Күннен қуаттанатын станция іске қосылды
Созақта 50 МВт қуат өндіретін күн электр станциясы іске қосылады. «ЮКСЭС 50» ЖШС қолға алған жобаның іргетасы қаланды. Оған Созақ ауданы әкімі Салыхан Полатов, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ аймақтық директоры Даулетқожа Мамыров, «Risen Energy» компаниясының бас менеджері Чампион Юань қатысты.
Жаңа жоба - шын мәнінде атап айтуға тұрарлық айрықша құнды бастама. 60 миллион доллар қаржы құрайтын жобаға гонконгтық «Risen Energy» компаниясы инвестиция салып отыр.
- Бүгінде қауіпсіз энергия көздерін дамыту еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін Үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Осы орайда Созақ ауданында энергетикалық кешенді дамыту үшін үлкен жобаны іске асырғалы отырмыз. Аталған істің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 100-ге тарта адам тартылады, - деді аудан әкімі Салыхан Полатов.
Жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құрылысқа қажетті 125 гектар жер телімі берілді. Станцияға заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар қойылады. Нысан келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Жоба толық қуатты жұмыс істей бастаған кезде тұрақты 30 жұмыс орны ашылады.