Ұлым мен келінім мені бөлектейді, дастарханда бірге отырмайды. Немерелерімді жолатпайды
Жасым 76-да. Үш қызымды құтты ұяларына қондырдым. Қазір жар дегендегі жалғыз ұлымның қолында тұрамын. Шалым 5 жыл бұрын дүние салған.
Шалым кеткенлі қатты ауырып жүрмін. Бұрын шалыммен сөйлесіп, ұрысып, әйтеуір іштегі шерімді шығарып, тарқатып алатын едім. Бойымдағы артық энергияның бәрі шалым барда шығып кететін. Қалай отағасы дүние салды, солай аурушаң болдым да қалдым. Ұл-қыздарым, немерелеріммен сөйлесемін. Тойлардан қалмаймын. Ортада сыйлы әже болып жүрмін. Дегенмен бұның бәрі жанға дәт болмайды екен. Шалым барда өзімді төрт құбылам түгелдей сезінетінмін. Бір-бірімізге серік болсып армансыз сырласушы едік. Қайран шалым-ай! Қадіріңді білмеппін ғой. Сенің қыңырланып, қырсығып, айқайлап, менімен сөз таластырып ұрысып отырғаныңның өзі бақыт екенін түсінбеппін. "Отыз ұлың болғанша, жалғыз шалың болсын" деген сөз бар емес пе. Әрине, сөзді сәл бұрмаладым. Бірақ мағынасы түсінікті деп ойлаймын.
Соңғы кездері жиі жөтелетін болдым. Жөтелгенде түкірігім шашырайтын болыпты. Ылғи жанымда сүлгі алып жүруге мәжбүрмін. Мен жөтелген сайын келінім кірпіше жиырылады. Немелерерімді менен аулақ ұстай бастады. Құдды мен бір аурудың ошағы секілдімін. Келінім тіпті ұлымды азғырып алған секілді. Әйтеуір ұлым да менен бойын аулақ ұстай бастағандай көрінеді.
Дастарханда отырсақ, мені 2 орындық ары отырғызады. Маған арнайы ыдыс әкеліп берді. Ас-ауқатымды сол ыдысқа салып береді. Ас ішіп болған соң менің ыдысымды бөлек жерге қойып жуады.
Бір күні ұлым мені ауруханаға апарып өкпемді УЗИ-ге түсірткізді. Мені кабинеттен шығарып жіберіп дәрігермен пыш-пыш әңгімелесті. "Әй, не болды?" деп ұлымнан сұрасам, "бәрі дұрыс, мама, еш алаңдамаңыз" деп арқамнан қағып құшақтады. Бірақ жүрек құрғыр ұлымның бұл сөзіне сенбеді.
Бұрын дастархан шетінде отырғаным былай тұрсын, енді мені бөлек тамақтандыратын болды. Тамақты бөлмеме әкеліп береді. Ас ішіп болғанша жанымда ұлым отырады. Шәйді ас бөлмеде бірге ішеміз. Ал келінім мен немерелерім менен мүлде алыстап кетті. Жаныма жоламайды. Осы мені күйдіріп барады. Мені бұлай қорлағанша, жанымды тез алса екен деп тілеймін.
Қайран шалым, қанша ауру болсам да менен қашқақтамай жанымда болар едің, демер едің. Шіркін, дүние-ай. Жалған екен.
Айман апаның хатынан