Келінім екеуміз немеремнің баламнан емес екенін жасырып жүрміз

Oinet.kz 26-11-2022 12763

Бұл менің ұзақ жылдар бойы ішіме сақтаған құпиям. Бұл жайында ешкім білмейді. Бірақ соңғы кезде денсаулығым сыр беріп, осы құпияны жария етуім керек пе, әлде жоқ па деген сауалдар жанымды жегідей жеп жүр…

Screenshot_7.jpg

Жасым 58-ден асты. Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғынымын. Мамандығым әйелдер дәрігері. Былтыр зейнеткерлікке шықтым. Кіндігімізден тараған бір ұл бар. Күйеуім ерте қайтыс болды. Менің барлық арман-мақсатым сол ұлды жеткізіп, ол баламнан ұрпақ өрбіту еді. Бірақ ұлымнан өзім армандаған үбірлі-шүбірлі немере сүйе алмадым.

Әңгімені басынан бастайын. Мен 30 жасқа енді аяқ басқанда күйеуім жол апатынан қайтыс болды. Бауырымда бір жасқа енді толған ұлым бар, жалғыз қалдым. Аяққа тұрып кету оңай болған жоқ. Өзімнің әке-шешем де ол кездері қартайып, егде тартқан. Әйтеуір бауырларым көмектесіп ес жиып, етек жинадық. Біртіндеп Алматы облысына қарай қоныс аударып, осы жақтан баспаналы болдық. Сөйтіп, тұрақты қызметке кіріп, ел қатарына қосыла бастадық. Ұлым мектепке барды, одан кейін 11 жылдықты тәмамдады, ел қатарлы жоғары оқу орнын бітірді. Қазір ұлымның жасы 28-ден асты. Алматыдағы банктердің бірінде менеджер қызметін атқарады. Келінім бар. Мамандығы мұғалім. Келінім Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітірген. Шығыс Қазақстан облысының қызы. Ұлымды ерте үйлендірдім. Жиырма жасында ұлым үйлі-баранды болды. Келін ұлымнан үш жастай үлкен. Ұлым 20 жаста болғанда келінім 24 жаста болды. Қазір ұлым мен келінімнің үйленгендеріне сегіз жыл болды. Араларында бір ұл бар. Бірақ осы арада шынымды айтуым керек, сол ұл біздің ұлдың туған баласы емес. Бірақ оны менің ұлым да, туған-туыстарым да білмейді. Бұл тек келінім екеуміз ғана білетін — құпия. Енді қазір «бұл әрекетті дұрыс жасадым ба, әлде бұрыс жасадым ба» деп көп ойланатын болып жүрмін.

Тағы да сол өткеніме бір сәт көз жүгіртсем, мен ұлымның белсіздігін 14 жасында білдім. Қанша мәрте дәрігерлік тексеруден өттік, таусылмайтын дәрі-дәрмектерге жүгіндім, бірақ сол аралықтарда ұлымның балалы болу қабілетін арттыра алмадым. Өзім де дәрігермін, оның ішінде әйелдер дәрігерімін. Мәскеудегі әріптестеріме дейін хабарласып, ұлымның өзіне білдірмей барлық ем-шараларды қолдандық. Бірақ нәтижесіз болды. Осылай салым суға кетіп, өмірден баз кешіп жүрген күндердің бірінде жаратқан маған бір үміт сыйлады. Ұлымның сөніп бара жатқан шырағы жанғандай болды. Бір күні ұлымнан үш жас үлкен қызы бар бір жақын танысым жұмыс орныма келіп еңіреп тұрып көмектесуімді сұрады. Ондағы айтқаны 24 жасқа енді толғалы отырған қызының аяғын ауыр қылып, жүріп жүрген жігіті тастап кетіпті. Қыздың шешесі әлгі жігітке барған екен жігіт «баланың әкесі мен емес» деп басын алып қашып кетіпті. Тескеріп көрдік, жүктілік мерзімі екі аптаға жетер-жетпес екен. Енді қыздың шешесі «соны ешкімге білдіртпей баланы алдырту керек» дейді. «Жасанды түсік жасатайын» десе қолдарында қаржылары да жоқ. Амалсыз менің алдыма келіп отырған жайы бар. Әлгі оқиғаны естіп мен үш күн ойландым. Сосын қыздың шешесіне хабарласып, қызын маған келіндікке беруді өтіндім. Мұндайды күтпеген қыздың шешесі аң-таң болды. Дереу қызы мен шешесін үйге қонаққа шақырып, ұлыммен таныстырып, барлығын ептестіріп айналдырған бір айға жетер-жетпестен аяғы ауыр қызды үйге келін қылып түсіріп алдым. Есебім бойынша енді тоғыз айға бір апта жетпей келін босануы керек. Бірақ келініме бала жайлы әзірге тіс жармауды қатаң ескерттім. Әзірге «ара-қатынастары жақсарсын, тереңдесін» деп ойлап бір ай бойы ұлыма ештеңе айтпадық. Артынша келін мен ұл бір-біріне үйренісіп, аралары жақындай түсті. Міне, сол сәтте келініме «ұлыма аяғым ауыр» деп айтуын ескерттім. Осылайша ұлым келіннің құрсағындағы баланы «өзінің баласы» деп ойлауы үшін біраз қулықтарға да жол бердік. Келінімнің уақыты таянып тоғыз ай, тоғыз күн болған кезде дүниеге ұл әкелді. Бірақ біз ол өзі біздің үйге жүкті болып келгенен кейін, ол босанған уақытта ұлыма «уақытынан бұрын босанды, шала туып қалды» деп салмағын, бойын сәл-сәл азайтып айттық. Ұлым үнемі жұмысбасты. Баланы емханаға апару, дәрігерлерге көрсету барлығы келінім екеуіміздің міндетіміз болды. Бара-бара бұл баланы «бөтен» деуге қимай мен де әбден бауыр басып кеттім. Қазір немерем жеті жаста. Биыл мектеп табалдырығын аттады. Өзі зерек, ұқыпты болып өсіп келеді. Келініме тартқан. Ұлым кей кездері келініме «енді маған өзіме тартқан бір ұл туып берсең» деп қалжыңдап қояды. Туыстарымыз да «бір баламен шектеліп қалмаңдар, арасы ұзап кетпесін» деп айтып қалады. Мұндайда менің ішіп отырған асым тамағымнан өтпей, кеудеме өксік тығылып қалады. Келінім шыдай алмай теріс бұрылып кетеді. Ұлымның табысқорлығы, отбасы үшін жанталасатыны, отбасына деген қамқорлығы шексіз. Ұлына деген қамқорлығы тіптен ерекше. Бос уақыты болса ұлын жүзу алаңына апарып, ұлының денсаулығына, тәрбиесіне қатты көңіл бөледі.

Бірақ мені соңғы кезде қатты толғандырып жүрген бір мәселе бар. Былтыр келінімнің шешесі яғни құдағиым өмірден өтерінен бір апта бұрын мені шақырып алып «ұлыңа бар құпияны айтамын, күнә арқалап жүрміз» деді. Мен сол мезетте жалбарынып айтпауын өтініп, «егер күні ертең сондай сын сағаты туса өз аузыммен айтармын» деп оны сол мезетте тілден тыйдым. Енді соңғы кездері менің де денсаулығым жиі сыр береді. Осымен бір жылда екінші мәрте қан қысымым жоғарылап ауруханаға жатып шықтым.

Құрметті оқырман, мен жыл сайын жасарып келе жатқан жоқпын. Жасым қазір 58-ден асты. Ерте ме, кеш пе, мен де арғы бетке өтетінім белгілі. Бірақ туған балама белсіздігін қалай жария етемін? Әлеумет, сіздерден сұрарым мен не істеуім керек?! Бұл құпияны өзіммен бірге ала кетуім керек пе, әлде ұлыма бар шындықты айтуым қажет пе?! Бір ақыл-кеңес қосыңыздаршы?! 

Сырласу журналы

Әйеліме ие бола алмай қалдым
Әйелімнің түбіне жеткен өзім ғой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу