Ара өсірген өкінбейді

Oinet.kz 10-07-2019 902

Screenshot_36.jpg

Көзін тапқанға кәсіптің қай түрі болсын табысты. Еңбек пен ізденіс және табандылық та кәсібіңнің жемісін көруге тікелей ықпал ететінін кәсіпкерлер жақсы біледі. Кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Елбасы Жолдауларында да орта және шағын бизнесті дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мысалы, күні кешегі Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев жастарға қарата: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар.   Шеберліктің шыңына жете білсеңдер  мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», деген болатын. Ерінбей еңбек еткен адамның озатынына омарташылар да көз жеткізіп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында 1200 шағын, орта және ірі ара өсіруші жеке және заңды тұлғалар бар екен.  Олар жылына 100 тонна бал өндіреді. Айта кетелік, омарташыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Бал ара шаруашылығын дамыту мақсатында селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін әрбір ұяшығына мемлекет тарапынан 3190 теңге қолдау қаржы төленуде. Ал 2016 жылы 3 мың ұяшыққа 9570,0 мың теңге қаржы бөлу жоспарланған.

Оңтүстіктің омарташыларына қолдау көрсетіп отырған «Ырыс» микроқаржы ұйымы  «ЭкоМёд» ЖШС-іне төмендетілген жылдық мөлшерлеме негізінде 5 млн. теңге несие берген. Серіктестік оған 480 дана ара ұяшығын сатып алыпты. Олар әр ұяшықтан шамамен 25-30 келі әсел өнімін алады. Биыл шаруашылыққа Австрия мен Украина елдерінен асыл тұқымды карпаттық бал аралары әкелінген. Араның бұл түрлері балды жақсы жинайды әрі ауа-райына жылдам бейімделеді екен. Балдың аққурай және таулы түрлерін өндіретін шаруашылық өз өнімдерін Қазақстанның солтүстік және орталық областарына және көрші Ресей еліне экспорттаған. Бұл қаржы ұйымы қолдау көрсеткен бір ғана серіктестіктің жұмысы. Сондай-ақ, облыста бал ара шаруашылықтарды ғылыми сүйемелдеумен айналысатын «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-інде бал ара шаруашылығы секторы жұмыс істейді. Ал ЖК «Демидов»  бал аралар аналығын қолдан ұрықтандырумен айналысып келеді.

Мұрағаттан, 2016 ж

Смартфонға тәуелділіктен қалай құтыламыз?
Мицеллярлы су немесе гидрофильді май
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу