«Түк болмағандай таңда намаз оқыды»: Жарымжан сіңлісін өз күйеуі қорлап жатқанда үстінен түскен
Заңгер, психолог Ләззат Рақышеваға күйеуі жарымжан сіңлісін зорлап жатқанын көрген әйел хат жазған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Бұл туралы психолог өз парақшасында бөлісті. Автордың сөзіне сенсек, сіңлісінің туғаннан құлағы естімейді.
"Менің туған сіңлім бар, қазір жасы 45-те. Туғаннан құлағы естімейді, сөйлей алмайды, екінші топ мүгедегі. Мылқаулар мектебінде оқып, 9-сыныптан соң атамыз ауылға алып кеткен еді. Қазір анаммен бірге қалада тұрады. Анамның жасы 80-ге келді, сіңліме опекун болып отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын сіңлім өзі сияқты жігітке тұрмысқа шығып еді, жараса алмай, үйге қайтып келді. Содан бері анамның жанында. Сөйлей алмайтын болған соң анам оны қызғыштай қорып, ешқайда жалғыз жібермей, жанынан алып жүреді.
Екеуі біздің үйге жиі келеді, кейде қонып қалады. Анам ас-садақаға, той-томалаққа кеткенде маған қалдырып кетеді. Үйде қыздарым, күйеуім, басқа бөгде адам жоқ. Анам менің күйеуімді өз баласындай жақсы көреді, оған Құдайдай сенеді", - дейді.
Хат иесінің айтуынша сіңлісі оның үйіне барғысы келмей қашқақтап жүрген. Сіңлісінің осы қылығынан соң көңіліне күдік кірген.
"Оқиға болардың алдында бір жылдай уақыт бұрын сіңлім біздің үйге барамыз десе, анамды қолынан ұрғылап, айқайлап (сөйлей алмағасын эмоциясын солай шығарады), бармаймын деп ымдайды екен. Дым түсінбейміз. Анам да маған айтады үнемі «Осында келем десем, айқай шығарады» деп. Мен де таң қалдым басында, бірақ соңғы уақытта ойлана бастадым, неге келгісі келмейді? Дастархан жаюлы, телевизор қосулы, келіп демалады, неге келгісі келмейді екен деп. Кейде анам жалғыз өзі келеді 1-2 сағатқа, сіңлімді сұрасам, «Бармаймын, өзің бара бер»(ымдап көрсетеді) деді» - дейтін.
Былтыр күзде анамның туысқаны қайтыс болып, сіңлім менің қызыммен үйде болды. Күйеуім екеуміз үйге келдік, анам қаза болған үйде қалды. Сағат кешкі 9-дар шамасы. Сіңлім үрейленіп отыр екен. Жүрегім бірдеңені сезгендей болды. Күйеуім күндіз жұмыстан келгенде сіңлім үйде жалғыз қалған еді. Залға төсегін салдым. Шәй-тамағын ішті. Біз өз бөлмемізге ұйқыға кеттік. Қызым өз бөлмесінде ұйықтайтын.
Таңғы бесте сіңлім ыңырсыған, қарсыласқанда шығаратын дыбыс шығарады. Қарасам, күйеуім жоқ төсегінде. Залға барсам, сіңлім бүк түсіп жатыр, қорқып жатқаны белгілі, тас сияқты қатып қалған. Көрпенің астында күйеуім артқы жағынан төсекте болып жатыр. Көзін жұмып алған, менің келгенімді көрмеді. Көрпе астынан қимылдап жатыр, сіңлім бүк түскен күйі жатыр. Мен есімнен танып қала жаздадым. «Ей!» деп көрпенің сыртынан қолыммен жұлқыладым. Күйеуім сасып қалды. Түк болмағандай менің қарсы алдыма тұра қалды. Сіңліме қарап қоям, қорыққаннан дым қимылсыз жатыр.
Мен сол кезде өліп-тірілдім. Нені көріп тұрмын, өлгенім артық еді мына арсыздықты көргенше деп ойладым. «Арсыз, не істеп жүрсің, мынауың не?» дедім. Қол-аяғым қалшылдап, басым айналып, жүрегім тарсылдап, өмірім менің көз алдымда айналып өтті. Содан сіңлімді тұрғызып, «Қорықпа, саған енді тиіспейді» деп ымдап көрсетіп, ваннаға алып кіргізіп, ымдап сұрадым неше рет осылай жасады деп. Он саусағын көрсетті, яғни көп дегені. Иә, біз ауылға кеткенде де қыздарыммен қалатын, бірақ бір өзі бөлек ұйықтайтын. Арсыз күйеуім сол кезде түнде барып зорлап кететін болып тұр ғой. Содан жылады сіңлім, екеуміз қосылып жыладық", - дейді.
Аталған оқиғадан соң күйеуі түк болмай намаз оқыған және. Бұл күнде ол күйеуінің қорлығын дәлелдей алмағандықтан, әлі де бірге тұруға мәжбүр екенін жазды.
"Күйеуім таңда тұрып, алтыда намазын оқып, түк болмағандай сағат 9-да жаназа сапта алдыңғы лекте тұрды. Сол күні түстен кейін маған «Ол оқиға болған жоқ, докажи» деді.
Анама айта алмаймын, ажалынан бұрын өлтіремін оны. Інісіне айттым, сенбеді, докажи деп. Туған апасына айттым, сенгендей болды. Күйеуім дым болмағандай жүр. Мен де дәлелдей алмаймын. Сотқа берейін десем, анам опекун, бірге жүру керек. Сол үшін ауыз аша алмай отырмын.
Енді апасы, бауырлары мені күйеуіммен ажырасу үшін ойлап тапты деп, өтірікші болып отырған жайым бар. Көзіммен көріп, қолыммен ұстап алғанда сенбей отыр бауырлары.
Елдің көзінше күйеуім өте еңбекқор, мінезі жұмсақ, өте керемет адам. Ол намаз оқиды. Үлкен басшылық қызмет атқарған адам, жақсы жерде қызмет жасайды. Мықты маман, туыстардың арасында одан бауырмал адам жоқ. Идеал. Бәрі сыйлайды. Тек мен ғана оның шынайы бет-бейнесін білетін. Бірақ дәлелдей алмай, өзегім өртеніп отыр.
Сіңлімнің сөйлей алмайтынын, сотта өзін қорғай алмайтынын, менің анамның алдында шындықты айтуға дәрменсіз екенімді біліп, ол «докажи» деп, алшаң басып жүр. Осындай қорлыққа шыдап отырғанымыз жаныма батады", - деп жазды хат иесі.