Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Сәуле әжей таң намазын оқып болып бөлмесінен шықпай біраз отырып қалды.Терезе алдында жатқан айнаны алып қарады да, жасы сексенге таяп қалғанын жаңа сезгендей:
- Қатқан қара кемпір болыппын-ау. Денсаулығым да сыр беріп жүр, мен кетсем шай-тамағын әрең әзірлейтін жайбасар келінге қалған ұлым мен немерелерімнің күні не болмақ. Бейнеттің зейнетін көріп қолымды жылы суға салып, келін жұмсап кәріліктің мәрмәр тағына шығар шағымда күйбежектеп жүрісім мынау. Қай күнәма қас қылып кесір келінге тап қылдың мені,құдай-ай, - деді де құрысқан буындарын таратып,орнынан әрең тұрып,теңселе басып қашанғы әдеті бойынша үй тірлігіне кірісіп кетті.
Сиыр сауып келе жатқанында үй алдын сыпырып жүрген көршісінің келініне көзі түсіп,қызығып қарап қалды да:
- Өркенің өссін, қарағым!-деді. Келінінің кешегі шала қалдырған күбісін пісіп майын алып үйге кіргенде ержетіп қалған немересі дастархан жайып таңғы астың әлегінде жүр,қырықтан асқан ұлы кіші баласын тосып отыр екен. Кеудесін намыс кернеп бөлмесін жиыстырған болып бейғам жүрген келініне қарата:
- Ертерек тұрмайсың ба, дайын сүтті балаларға пісіріп бере берсең нең кетті?-деді.
- Пісіреміз!-деді келіні ашуланып. Аяғына оратылған бір баласының басынан салып қалды да:
-Сиырды саудым деп міндет етіп тұрсыз ба? Өзім-ақ сауар едім, - деді көзімен атып жіберердей бір қарап. Ененің басынан сөз асырып тұрғаны алғаш бұл емес, содан болар шамдана қоймады, сабырмен сөйледі.
– Сауын сәскеде орындалар жұмыс емес қой, келін болғаныңа он бес жыл қашанғы үйретем, ана күбіні пісіпсің де майын алмай ашық калдырып кетіпсің. Келіні естілер-естілмес бірдеңе айтып еденді нығыздай басып, есікті тарс жауып сыртқа шығып кетті.
Бәрін естіп-көріп отырған ұлы ашуға мініп:
- Мынаның әкесін танытпасам болмас, - деп орнынан тұрып еді, анасы:
-Отыр сабасына түспейді бәрібір шаңырақтың шырқын бұзба. «Баланы жастан, әйелді бастан» деген, басынан тәрбиелей алмаған сенде кінә.Табандап тұрып ширата алмаған менде кінә.
«Келінге келін болсаң жағасың» деп жүре берген өзімнен де бар.Табиғатына таласып, жаратылысына жамау сала алмадық, түзелер дедік, енді қайдам, - деді таусылып.
-Апа, шынында да істемей-ақ қойыңыз, өзі үшін істейді ғой.
-Қалай шыдап отырасың, көзді ашып-жұмғанша, тап-тұйнақтай, тәп-тәтті болса ғой бәрі.
Осыдан елу жыл бұрын осы үйге жас келін болып түсіп ем, әлі келін болып жүрмін, қарт келін, - деп налыған Сәуле әжей жүзін төмен салды.
Нұрлан БЕК