Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Элита деп үздік, таңдаулы, іріктелген, сұрыпталған, жақсылар мен жайсаңдарды, ығай мен сығай, жоғарырақ көтерілетін болсақ – би-болыстар мен хан-сұлтандарды айтады. Ал басқару тұрғысынан алғанда қоғамның элитасы деп ел үшін маңызды шешімдерді қабылдайтын, сондай-ақ, ел сүйсініп қарап, таңдауы мен әдет-ғұрпына жұрт еліктей қарайтын адамдарды айтады. Егер мемлекетті қоғамның миы дейтін болсақ, элитаны сол мидың жүйке жүйесі, қоғам өміріндегі жағымды-жағымсыз үдерістерді реттеп, отыратын қозғаушы күші деуге болады. Қоғамның қаншалықты бәсекеге қабылетті болуын осы элитаның жұмылған жұдырықтай ынтасы, мотивациясы мен табандылығы анықтайды. Кезінде Америкамен болған күресте халқын жұмылдыра білген, соның арқасында АҚШ-тай алыпты жыға білген Вьетнамның элитасын ұлы жеңістің қозғаушы күші деуге болады.
Осы тұрғыдан алғанда элитаның ұлттық мүддеге опасыздық жасауы – соғысып жатқан армия қолбасшыларының толық құрамымен опасыздық жасауымен бірдей. Элитаның өз қоғамына опасыздық жасауы – жаңа бір құбылыс емес. Экономист әрі саясатшы Михаил Делягиннің жазуынша, Милошевичтің өзі мен төңірегіндегі адамдардың өз активтерін (байлығын) Югославияның агрессорлары болып табылатын елдерде сақтауы тек өз мемлекетінің ыдырауы емес, Милошевичтің өлімімен аяқталды. Публицист Делягин мырза: «Кезінде Совет Одағының президенті Михаил Горбачев Батыспен ынтымақтас болу үлкен байлық әкеліп қана қоймай, жазадан да құтылуға болатынын паш етті» дейді. Делягиннің айтуынша, Отанына опасыздық жасаған Милошевичтің өлімі, Пиночеттің тұтқындалуы, байлыққа кенелуді мұрат етіп, өз басшысын сатқан Саддам Хусейннің айналасындағылардың өлім жазасына кесілуі бүгінгі элитаға әсер етіп отырған жоқ. Неге бұлай? Сарапшының пікірінше, нарықтық қатынастар мен «ақшаға бәрін сатып алуға болады» деген нарықтық экономиканың идеясы осы жағдайды туындатып отыр. Бұл элитаның отансүйгіштік критериі өте қарапайым: олар үшін ең бастысы – өз активтері. Ресеймен Батыстың арасындағы текетіреске қарамай, орыс қоғамының жоғары тап өкілдері өз активтерін де, отбасыларын да Батыс елдерінде ұстап отыр. «Оффшорлық демократияның» өкілдері Ресейді Отаны деп емес, «трофейлік кеңістік» деп қарайды. Бұл тап өкілдері үшін күн Шығыстан емес, Батыстан шығады. Батыс банктеріндегі активтері үшін олар өз ұлтының мүддесін аяқасты етуге дайын.
Ресей мен Қазақстан элитасының арасындағы айырмашылық қаншалықты екенін баса айту қиын, бірақ Горбачевтің «үздік нарықтық үлгілері» ескерусіз қалмады. Советтік Қазақстанның партноменклатурасының «ішіп-жегені» жайлы «жер жарған» ақпарат шамалы. Ілгергінің тілімен айтқанда, бұрынғының бірінші хатшылары «түйені түгімен жұтқан шығар», ал бүгінгінің әкімдері мен министрлері «эшолонды жүгімен» жұтатын болды.
Мүлікті жария ету (легализация) саясатының астарында да шет елдердегі қазақ қапиталын кері, Қазақстанға қайтарумен қатар, активтері мен отбасыларын Батысқа алып кеткен шенділерді бақылауға алу, олардың Отанға опасыздық жасау ықтималын шектеу болып табылады. Әзірге бұл саясат күтілген нәтижені берген жоқ. Ресми деректерге қарағанда, Батыс елдеріне әкетілген қазақ капиталының көлемі бүгінде 140 миллиард доллардан астам қаржыны құрап отыр. Бұл процесті тоқтатуға құқық қорғау органдары қауқарсыз ба деген ой туады. Заңсыз иеленген активін (капиталын) әкетіп жатқандар қара жаяулар емес, жүрген-тұрғаны, есім-лауазымы белгілі адамдар. Сондықтан, олардың аяқ астынан, із-түзсіз жоғалып кететініне зиялы қауым былай тұрсын, ауылдағы бағбан мен бақташы да сенбейді.
Арабтарда «Байлыққа деген құмарлық шөлден де күшті» деген мақал бар. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с «бай адамға Тұр тауындай алтын берсең, тағы сондай алтын алуды қалайды», дейді. Яғни байлыққа деген құмарлықта, дүниеқоңыздықта шек жоқ. Өзі байлық пен биліктің шыңына жеткен, байлықтың табиғатын терең зерттеген марқұм Борис Березовский: «Ақшаң аз кезде ақшаны, Құдайды және туыстарыңды ойлайсың. Ақшаң көбейгенде, ақша мен сол ақшаны көбірек берсе екен деп, Құдайды ойлайсың. Ал ақшаң әбден көбейгенде – тек ақшаны ойлайсың» деп жазған болатын. Ия, қазір Аллаға емес, ақшаға, дұрысын айтқанда – АҚШ-тың долларына сиынатындар көбейді.
Оңтүстіктегі көршіміз – Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Исламқызының 1 миллиард долларға жуық қаржысын АҚШ-тың құқық органдары «тұтқындап» отыр. Өзбекстан үкіметі сол қаржыны кері қайтаруды армандап, Американың айтулы адвокаттарын жалдады. Гүлнара ханымның «мырза қамақта», яғни үй қамағында отырғаны айтылып келеді. Егер сол қаржы өзбек экономикасына инвестицияланып, жаңа жұмыс орындарын ашқанда, Гүлнараның өзі – табысқа, ал ел – айтарлықтай игілікке ие болар еді. Мұндай мысалдар көп. Бірақ ол мысалдардан ғибрат алып жатқан шенді жоқ.
Глобализацияны, яғни жаһандану процесін зерттеп жүрген ғалымдар бүгінгі бәсеке сананы қалыптастыру саласында жүріп жатқанын айтады. Сондықтан элитаның санасын кімнің және қалай қалыптастыратыны маңызды мәселеге айналып келеді. Достық жеке адамдардың арасында, тіпті халықтардың арасында да болуы мүмкін. Ал мемлекеттер арасында тек қана бәсекелестік болуы мүмкін. Сондықтан элитаның санасын сыртқы күштер немесе басқа елдердің институттарының қалыптастыруын колониализмнің жаңа, көлегейленген түрі деуге болады. Өз басым институттың үш курсын Ресейде оқыдым, сондықтан болар, әлі де сол орыс менталитетінің «шинелінен» шыға алмай келемін. Ал Батыста, түрлі халықаралық гранттар мен көмектер аясында білім алған жастардың жағдайы менің мәселемнен де ауыр болуы әбден мүмкін. Жалпы санасы сыртқы күштердің ықпалымен қалыптасқан адамдардың өз Отанына деген көзқарасы күзетшінің қамауханадағыларға қатынасындай болады деген тұжырым бар. Бүгінде Қытайдың жоғары оқу орындары қазақ жастарын шақырып жатыр. Жарнамалануынша, оқуға түсу үшін ҰБТ-ның да қажеті жоқ. Мұндайда орыстар: «бесплатный сыр бывает только в мышеловке» дейді.
Жалпы бүгінгі білім стандарттарының негізінде Батыстың либералдық құндылықтары жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі қазақ элитасының санасы – батыстық идеялармен суғарылған, ал тілі – орысша шыққан: девальвация мен теңгенің бағасы ырқына жіберілген кездегі өте маңызды мәжілістер дерлік орыс тілінде өтті.
Бүгінде ұлттық сананы батыстық құндылықтар, ал тұтыну мәдениетін – трансұлттық корпорациялар қалыптастырып жатқанының куәсі болып отырмыз. Қымыз бен қымыран «фанта», «коламен» бәсекелесе алмайды. Егер Қазақстанда «Кока-коланың» көлемінде қымыз ішілгенде, еліміз жылқылы державаға айналған болар еді: тілде – қымыз болғанмен, ділде – кола.
Элита ешқашан қарашаға қарап өмір сүрмейді және қарашаның мақсат-мұратын құндылық деп санамайды. Тойларда солют ату, қалыңдық пен күйеудің киімі, басқа да жаңадан қалыптасып келе жатқан әдет-ғұрыптар – қазаққа мүлдем қатысы жоқ церемониялар – рәсімдер мен салтанаттар элитаның әкелген жаңалықтары. «Байлық рәсімдерді тудырады» деген қағидат бар. Ал бұл қағидаттар батыстық құндылықтардың көшірмесі ретінде қалыптасып келеді.
Элита мен халықтың қатынасы мен кездесулері жасанды сипаттағы рәсім. Бүгінгі элита қарапайым адамдардың жағдайын түсінейін немесе сезінейін деп емес, имиджімді, абыройымды көтерейін, рейтингімді арттырайын деп ойлайды. Бұл орайда, өзіндік ұстанымы жоқ кейбір БАҚ-ты өз мүддесі жолында бағыттай білген элита өкілдерінің асығы алшысынан түсіп жатыр. Арабтарда «Есекті тойға су тасу немесе отын әкелу үшін шақырады» дейді. Билік керек кезінде пайдаланып, қажетсіз болғанда, залдан қуып шығатынын көріп жүрсе де, кейбір ақкөңіл журналистер өздерін 4-ші билік өкілі санайды. Ол әріптестеріміз елде мүдделері бір-біріне кереғар элита мен қара халық бар екендігі жайлы терең ойлай бермейді. Кейде сол элита өз мүддесіне жету үшін сыртқы күштердің көмегіне жүгінеді. Тарихтан мұндай мысалдарды жақсы білеміз. Соңғы жылдары болған түрлі-түсті революциялар – бұл тезистің анық айғағы.
Постсоветтік елдердегі элитаны тежейтін күш жоқ: оған сайлаушы да, салық төлеушілер де ықпал ете алмайды. Постсоветтік элита өзін халықтың бір бөлігі деп емес, әлемдік элитаның құрамдас бөлігі деп санайды. Қарсы шығатын адамдар мен институттарды дер кезінде сабасына түсіреді, ал егер бассыздық танытса, таптап, жойып жібереді. Әдетте бұл «еттартқышқа» үлкен биліктен, элита болудан дәмелі оппозиция өкілдері түсіп жатады. Мұндағы қатал талап: байлыққа ұмтылсаң – ұмтыл, бірақ билікте ісің болмасын. Роберт Гриннің «Биліктің 48 заңы» деген кітабы бар. Бірінші заңы орысшалап айтқанда «Не затмевай начальника» деп аталады. Бастықты басынып, жолын кесетін болсаң – басың кетеді» осыны ұмытпа дейді бүгінгі күннің Макиавеллиі атанған Грин мырза.
Бүгінде трансұлттық корпорациялар мен халықаралық қаржылық институттардың ықпалы артуда. Әлемдік банк және Халықаралық валюта қоры сияқты институттар дамушы елдерге нарықтық қатынастарға бастайтын реформаларды ұсынып келеді. Ұлттық элитаға ұсынылып отырған сол реформалардың приоритеттерінің бірі – мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін қысқарту болып табылады. Осы тұрғыдағы нарықтық қатынастардың бүгінгі сипаты байлардың әрі қарай баюына, ал кедейлердің әрі қарай кедейлене түсуіне бағытталған. Жалақысы мен табысы бірнеше есе көп Еуропа елдерінің бірқатарында ЖОО-да білім алу тегін немесе Қазақстанға қарағанда едәуір арзан. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына берілетін көмекті мұндағы көмекпен салыстыруға болмайды. Ия, постсоветтік елдердің конституцияларында мемлекеттің әлеуметтік екені кіріспесінің өзінде айтылған. Әзірге бұл – «қожакөрсін» сипаттағы преамбула.
Ілгергі сарындағы политология «қауымына қарап молдасы қалыптасады» дегенді алға тартады. Оның арамза болмауы үшін азаматтық қоғам институттары – елдің ұлтжанды ұйымдары мен өкілдері белсенділік танытуы керек. Кемені көтеретін де, суға батыратын да – теңіз. Бұл қағидат болмысқа айналуы үшін тасты бұзатын табандылық қажет. Ия, бұл тек айтуға оңай.
Үсен АСҚАРОВ,
«Рейтинг» газеті, №2, 21 қаңтар 2015 жыл