза тосыннан келді. Ол өз ажалынан өлген жоқ. П.Брэгг өзінің сүйікті ісі-теңіз бетінде су шаңғысымен (серфингпен) серуендеп жүріп, алып толқынның астында қалды».

Алайда, АҚШ-та Пол Брэггтің жасына қатысты тың деректер табылды. Соған қарағанда П.Брэгг 1895 жылы Индиана штатының Бэйтсвилль қаласында дүниеге келген және 1976 жылы 81 жасында қайтыс болған. Ал, Пол Брэгг өзінің еңбектерінде 1881 жылы Вирджинияда дүнеге келгенін жазып келген болатын. Арада 14 жас айырмашылық бар. Егер әскерге ертерек бару үшін адам өзіне 1-2 жасты қосып алса, түсінуге болар еді. Ал бақандай 14 жасты қосып жіберуді немене түсіндіруге болады? 

Жарық дүние есігін 14 жыл ерте ашу идеясы шамасы Пол Брэггке отызыншы жылдары, ол өзінің сауықтыру лекцияларын оқып, тек табиғи тағамдарды шығаратын «Bregg Live Foods» компаниясының негізін қалаған кезде туса керек. Яғни, өзін әлдеқайда жас етіп көрсету Пол Бреггке тек табыс табу мақсатында қажет болған сияқты. Және бұл табылған ақыл еді. Өзіңіз ойлап көріңізші, жасы 49-да бірақ 35-тегі жігіттей күлімдеп тұрған данышпанның айтқандарына бұдан кейін кім сенбесін?!

Екінші аңыз: «Су шаңғысымен серуендеп жүріп...»

Екінші аңыз «Пол Брэгг 95 жасында теңіз бетінде су шаңғысымен серуендеп жүріп, алып толқынның астында қалып қайтыс болды».

95 жастағы қарттың су бетінде жас жігіттерше шаңғымен серуендеп жүргенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ақылға қона ма? Жоқ. Пол Брэгг мұны қайтыс болған 81 жасында да жасай алмаған. Куәгерлердің айтуынша, қайтыс боларына санаулы сағаттар қалған кезде, яғни 1976 жылдың 7 желтоқсанында ол теңіз жағалауында тұрып, алыстан су шаңғысымен серуендеп бара жатқан жігітке қарап тұрыпты. Кенет П.Брэгг жігіттің суға құлағанын көрген. Соған қатты қайғырды ма, кім білсін, артынша оның жүрегі сыр беріп, Флорида штатындағы Майами-Бич-тегі ауруханаға жеткізілген. Ол осында көп ұзамай жан тапсырады. Бұл кезде оның жасы жоғарыда айтқанымыздай, 95-те емес 81-де болатын. Дәрігерлер оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын анықтайды.

95 жаста су шаңғысымен серуендеп жүріп қайтыс болғаны туралы аңыздың тууына, әрине Пол Брэггтің қатысы жоқ. Мұны шығарған оның жолын қуушылар, ол негізін қалаған компанияның мұрагерлері болса керек. Сондай-ақ, «қайтыс болғаннан кейін Брэггтің ағзасын тексерген ғалымдар оның терісі мен ішкі мүшелерінің жас баланікіндей балғын да, тың екенін анықтады» деген негізсіз әңгімені таратып жібергендер де белгісіз қалып отыр. 

Үшінші аңыз: «Бала кезінде аурушаң болған»

Кейбір сарапшылар Пол Брэгг еңбектерінің КСРО-да кең таралуын Кремльмен байланыстырады. Мұны жөнсіз дей алмайсыз. Себебі Пол Брэгг өзінің еңбектерінде ет, құс, май, қаймақ, жұмыртқа, шұжық сияқты тағамдардан бас тартып, оның орнына ашығуды, тек көкөніс пен жеміс жидекпен тамақтануды ұсынды. Кеңес басшыларына П.Брэггтің кеңесі қатты ұнап қалса керек. Өйткені, Одақта тоқсаныншы жылдардың басында дәл осы өнімдерді өндірудің жоспары күрт төмендеп кеткен болатын.

Ал, АҚШ-та Пол Брэггтің есімі жұртшылыққа оншалықты таныс емес. Көпшілік оны өзінің сауықтыру лекциялары арқылы табыс тауып жүрген бизнесменнің бірі ретінде білген. Пол су шаңғысында серуендеумен айналысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ, ол АҚШ-та енді  таныла бастаған су шаңғысын жанындай жақсы көргені анық. Өйткені, Брэггтің табиғаты таңсық дүниелерді жақсы көрген. Ол өзінің еңбектерінде кісіні еліктіре түсетін осындай таңсық дүниелерді керемет үйлестіре білген. Мәселен...

П.Брэгг өзінің еңбектерінің бірінде Ресейге саяхат жасағанын, сонда жасы 164-ке келген адаммен жолыққанын жазады. Алайда АҚШ азаматы қырғи қабақ Кеңес одағына арнайы экспедиция жасап, емін еркін ел аралады деген қисынға келе ме? Солай болған күннің өзінде ол неге сол кездегі мерзімді басылымдарда жарияланбаған? П.Брегг «саяхатты» неге Ресейге жасады? Өйткені, америкалықтар үшін бұл кезде Тибет пен Таяу шығыс жұмбақ әдем болудан қалған. Ал шекарасын тас бекітіп жатқан Ресей АҚШ тұрғындары үшін расында да тылсым дүние болатын. Бұдан кейін Пол Бреггтің өте керемет менеджер болғанын мойындамасқа шараң жоқ.

П.Брэгг өзінің өткен өмірі туралы да керемет «ертегілер» айта білген. Ол өз еңбектерінің бірінде бала кезінде аурушаң болғанын, туберкулезбен ауырып, Швейцариядағы ауруханада емделгенін, ақырында ашығудың құдыретімен дертінен айыққанын жазады. Алайда, Пол Брэгг бала кезінде ешқандай аурумен ауырмаған. Қайта күш-қайраты  бойына толысқан келісті де, сымбатты жігіт болған.  Күреспен айналысқан. Алайда оның олимпиадаға қатысқаны шылғи өтірік болып шықты. Шамасы олимпиадаға қатысу да П.Брэггтің бала күннен бергі арманы болса керек. 

Айтқандай, «ешқандай медициналық білімі жоқ бола тұра АҚШ-тың қалаларын аралап, жұртты жинап, лекция оқып (лекцияға қатысу билеті әжептәуір ақша тұрған) қыруар табыс тауып жүрген Пол Брэгг өзінің ақыл кеңестеріне өзі де оншалықты құлақ түре бермеген-ау. Өйткені , кез-келген кәсіби диетолог Пол Брэггтің алпыс жасында түскен суретіне қарап, оның семірудің алғашқысы сатысына өткенін, кем дегенде 15 келі артық салмағы барын айта алар еді. 

Әрине, ашығудың адам ағзасына тигізер шипасы бар. Ол халықтық медицинада ежелден кездеседі. Өз заманында ашығуды ежелгі грек философтары Пифагор, Сократ, Платон жазған. Науқастарға ашығуды Ибн Сина да ұсынған. Қазір ашығумен емделу әдістері АҚШ-тың, Германияның, Италияның, Израилдің, Австралияның озық клиникаларында қолданылады. Білікті диетологтар ашығу дәрігерлердің қатаң бақылауында өтуі тиіс дегенді айтады. Өйткені, ашығу әр ағзаға әртүрлі әсер етеді. Ұзақ ашығу адам өмірі үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ, ашығу арқылы арықтауға болады деген де қате түсінік. 

Қазір ашығумен емдейтін орталықтарды Шымкенттен де кездестіруге болады. Жалпы аурудан емделудің жолын іздегендер қай уақытта да кәсіби мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінгені  жөн емес пе? Денсаулығыңыз алдымен басқаға емес өзіңізге керек екенін ұмытпаңыз.

Электронды темекі шылымды тастауға көмектесе ме?
Шудың адам ағзасына зияны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу