Жасанды тырнақ өсіру зиян ба?
Көп қыз-келіншектер тырнаққа маникюр жасатуға қорқады. Себебі тырнағын зақымдап алудан және бояу мен құрал-саймандардың сапасына күмән келтіреді. Тырнақ әрлеуші Таңшолпан Әуезбаеваның айтуынша маникюр жасаудың денсаулыққа аса зияны жоқ. Дегенмен «сақтансаң сақтайды» деген қағиданы ұмытпаған жөн дейді ол.
– Гельдің тырнаққа зияны мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Қанша дегенмен бояудан кейін тырнақтың беті зақымдалып, жұқарады. Бірақ оны қайта қалпына келтіруге болады. Бізге жүгінбестен бұрын клиенттен бояуларға, қандай да бір косметикалық құралдарға, дәрілерге аллергиясы бар-жоғын сұрап аламыз. Маман болған соң бірінші кезекте санитарлық-тазалыққа көңіл бөлеміз. Барлық құрал-жабдықтарды қолданардың алдында стерилизациядан өткіземіз. Саймандарды залалсыздандыратын арнайы аппаратымыз бар. Қолданылған құралдарды сол аппаратқа саламыз да микробтарды тазартып аламыз. Бұл шеберді де, өзге клинеттерді де түрлі жұқпалы дерттен, инфекциядан қорғайды, – дейді тырнақ әрлеуші.
Әдетте әйелдер өте көп пайдаланатын тырнақ бояуларының құрамында 70-80 пайызы газға айналатын ерітінді, 15 пайыз мөлшерінде нейтралдандыру талшығы, сондай-ақ аз мөлшерде, камфор, титанды ағартқыш, еритін қосынды болады екен. Мамандар сапасыз дайындалған тырнақ бояуы адамға аса зиянды екенін айтады. Әйелдер тырнақ бояуын барынша аз пайдалануы немесе мүлде пайдаланбағаны дұрыс дейді.
Жүкті әйелдерге тырнағын бояуға мүлде болмайды. Өйткені, тырнақ бояуының құрамындағы сірке қышқылы, формалин ертіндісі сияқты органикалық заттар, тағам арқылы организмге енсе, өте қауіпті. Ондай жағдайда, адамның басы айналып, тыныс жолдары тітіркеніп, терісі құрғап, ми-жүйке жүйесі зақымдалып, әйел түсік тастайтын қалге душар болады. Тіпті эмбрин клеткалары бұзылып, рак ауруының пайда болуына жол ашуы да ғажап емес. Ал, тырнақ бояуы толық кеппей денеге тисе, көз, құлақ, ерін, мойын терілерінің қабынуы мүмкін. Әлемде мұндай жағдайлар өте көп тіркеліпті. Сондай келеңсіз жағдайларды мысалға ала отырып ғалымдар тырнақ бояуын пайдалану мөлшері қанша көп болса, қатерлі ісік сынды жаман аурулардың да пайда болу мүмкіндігі соншалық жоғары екенін алға тартады.