Шымкентте жаңа департамент құрылды
Шымкентте жаңа департамент құрылды. Ол мегаполиске инвестор тартумен, қала экономикасын жан-жақты талдау, қала тұрғындары және қонақтарына қажетті инвестициялық жобаларды анықтау, өздігінше (өз жер телімінде) жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды қолдаумен айналысатын болады. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Shymkent Invest» инвестициялар тарту департаменті деп аталатын жаңа департамент директоры болып Болат Етекбаев тағайындалды. Ол осыған дейін «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның Инвестиция депаратаменті директорының орынбасары қызметін атқарып келген.
Қазіргі таңда департамент жалпы инвестиция көлемін 349 млрд теңге құрайтын 25 инвестициялық жоба бойынша меморандум түзіп отыр. Алда тағы 118 млрд теңге құрайтын 4 инвестициялық жоба бойынша меморандум түзу жоспарлануда. Бұл жобалар аясында 57 проблемалық мәселе қарастылды, оның 60 пайызы оң шешім тапқан.
Мәселелердің басым бөлігі инвестициялық жобаны қаланың бас жоспарына сәйкестендіру, қосымша жер телімдерін бөлу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылу үшін техникалық шарттар алуға қатысты болған.
Айта кету керек, Шымкент – республикалық маңызға ие мегаполис болғалы қала аумағында 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылған. Негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік инвесторлар «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің –Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасына, құрылыс материалдарын өндіру саласында –«Шымкентцемент» АҚ, «Gold Aluminum» ЖШС, фармацевтика
саласында – «Химфарм» АҚ, кондитерлік өнім өндіруде – «Рахат-Шымкент» ЖШС, жеңіл өнеркәсіп саласында – «Бал текстиль», «СП «Lux Shoes» ЖШС, «Умалп» ЖШС, «Кирал Достық» ЖШС, металлургия саласында – «Shymkent Smelting» ЖШС, баламалы күн электр станциясы саласында «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындарға капитал салған.