Қандай жағдайда жасанды тырнақ жасатуға болмайды?
Жасанды тырнақты кез келген адам кез келген уақытта жасата алады. Алайда мүлде қайшы келетін жағдайлар да бар. Біріншіден, зақымданған және қышыма ауруы (грибок) бар жандарға тырнақты жасанды жолмен өсіруге болмайды. Сондай-ақ тырнақ айналасындағы ет (кутикула) зақымданған жағдайда (мысалы, кесіп алсаңыз) жасанды тырнақ өсіртпеңіз. Өйткені жараға гель не акриль түссе, асқынып кетуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар, ақ халаттылар жүрегі ауыратын, қан тамырлары ауруымен ауыратын, қант диабеті бар адамдарға жасанды тырнақ өсіртуге әуес болмауға кеңес береді. Қолы өте қатты терлейтін қыз-келіншектер де жасанды тырнақты мүлде ұмытқаны жөн. Антибиотик немесе гормоналды дәрілер қабылдау кезеңінде де жасанды тырнақ өсірту жағымсыз жағдайларға алып келуі мүмкін екен.