АИТВ-дан айығуға болады

Oinet.kz 04-12-2017 1058

1 желтоқсан – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромымен (ЖИТС/СПИД) күресудің бүкіләлемдік күні. Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) Қазақстанда алғаш рет 1987 жылы анықталған болса, Оңтүстік Қазақстан облысында 1993 жылы тіркелген. Содан бері АИТВ дүниежүзіндегідей елімізде де өзекті мәселе болып табылады. Дегенмен, дер кезінде емделсе, ғасыр дертінен де айығуға болады. Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығының бас дәрігері Талғарбек Мейірхановпен әңгімеміз осы тақырып төңірегінде өрбіді.

Screenshot_5.jpg

– Талғарбек Мейірханұлы, статистикаға сүйенсек, облыста бүгінге дейін 3145 адамның АИТВ-ға шалдыққаны анықталған. Тіркелмей қалғаны жоқ па?

– Заңда бекітілген қағидаларға сай жұқпалы аурулар жағдайларын тіркеу және есепке алу науқастың тұрақты тұратын жеріне қарамастан, аурудың анықталған орны бойынша жүргізіледі. Яғни басқа облыстың тұрғындары ғана емес, шет ел азаматтарында да АИТВ анықталса, олардың барлығы есепке алынады. Статистикаға кірмей қалған науқастар болмайды. Бірақ, екі рет тіркеуді болдырмау үшін басқа облыста тіркелген пациенттер ғана есепке алынбайды. Олар басқа жақтан келген ретінде диспансерлік есепке алынып, медициналық көмек көрсетіледі.

– Жалпы аталған вирустан толық айығудың мүмкіндігі бар ма?

– Бүгінде көптеген ғылыми-зерттеу орталықтары вирустан толық айығудың жолдарын іздестіруде. Бірақ, әлі табылған жоқ. Германияда АИТВ жұқтырған қатерлі ісігі бар науқасқа қан миын (костный мозг) трансплантация отасын жасағаннан кейін толық айықты деген ақпарат тараған. Дегенмен, бұл феномен зерттелу үстінде.

– Қазіргі таңда АИТВ жұқтырған аналар сау баланы дүниеге алып келіп жатыр. Сау ұрпақ үшін не істеу қажет?

– АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу үшін жүктілік кезінде ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдау керек. Сосын кесарь тілігі әдісімен ота жасау арқылы босануы тиіс. Нәрестені емшек сүтімен қоректендіруге болмайды. Нәрестеге 6 апталық профилактикалық ем жүргізіледі. Осы шарттар сақталғанда вирустың анадан балаға берілмейтіні 95-97 пайыз дәлелденген. Облыста АИТВ-ға шалдыққан бар жүкті әйелдерден 487 бала туылған. Профилактикалық емнің нәтижесінде 471-іне вирус жұқпаған.

– Вирусты жұқтырған науқастар қоғамның пікірінен қорқып кей жағдайларда дәрігерге көрінуге сескенеді. Оларға  психологиялық тұрғыда қалай қолдау көрсетесіздер? 

– Емнің дұрыс тактикасын таңдау үшін азаматтар өзінің ауруы туралы медициналық персоналға хабарлауға міндетті. Ал дәрігерлік құпияны жария етуге жол берілмейді. «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» болмаған жағдайларда жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бірақ «өлімнен ұят күшті» деп тәрбиеленген жерлестеріміздің дәрігерге көрінгісі келмейтіні көп, диагнозын жасыратындары жиі кездеседі. Психоәлеуметтік кеңес беру үшін облыстық СПИД орталығында арнайы психолог мамандар бар. Одан басқа пациенттерге психологиялық қолдауды «Теңге – тең» принципімен көрсету үшін АИТВ-мен өмір сүретін адамдардан өзара көмек көрсету тобы құрылған. Солардың әсерімен дәрігерге көрінуден, емді бастаудан сескеніп жүрген пациенттер бүгінде бізге келіп ем қабылдап жүр.

– Біздің білетініміз облыс тұрғындарының 85 пайызы ерікті түрде денсаулығын тексертуге дәрігерге бармайды. Сіздің ойыңызша арнайы заң енгізіп, мәжбүрлі түрде профилактика жүргізудің қажеті бар ма?

– Әлемдік тәжірибе мұндай заң енгізу адамдардың құқығын шектеумен тең екенін көрсетті. Бүгінгі күнде облыстағы АИТВ-ның таралу көрсеткіші – 0,13 пайыз. Сондықтан жаппай тексеруді енгізу фармакоэкономикалық талдау нәтижесінде тиімсіз. Арнайы нормативтік актілермен қауіпті топ өкілдеріне АИТВ-ға міндетті тексеру ұйымдастырылған. Дегенмен, азаматтар ерікті түрде өздерінің тіркелген емханаларында тегін тексерілуіне болады. Некеден тыс жыныстық қатынасқа түскен азаматтар, жүкті әйелдердің жұбайлары ерікті түрде АИТВ-ға тексерілуі қажет. Бұл өзінің ғана емес, сүйіктілерінің де денсаулығына, болашағынан үміті барлардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі болып табылады. 

– АИТВ-ға қарсы терапия қалай жүргізіледі? Әлемде вирусқа қарсы қандай жаңа технологиялар қолданылуда?

– Облысымызда ретровирусқа қарсы терапия тәжірибесінің енгізілгеніне 12 жыл болды. Елімізде АИТВ-ны емдеудің клиникалық хаттамалары ДДСҰ ұсыныстарына сәйкестендірілген. Дәрілік заттар таблетка түрінде беріледі, күніне 1 рет қабылдайды. Пациенттер терапияны үзбеген жағдайда 1-3 ай мерзімінде қан құрамындағы вирус мөлшері анықталмайтын деңгейге дейін төмендеп, иммунитет көрсеткіштері қалыпқа келеді. Бұл – дәлелденген әлемдік тәжірибе. Қазіргі уақытта әлем медицинасында осы препараттарды қолданудың жаңа технологиялары ретінде таблеткаларды күнделікті емес, 3-6 айда 1 рет инъекция түрінде қабылдаудың клиникалық сынақтары жүргізілуде. Оң нәтиже берсе, қауіпсіздігі дәлелденсе, жаппай қолданысқа ұсынылатын шығар. 

 – Балаларда вирусты жұқтыру жиі кездеседі ме? Кездескен жағдайда, олардың сау балалармен бірдей өмір сүруіне елімізде жағдай жасалынған ба?

– Балаларда вирусты жұқтыру жағдайлары жылына 2-3 рет кездеседі. АИТВ жүктілік уақытында, бала емізіп жүрген кезінде анасында болмауы мүмкін. Бірақ, еметін баласы бар әйелге жыныстық қатынастан сақтанбайтын күйеуі арқылы жұққан жағдайлар кездеседі. Ал, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы  Кодекстің 113-бабында «АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын балалардың мектепте және басқа оқу орындарында оқуы қамтамасыз етіледі. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне және оқу орындарына қабылдаудан бас тартуға, сондай-ақ олардың өзге де құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың туыстары мен жақындарының тұрғын үй және өзге де құқықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Өйткені олардан күнделікті оқу-тәрбиелік процесс кезінде басқа балаларға АИТВ жұқпайды. Бұл мақсатта СПИД орталығының мамандары жыл сайын оқу орындары мен балабақшаларда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Лазерлік эпиляция қаншалықты қауіпсіз?
Паркинсон ауруы тұқым қуалау арқылы беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу