«Миым тоқ жүрсін» десең
Негізінде, бір орында тұрақтап қалу деген ұғым жоқ, не алға қарай ұмтыласың, не артқа қарай шегінесің. Мектеп кезінде, университет қабырғасында миың үнемі қозғалыста болып, жаңа мәліметтермен толықтырылып, "миыңның қарны" тоқ жүреді. Ал, жұмысбасты ересек адамдар үшін миын үнемі жаттықтырып отырған абзал. Жылдар өте береді, ал ми сенің сырт пішініңмен бірдей қартаяды. Миға да фитнес қажет. Фитнес қобдишасындағы жаттығулар тізімі (тегін):
Параллельді сурет салу
Қолыңызға қағаз алып, оң қолыңызға да, сол қолыңызға да қалам алып, бірдей фигураларды сала бастайсыз. Бұл жаттығу мидың оң және сол жақ жартышарларын бірдей дамытуға көмек береді. Жаттығуды жасаған сәттен бастап, сізді оң нәтижелер күтеді.
Бұрын қабылданған ақпаратты қайта еске түсіру
Тыныш кеңістікте отырып, көзіңізді жұмып, өміріңізде орын алған жайтты немесе адамды есіңізге түсіріңіз. Мәселен, ол адамның түр келбетін шашын, көзін, қабағын, одан соң маңыздырақ жерлерін, дауысын есіңізге түсіріп көріңіз, күлгенін, тіпті иіссуы есіңізде болуы мүмкін. Және бұл жаттығуды күн өткен сайын дамыта беруге болады. Жаттығу сіздің креативтілігіңізді, жасампаздығыңызды, қиялыңызды, шығармашылық ептілігіңізді арттырады.
Линкольн әдісі
Авраам Линкольн Американың президенті ретінде халқына жақын болу үшін барлық адамдардың атын есіне сақтауға тырысқан, тіпті қоймасындағы қоқыс жинаушыға дейін тегіс атын білген. Оның себебін сұраған қызметшілеріне Линкольн кез келген адамның атын білу арқылы мен адмдарға жақын боламын, оның үстіне жаттау қабілетімді арттырады деп жауап берген. Президент өз қойын дәптерін үнемі танысқан адамдарының атымен толықтырып отырған.
Нейробика, қалыпты темпті өзгерту
Үйреншікті дүниелерді өзгерту; оңақай болсаңыз, сол қолмен жазу, солақай болсаңыз, оң қолмен жазу; күнделікті маршрутты өзгерту, мысалға, барып жүрген жолыңмен емес, өзге жолдармен де жүріп отыру; үйдің ішінде көзіңді жұмып қимылдау; заттарды көзді жұмып, сипалап көру, ажырату; өзіңе таңсық жұмыстарды істеп көру; күнделікті сұрақтарға қалыптан тыс жауап беру.
Алфавит
Бұл жаттығуда сізге керегі ойынсерік. Серігіңізбен үш әріп таңдап, оның бірінде оң қол, екіншісінде сол қол, соңғысында екі қол көтересіз. Мәселен: Н-оң қол, Т-сол қол, П-екі қол деп алсаңыз, осы әріптерді араластырып тез-тез айтып жаттығуды орындау қажет. Жаттығу шапшаң ойлауды қалыптастырады.
Логикасыз тізбек
Бұл жаттығуды мектеп қабырғасында барлық бала ойнаған болар. Алайда ол кезде қызық үшін ойнасақ, енді амал жоқтан. 10 шақты, шамаңыз келсе 20, 30 сөзді жазып оларға 90 секунд қарап тұрып, кейіннен сол сөздерді қатарымен еске түсіріп, дауыстап айтыңыз. Жаттығу ойлау қабілетіңізді арттырады, жадыңызды іске жарамды етеді.
Жаңа сөздермен ойланыңыз
Кітап оқыңыз, асқазаныңыз үнемі жаңа тамақ жегенді жақсы көреді емес пе, сол секілді миыңыз да жаңа сөздерді жақсы көреді, ол үшін үйреншікті емес сөздерді көп қолданыңыз. Жаңа сөздер қолдану арқылы сіз миыңызға бақыт пен шаттық сыламайсыз, бірақ пайдалы, әйтеуір.
Менталды массаж
Көзіңізді жұмып басыңызды, оның ішіндегі миыңызды елестетіңіз. Және сол миыңызға ойша массаж жасаңыз. Массаж он минут не бес минут болуы мүмкін, ол сіздің миыңызға тыныштық, балғындық сыйлайды.
Ми да махаббат сияқты, қадірін білетіндерге беріледі.