Жетімдер үйінде бірге өскен құрбымның тағдыры алаңдатады

Oinet.kz 13-01-2023 3715

Сәния екеуміз жетімдер үйінде тәрбиеленіп өстік. Бала кезімізден бір нанды бөлісіп, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге таттық. Бір-бірімізге әпке мен сіңілідей бауыр бастық. Сәния сұңғақ бойлы, аққұба өңді, сымбатты қыз болатын. Әсіресе мөлдіреген көзі адамды бірден өзіне баулып алатын. Ақкөңіл. Міні сол, бір ренжісе біразға дейін сөйлемей қоятын.

Screenshot_9.jpg

Мен Сәния сияқты сұлу болмасам да, сүйкімді, ел сүйсінер қылықты болдым. Екеуміз де сабақты жақсы оқыдық, мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалыстық. Мұғалімдер жиі мақтап, басқаларға үлгі тұтатын. Сәния мен менің ең негізігі мақсатымыз  ̶  мықты заңгер болу. Сөйтіп, болашақта, заңды күшейтіп, біз сияқты жетімдердің көзін жәутеңдетіп, кез келген жерге тастап жүре беретін көкек аналарға тосқауыл болу еді. Ұстаздарымыз да: «Мектепті жақсы бітірсеңдер, тегін оқуға ілігесіңдер»,- деп қуантып қоятын...

Кейде Сәниямен бізді тастап кеткен ата-анамыз жайлы сөйлесіп, ойын біліп, мұңымды шаққым келетін. Өкініштісі, ондайда Сәния бірден сөзді бұрып, басқа тақырыпты қозғайтын. Кім біледі? Ескі жараның ауызын тырнағысы келмейді ме? Ал, өз басым ес білгелі күн сайын «Ата-анам қандай адамдар? Бұлай тастап кететін болса, неге өмірге алып келді? Болашақта кездестіремін бе?» деген оймен көзіме еріксіз жас келіп, ұйқыға кететінмін...

Көзді ашып-жұмғанша мектепті бітіріп, емтиханды ойдағыдай тапсырып, Сәния екеуміз де ақысыз оқуға түстік. Өз үйіміз болмаса да, балалық шақты өткізген Жетімдер үйімен қимастықпен қоштастық. Сөйтіп үлкен арманымызды арқалап, Жоғары оқу орнының табалдырығын аттап, студентке арналған жатақханадан орын алдық. Бірақ, бұдан кейін Сәния...

Бірінші курсты Сәния екеуміз де үздік бітіріп, степендиямызды көбейтті. Жаз басталып, студенттер жапа-тармағай үйлеріне тарасып жатты. Біздің барар жер, басар тауымыз болмаған соң, уақытты текке кетірмей, үлкен мейманханаға уақытша даяшы болып орналастық. Сөйтіп, бірсыпыра киімімізді түгендеп алдық. Алда екінші курс күтіп тұр. Ол да жетті. Дәл осы уақытта біздің оқуымызға жаңадан Арман есімді жігіт басқа жақтан ауысып келді. Біз қатарлас болатын. Бой десе бойы, түр десе түрі бар, жастардың тілімен айтқанда «красавчик» еді. Қыз-қырқынның бәрі соның соңында үйірілген жылқыдай үйіріліп жүрді. Бірақ, сырты бүтін болғанымен, іші түтіннің нағыз өзі еді. Ашық ауыз қыздардың сезімімен ойнап, екі күннің бірінде басқа аруларға өзгертіп отыратын. Бұл құрыққа көп ұзамай Сәния да түсті. Оның осыншама жиіркенішті қылықтарын көріп-біліп жүріп, Сәнияның қалайша оңай иланғанына күні бүгінге дейін түсінбеймін. Өзіне талай айтып көрдім де, алайда Сәния оны құлағына да ілген жоқ. «Ол мені сүйеді», ̶ деп қысқа қайыратын.

Бір күні бөлмеде жалғыз қалдым. Сәния жуыну бөлмесіне кеткен. Бір кезде біреу есікті тоқылдатты. Ашып қарасам, Арман екен келіп тұрған. Сәнияны іздеп келіпті. Бірақ, екі көзімен мені жеп барады. Көзі ойнақтап, мені бас салардай. Зығырданым қайнап, өзімді әрең ұстадым. Осы уақытта Сәния да келіп қалды. Дым болмағандай Сәнияның бетінен сүйіп, сыртта күтетінін айтып шығып кетті. Оған Сәния балаша мәз болып қалды. Арманның маған қалай қарағанын айтайын деп оқталдым да, артынан «дұрыс түсінбей, әдейі айтып отыр деп қалар» деп тілімді тістеп барып қайттым. «Мен кеттім. Кеш келемін», - деп Сәния да артынша шығып кетті.

Түннің бір уақыты болды. Сәния әлі жоқ. Ұйықтай алмай, Сәнияны күттім. Таңға жуық ол да келді. Кішкене қызып алған. Шешініп, төсегіне құлай кетті. «Бастысы, дін-аман» дедім де, мен де жатып қалдым. Ертеңіне сабаққа да барған жоқ. Келсем, буынып-түйініп отыр. «Мен Арманға тұрмысқа шығамын. Оқуды сыртай оқимын. Қазір Арман үйіне алып кетеді. Сол жақта қаламын. Сау бол!», ̶ деп ештеңе түсіндірместен шығып жүре берді. Өмірдегі жалғыз тірегім Cәниядан осылай қол үзіп қалдым. Осы кеткеннен Сәнияны қайтіп көрмедім. Оқуды біржолата тастап кетті. Сырттай оқитын студенттердің тізімінде де жоқ болып шықты. Ең болмаса, сол кезде мекен-жайын да алып қала алмадым...

Бүгінде мен үш баланың анасымын. Заң қызметкерімін. Жолдасым инженер. Ата-анасы қарапайым жандар. Менің жетімдігімді бетіме баспай, жылы қабылдады. Алайда, Сәнияның тағдыры күні бүгінге дейін алаңдатады. 

Назым, Тараз

Аlashainasy.kz

Діндар жігіттің тоқалы отбасындағы жаға ұстатарлық жағдайларды жайып салды
Күйеуімнен ақша сұрасам қайыршы сияқтысың дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу