Шымкенттік тауарлар форумға қатысушыларды қызықтыруда
Елордада ЕХРО халықаралық көрме кешенінде Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумы өтіп жатыр. Аталмыш форумға шымкенттік тауар өндірушілер де қатысуда. Көрмеде Шымкенттің арнайы тақтайшасы қойылып, онда «Индустриалды аймақтар» Басқарушы органының директорына өңір жетістігін паш етуге мүмкіндік берілген.
Форумның екінші күнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов шымкенттік тауар өндірушілердің жұмысымен танысты. Келушілерге травертин, плиталар шығаратын «BESKUDUK TAS», ойыншық-машиналар жасайтын «БАЙТЕМИРОВА Р.», пластмасс заттар шығаратын «ЮГРЕГИОНПЛАСТ», жоғары сыныпты өндіріс майлау материалдарын өндіретін «HILL Corp», дөңгелектер мен бақша арбаларын шығаратын «TABA INDUSTRIAL», жарықдиодты шамдар шығаратын «КАЗТЕХНИКАС» секілді шымкенттік мекемелердің өнімдері ұсынылды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы «Машина жасау Қазақстан экономикасының, жұмыспен қамту мен экспорттың локомотивіне айналуы керек» деген болатын. Осыны басшылыққа алған форум барысында машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру барысы туралы пікірталастар, машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау, машина жасаудың басым кіші салалары бойынша секциялық отырыстар, Халықаралық мұнай-газ операторларымен, қатты пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алу және жергілікті қамтуды дамыту тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізіліп жатыр.