Ат қою дәстүрі

Oinet.kz 05-10-2020 1560

Балаға ат қою мәселесіне назар аударуымыздың бір себебі, жаңа дәуір-дің келуімен жаңаша есімдер пайда болып, қазіргі қазақтардың балаға ат қоюда таңдауы молайды. Дегенмен осы біз балаға дұрыс ат қойып жүрміз бе?! Еліктегеннің жөні осы екен деп түрлі сериалдардағы кез-келген шетел-діктердің атын (Изаура, Аарон, Элисса, Омер-Фарук,) немесе әкесі мен шешесінің атының буындарынан құрастырып (Әділет пен Мәдинадан – Әдина), тіпті кейде не қазақша не орысша мағынасы жоқ аттар (Айнара, Сафиназ, Мурсалима, Ясин-Ахмет, Самитхан, Самита, Азиада, т.б.) немесе қазақша әп-әсем атты орысшалап бұзып (Елнұры – Эльнура, Әнел – Анелья, Әмина – Амина, Әмір – Амир, т.б.) қойып жатамыз, осынымыз дұрыс па деген оймен ата-аналар ескере жүрсін деп қазақтардың балаға ат қою рәсіміне тоқталғалы отырмыз. Дұрыс қойылған есім баланың тағдырына да ықпал ететінін, баланың өз атына қарап өсетінін естен шығармаған жөн.
Халқымыз үшін баланың дүниеге келуі ең үлкен қуаныш. Сондықтан да баланың атын қоюға асқан жауапкерші-лікпен қараған. Дәстүр бойынша баланың атын атасы немесе сәби өскенде жұртына қадірлі болсын деген ниетпен елге сыйлы ақсақал қоятын болған. Кейде ат қою құрметі жақсы тілекпен үйге келген құтты қонаққа берілетін болған.
Жалпы қазақтар балаға ат қою рәсіміне үлкен мән берген. Балаға әдемі, мағыналы ат қойған немесе сәл де болса сол адамдарға ұқсасын деген ниетпен елге танымал адамдардың есімін берген.
Ертеде қазақтар бала дүниеге келген кездегі жағдайлармен байланысты да ат қойған. Мысалы: жыл мезгіліне байланысты – Қыстаубай, Наурызбек, шөп шауып жатқанда дүниеге келсе – Шөптібай, ауа-райына байланысты – Жаңбырбай, өңірдің топонимикасына байланысты – Арал,Теңізбай, Қосқұлан дене тұрқы (Дәуқара, Байсары) мен денсаулығына, сондай-ақ түрлі ырым-сенімдер (баласы тұрмаған үйлер біреуден сатып алдым деп Сатыпалды, ақысын төледім деп Төлеген) мен айтулы жағдайларға да – Айтбай, қызы көп ұл күткен үйлер келесі бала ұл болар деген үмітпен қыздарына Ұлболсын, Ұлтуған, Ұлдай деп ат қойған. Қыздарға ең әдемі, нәзік, айтуға жеңіл есімдер қойылған.

Ұл балалардың есімі
Ұл – келешек отбасы мен әулеттің қорғаушысы. Сондықтан да олардың аты ұлттық салт-дәстүрге байланысты қойылған. Мысалы:
• баласы тұрсын деп – Тоқтар, Тұрар, Тұрсын, Тоқтасын, Өтеген, Өтеміс, Төлеген, Төлеміс, Төленді;
• тіл көзден сақтасын деп – Елеусіз, Елемес;
• ұзақ өмір сүрсін деп – Елубай, Жүзбай;
• баласы күшті әрі шыдамды болып өссін деп – Темір, Қасқырбай, Бүркіт, Қаршыға, Арыстан қойса;
• әлі күнге дейін жаңа туған нәрестеге атақты адамдардың есімін береді – Абылай, Абай, Шоқан, Шакен, Димаш, Қаныш.

Қыз балалардың аты
Қазақ халқы қашан да қыздарына әдемі, сұлу, нәзік болсын деген ниетпен – Айсұлу, Айдай, Сұлухан, Жібек, Алтын, Меруерт, Маржан, Інжу деп ат қойған.
Аралас некелі отбасылар өз балаларына Альбина, Сабина, Тимур, Руслан сияқты түркі тектес орыс есімдерін береді.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қазақтың арғы аталары сақ-массагеттердің Зарина, Томирис, Рүстем, Соғдиана сияқты парсы тектес есімдерін қою жиі кездеседі.
Негізінен көпшілік ата-аналар өз балаларына тарихи, мұсылман есімдерін береді. Десе де қазақы еліктегіштігімізден сирек кездесетін есімдерді де кездестіріп қаламыз. Мысалы: 2010 жылы желтоқсанда Астанада өткен ЕҚЫҰ –ның саммиті құрметіне Самитхан, Самита; 2011 жылғы қысқы Азиада ойындарының құрметіне Азиада деген есімдер де кездесіп жүр.
Баламыз жақсы адам болсын десек, мағыналы, ойлы ат қояйық. Себебі бала атына қарап өседі.


Қымыз туралы білгеніңіз жөн
Қай жеріңізде қалыңыз бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу