Атасының сөзі үшін 7 жыл сөйлемеген келін

Oinet.kz 06-01-2022 4613

Келін – бір елге жаңадан келген басқа үйдің жас баласы. Тіптен оның жасы ересектеу болса да ол босаға аттамағандықтан, көңілі бала кейпінде. Сондықтан жаңадан келген отбасы мүшесіне қамқорлықпен қарау, ішке тарту қажеттігін естен шығармау керек. Осыған байланысты мынадай бір тәмсіл әңгіме бар.

Screenshot_2.jpg

Бір шаруа жалғыз ұлына өзіне тең бір замандасының қызын айттырып алып береді. Той өткізіліп, отбасы мүшелерінің көңілі жайланып, келін қайынсіңлілерімен араласа бастайды. Оларды өзіне баурап, емін-еркін сөйлесіп, қалжыңдасып отырғанда, үйдің сыртында дәрет алып отырған атасы келіннің қатты күлгенін жақтырмай:

– Осыншама саңқылдап қатты күлген қай көргенсіздің баласы екен?– депті. Бұл сөз жас келінге ауыр тиеді. Сол сағаттан бастап мүлдем сөйлемей қояды.

Кешкісін малын қамдап келген күйеуіне де сөйлемейді. Аң-таң болған жұбайы анасынан мән-жайды сұрайды. Бұған анасы да таңырқанып, келінімен сөйлесуге талпынғанымен, нәтижесіз болып шығады. Бұл оқыс жағдай отбасы мүшелеріне төбеден жай түскендей әсер қалдырады. Келінін бақсы-балгерлерге апарғанымен де ештеңе шықпайды.

– Келініміз мылқау болып қалды. Ұлымызға шүйіркелесіп отыратын жар керек — деп кемпір мен шал ұлына жеті жылдан кейін бір ауылдан қыз айттырып келеді. Жаңа келін арбадан түспей жатып:

– Келіншектің үйін ілгері тігіңдер, көкжименнің үйін кейін тігіңдер, — деп отауын тігіп жатқандарға бұйыра сөйлейді. Сонда жігіттің бірінші әйелі тұрып:

– Келін, келін, келін-ай,

Келмей жатып сөзге бақ.

Мен келгелі жеті жыл,

Сөйлегенім бүгін-ақ, — депті. Бұны естіген атасы: “Ой-бай, балам, ана сампылдаған тоқалыңды құрт, ақ келінімнің садағасы кетсін!” — деп, жаңа келген келінді отауын тіктірместен, төркініне апарғызып тастайды.

Кейіннен келінінің жеті жылдай сөйлемей қойған себебін естігенде: “Аһ, сақалдыдан кеткен ағаттық, сайтанға болар тояттық”, – депті атасы. Міне, бұл атасының аңдамай айтқан сөзінің келінінің жүрегіне қаншалықты ауыр тигендігін білдіреді. Сондықтан қазақта атасы келініне ешқашан тік қарап сөйлемеген.

Енем менен құтылу үшін немересін өлтірді
Қыз күйімде тұрмысқа шығып, бәрібір қыз болып ажырастым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу