Педофил десе университетте сабақ берген профессор есіме түседі...

Oinet.kz 26-11-2023 774

Мектеп бітіріп, университетке қабылданған кез. Мұғалімдердің бәрі жақсы еді, нашары жоқ. Тек анау бір профессор болмаса. Ол кісі бізге алғашқы курстан бастап сабақ берді. Өзі біртүрлі пенде.

Screenshot_1.jpg

Әр сабақта міндетті түрде кем дегенде бір студентті тұрғызып қойып, жер жебіріне жетіп ұрсады. Ұрысқанда тоқтай алмайды. «Жүйкесі бұзылған» деп ойлайтынбыз. Шыдайтынбыз. Көрші топтың студенттері бірнеше рет деканатқа арыз да жазды. Бірақ бәдік профессорге ешқандай шара қолданылмады.

Боянып, сыланып жүретін қыздарға тіптен жау. Өмірі естімеген сөздерді айтады. Одан ұрыс естіген қыздардың төзімділігіне таң қалам да. Естіп отырған біз ұялатынбыз. Сол профессор есіме түссе оның қыздарға айтқан сөздері құлағымның түбінде дыңылдап қоя береді.

Иә, біз балаң едік, аңқау болатынбыз. Ата-ананың құшағынан енді босаған, бұл қоғамның көлеңкелі тұстары бар екенін білмейтінбіз. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп көрдік қой, бұл қоғамның біз ойлағандай таза болмайтынын. Әсіресе әлгі профессордың сөздері арқылы таныдық былапыт дүниенің болатынын.

Бұл профессор басқа мұғалімдерден ерекшеленіп тұратын. Дәлізде кездескенде ұл болсын, қыз болсын міндетті түрде қол беріп амандасуың керек. Ол кісіні байқамай өтсең келесі күні сабақта тоқсан минут түгел ұрыспен өтеді дей бер. Профессор бола тұра анайы сөздерге жүйрік болатын. Курстағы студенттердің көбі ауыл балалары болған соң ба, үндемей төзетін.

Алғашында жастар тәрбиелі, мәдениетті болсын деп ұрсады деп ойлайтынбыз. Бірақ сол профессордың өзі бәдік сөйлеп қана қоймай, қажет кезінде мұғалім этикасына жат мәдениетсіз қылықтар көрсететін.

Ол бізге жоғары курста да сабақ өткізді. «Профессор Т.-дан құтылмаймыз» деуші едік өзара. Оқу аяқталып, диплом қорғау алдында бәдік ағай тіптен сұмдық болып кетті. Жасы жетпістен асқанына қарамастан 4-курстың қыздарының телефонын алып, хабарласатын. «Сенің тақырыбың мынандай екен ғой. Менде соған қатысты сирек кездесетін кітап бар. Кафеде кездесеміз бе әлде үйіңе шақырасың ба?» дейді екен.

Бірде Жазира деген қыз одан бір кітап алатын болыпты. Бірақ «Ағай, сіз университетте болғанда барайын» депті. Ойында ештеңе жоқ Жазира университетке барса профессор төменгі курсқа сабақ өткізіп тұр екен. Дәрісхананың есігі ашық, профессор өтіп бара жатқан Жазираны тоқтатып «Кір!» деп бұйырыпты. Ұяла басып, дәрісханаға кірген Жазира сәл бөгеліп тұрып қалады. 2-курстың студенттеріне амандасқан оған профессор «Немене бүгежектеп тұрсың? Көрмегелі көп болды. Күйеуге тидің бе?» депті.» Күйеуге тидің бе?» дегенді екі рет қайталапты. Отырғандардың көбісі қыздар екен, бәрі қызарақтап, қипалақтап, Жазираға аянышты көзбен қарайды. Мәдениеттілік сақтаған Жазира «Жақсы, аман болыңыздар!» дейді де шығып кетеді. Міне, осындай да мұғалім бар жоғары оқу орнында. Жазираның көңіліне келген сөзден көпке дейін қиналып жүргенін көргеніне куә болдық.

Балжан деген қызды да кітап беруге шақырды. Барса қайқайып дәлізде тұр дейді. «Әкел қолыңды» деп, Балжанның қолынан ұстай алыпты. Қатты-қатты қысыпты. "Енді менің көзіме қара! депті. Балжанның «Ағай мен асығыс едім» дегеніне қарамастан "Бетіме қара дедім ғой, саған!" деп жекіген соң қыз қарай салған ғой. Сөйтсе шалыңыз "Көзіме дұрыстап, ұзақ қара" депті. Қысқасы профессордың сондай-сондай бәдік қылықтары бар еді

Бірде соңғы курста оқып жүргенде сол кафедрадағы бір апайдың сабағында бәдік профессор туралы сөз қозғалды. «Оңтүстіктегі бір қалаға конференцияға бардық. Сол жерде отырған молдаға тиісті. Ол кісі сөйтіп біреуге тиіскені болмаса негізі жақсы кісі. Маған да сол жерде қонақүйдің қай бөлмесіне түнейсің?» деп қалжыңдаған. Қасымызда отырған бейтаныс ғалымға «Мынау менің жас әйелім» деп таныстырды. Қайтеміз, күлдік те қойдық" деді. Қарап отырсақ, бәдік профессордың сөздеріне де, қылықтарына да әріптестері кешіріммен қарап, үйреніп кеткен сияқты.

Қазақтың осы кешірімділігі-ай! Небір жындысүрей бар ғой ортамызда. Соларға «оның мынадай еңбегі бар ғой» деп кешірімділік танытып, жексұрындығын көрсе де байқамағандай боп жүреміз. Бұл қоғамның лас тұсын көрмеген, балғын қыздарға (жазуға болмайтындай) бәдік сөздерді айтып, құлағын мезі еткен профессор егер басқа елде болса симас еді деген ой келеді. Былапыт сөздерді айтуға кеткен уақытты одан да ғылым, білімге арнаса қайтеді?! Әлде сондай былғаныш сөздерден ләззат ала ма?

Жалпы бізде педагогтардың этикалық дәрежесі тексеріле ме? Тексерілмейтін сияқты. Егер ондай рейд жүргізілсе біз айтып отырған шал университеттің маңына да жоламас еді. Педагог әрбір сөзіне мән беретін, ұрпақты ізгілікке тәрбиелейтін адам болуы керек қой. Сонда «Бәлен деген профессор бізге бүй деді» деп, ешімге шағым айта алмауымыздың өзі бізде қызметкерлердің тәртібіне, жеке бас мәдениетіне деген сырттай талаптың жоқтығынан болар.

Қазір педофил туралы айтса есіме сол бір профессор түседі. Бұл бір ақыл-естегі ауытқушылық деп қол сілтесек те, бәдік ағай есіме түссе тұла бойым түршігіп сала береді.

Дана Қамшыбек

qamshy.kz

22 жасында 3 рет тұрмысқа шыққан қыз сұмдық оқиғалармен бөлісті
Тұрмысқа қыз болып шыққанымды дәлелдей алмай жатырмын..
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу