Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бұл оқиға мен келін болып түскен ауылда болған еді. Ата-енем «Нәзипа қайтыс болды» дегенді естіп, «Жарықтық, неше жыл жатты? Қуатбай марқұм қай жылы қайтып еді? Пәлі-і-і! Жиырма жыл өтіп кетіпті ғой!» - десіп жатты. «Ол кісі кім еді?» еді деген сауалыма енем мына әңгімені жырдай қылып айтып берген еді.
Ауыл шетінде тұратын Қуатбай қария қарттығына қарамастан, таяғына сүйеніп күн сайын құдыққа мал суаруға өзі келетін көрінеді. Қария құдықтан суды қауғамен тартып, науаны асықпай толтырып, содан соң барып малын айдап әкелетін көрінеді. Күндердің күнінде Қуатбай қарт айналып келгенше науадағы су жылан жалағандай болып, қарияға тізелері дірілдеп, күшін сарқып қайтадан қырық рет иіліп-бүгіліп су тартуға тура келген көрінеді. Және бұл құбылыс күн сайын айнымай қайталана берсе керек.
Бір күні Қуатбай «мен әзірлеген суды кім ішіп кетеді өзі» деп, науаны толтырған күйі орнынан тапжылмай, тосып отырады. Сол мезетте қотанның екінші жағынан қой-сиырын айдап Нәзипа шығады. Нәзипа осы ауылға жаңа түскен келін екен. Шаруаға тап-тұйнақтай пысықтығымен ел аузына ілігіп қалған келіншек деседі. Бірақ мінезінің шайпаулығы да байқалмай қалмаған. Нәзипаның малы келе сала астауға қойып кетеді. Осы сәтте қалтылдаған қария:
– Әй, қарағым, мен сияқты қартайып тұрған жоқсың! Менің осыншама қиындықпен алған суыммен малыңды суарғаның не? Менің малым ішіп алған соң келсең де болмай ма? – депті.
– Әрі кет, сақалыңды ұрайын, қақпас! – депті Нәзипа сонда шімірікпестен.
Келіншектің сөз ұқпасын түсінген қария бұдан былай құдық басынан өз малы әбден су ішіп болғанша айналшықтап кетпей, құдықты торуылдаумен болыпты. Бір күні қарияның малы құдықтағы суды ішпей, үдере тұрып қалады. «Бұларға не болды» деп, суға үңілсе, судың бетінде қызылды-жасылды май қалқып жүргендей болады. Сөйтсе, әлдекім тап-таза құдыққа кәрәсін құйып кетіпті. Кімнен келген озбырлық екені белгілі. Құдай-ай, атам қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме» демеп пе еді!
Құдық басынан жылап оралған Қуатбай қария үйге келген соң мүлдем отыра алмайды. Шұғыл киініп, ат арбаға жайғасқан қарт бәйбішесінің «қайда кеттің» дегеніне: «Зиратқа», - деп қысқа қайырады.
Ата-бабаларының қорымына келіп тым ұзақ күбірлеген ақсақал «Сақалыма тиіскен пәлекетті өздеріңе тапсырдым», - деп дұғасын аяқтайды.
Осыдан кейін көп ұзамай ауыл жұрты «Нәзипа сал ауруына шалдығыпты» деген хабарды естиді. Туыстарының апармаған жері қалмай, елде бар дәрігер мен бақсы-балгерді түгел аралапты. Сонда да аурудың беті қайтпайды. Жамбасы тесілген Нәзипа тәубасына түсіп, қатесін түсінген болар. Қуатбай қарт дәм-тұзы таусылып, о дүниеге аттанар шағында алдына Нәзипаның қайынағалары келіп:
– Уа, ата! Келінімізге кешу беріп кеткейсің! Көресісін көрді ғой, - депті.
Ауыр дем алып жатқан ақсақал:
– Айналайындар, енді үлгермеймін-ау! Демім таусылып барады. Мен кешірім беру үшін қайтадан ата-бабалар қорымына барып дұға оқуым керек, оған енді халім келмейді! Ертерек келулерің керек еді. Кешіктіңдер! – деген екен.
Сол жатқаннан Нәзипа жиырма жыл жатып, өмірдің еш қызығын көрместен, бейнеттен көз ашпастан көз жұмды. Менің естігенім осы әңгіме еді. Өмірде мұндай жайттардың болатынына, дұғаның күшіне сонда қатты иланғаным бар.