Бет күтіміне арналған кеңестер
Қыз баланың бой жету шағында бар ойы өзінің сұлулығы пен сымбаты жайында екені бәрімізге мәлім. Себебі жеткіншектер үшін қатарластарының арасында сұлу болып жүргені маңызды. Алайда "бес саусақ бірдей емес", барлық жас қыз сұлулығын бірінші орынға қояды деп айту қиын. Мектеп, оқу бітіргенше бұл мәселе жайында уайымдамайтын аруларымыз да бар. Қыздардың кейбіреуінің беті табиғи таза болып келетіндіктен, ол жайлы ойланып та жатпайды. Алайда ғаламторда "бет терісін тазалау, жылтыр ету" туралы кеңес сұрап жатқан бойжеткендеріміз де аз емес. Сол себепті, бетті күтуге арналған бірнеше кеңесті назарларыңызға ұсынамыз:
1. Антиоксиданттар. Теріңіз жаңаруы үшін күнделікті құрамында антиоксиданттар бар тағаммен тамақтанғаныңыз жөн. Антиоксиданттар авокадо, қаражидек, шие, қауын, балық, тауық, орамжапырақ, саңырауқұлақ, көк шай және қызыл бұрыштың құрамында болады.
2. Бета-каротин. Бетті құрғақтық пен әжімнен қорғайтын бірден-бір көмекші – бета-каротин. Ол қарбыз, сәбіз, шпинат пен брокколидің құрамында болады.
3. Зығыр майы. Бетті күту дегенде адам ойына бірден "маска жасау" келеді. Алайда бұл жалғыз әдіс емес. Жоғарыда келтіргеніміздей, тамақтана отырып та, бет терісінің жақсаруына қол жеткізуге болады. Салат дайындау барысында зығыр майын пайдаланыңыз. Оның құрамында бетті ылғалдандыратын омега-3 және омега-6 қышқылдары бар.
4. Тазарту. Бетті тазарту дегеніміз оны тек арнайы сабынмен жуу емес. Оны тазартып, әлдендіріп, нәрлендіру керек. Осылайша күнде кешке тазартып тұрсаңыз, бетіңіз жарқырап, тазаратынына күмән жоқ.
5. Жаңарту. Бет терісін өлі қабығынан тазартып тұру керек. Ол үшін, әдетте, скраб көмекке келеді. Скраб бетімізді тазартып, жаңартады. Аптасына бір мезгіл жұмсақ скрабты пайдаланып, одан кейін міндетті түрде бетіңізді ылғалдандырып тұрыңыз.
Осы кеңестерді бұлжытпай орындап, бетіңізге күтім жасаңыз, арулар! Өйткені әдемілік әлемді құтқарады емес пе?