Ешқашан еркектерге сенудің қажеті жоқ екен...

Oinet.kz 02-02-2022 5457

Мына өмірде бір көзім жеткен нәрсе - ешқашан еркектерге сенудің қажеті жоқ екен. Біз әйелдер тұрмысқа шықсақ болды, бәрін ұмытып, солардың асты-үстіне түсіп, қабағы кіржиіп қалса көңілін табуға тырысып, қатты сөз айтса кешіре салып, бар өмірімізді солармен ғана байланыстырып кетеміз ғой. Ал осылай қиналған еркек көрдіңіздер ма? Жоқ әйелімен ренжісе қалса, келесі біреудің қойнына кіре салады. Қасында әйелі отырса да, басқа біреуге бар әдемі сөзін арнауға да арланбайды. Сондықтан өз қадірін білетін кез келген әйел алдымен өзін-өзі бағалауы керек екен. Опасыздық жасамайтын еркек те жоқ секілді.

Screenshot_5.jpg

Ең бірінші ер адамның опасыздығын тұрмысқа шықпай тұрып көрдім. Қазіргі жолдасыммен қыз-жігіт болып кездесіп жүрген күндердің бірінде, бір күні ауылдан қалаға 10 күндік оқуға келген нағашысы жігітіме бір жерге апарып тастауын өтініп қоңырау шалды. Орналасқан пәтеріне барып, нағашысын сұраған жеріне жеткізіп салдық. Қасында әп-әдемі келіншек бар екен. Мен әйелі деп ойлағам. Жоқ, екі-үш айдан соң келін болып түскенімде әйелі емес екеніне көзім жетті. Біраз уақытқа шейін әйелінің алдында қуыстанып жүрдім. Бірақ бізден ұялған нағашысын көрмедім. Кердеңдей басып, алдымда дым болмағандай жүр. Сол уақытта жолдасыма айтсам күлді де қойды.

Бір күні өзімнің туған ағамның да бір мекемеде істейтін бойдақ қызбен кездесіп жүргенін естідім. Алғашында моп-момақан, әрқашан қамқор, жеңгемнің алдында жік-жаппар болып тұратын, үш баласы бар ағамның ондай жүрісіне сенбедім. Ағамның өзімен кездесіп, сөзге тарттым. Басы салбыраған ағам «уақытша ғой» дегеннен басқа ештеңе тауып айта алмады. Ағамның шаңырағының бұзылмауын ойлап, ана қызға да барып сөйлесіп көрдім. «Сіздің неңіз кетті» деп қылмыңдаған қызға менің «жеңгеме айтам» деп қорқытқаным әсер ете де қоймаған секілді. Бірге істейтін әріптестері қыздың ағамды аямай пайдаланып жүргенін айтқанда тіпті ашуландым. Бұл жайлы бірақ кімге айтарымды білмей тынышталдым.

Еркектер не деген ақымақ? Жеңгем өте сыпайы, туған-туыстың барлығының көңілін табады. ауылдағы салпыетек әйел де емес, қызметі бар, арнайы мамандығы бар, бала тәрбиесіне де, үйдің жұмысына да, қызметіне де қатар үлгеріп жүрген керемет келіншек. Ағамның жүрісін жеңгем біліп қалса деп қорыққаннан ағамның жүрісін анама да, басқа ағаларыма да айта алмадым. Бірақ ағама бұл жүрісінің жақсылыққа апармайтынын біраз айтып, қорқытқандай болдым.

Еркектерге таң қалам. Анандай аяулы әйелі тұрғанда, көзі өтірік күлімдеген, пайдалану үшін жүрген шөпжелке бойдақ қызды қайтеді? Әлде еркектерге алданған ұнай ма? Қыз қарайтындай боп мұнтаздай болып жүрсе сол жеңгемнің арқасы шығар бәрі.

Жақында күйеуімнің де сондай оғаш қылығын көргенде еркектерден тіпті түңілгендей болдым. 8-наурыз мерекесі қарсаңында уатцаппен, м-агентпен группалас қыздарын құттықтап отырған. Тамақ істеудің қамымен, балалардың сабағымен, қарбаласып жүріп мән бермегем. Бәрінің тамақтарын беріп, аздап ғаламторды шарлайын, әлеуметтік желілерге кірейін деп ноутбугымды қоссам, жолдасымның м-агентіне әлдебір қыздан «Қайырлы түн, күнім» деген смс келіп тұр. М-агенті қосулы қалған екен. Қаным басыма шапты, ашуымды сабырға жеңдіріп қызығушылықпен барлық м-агенттегі достарымен жазысқан хаттарын ақтарып шықтым. Түннің ортасында ұйқым бұзылып, таң атқанша ұйықтаған жоқпын. Шынын айтсам 8-наурызда жолдасым сыйлық жасауға да жарамаған. «Қойшы ары, жалақысының барлығын қолыма әкеліп беріп жүр ғой» деп мән беремегем. Өзі де «қалағаныңды алсайшы, бар айлық қолыңда ғой. Бір жерде отыруды қаласаң өзің ұйымдастыр мен қарсылық жасамаймын ғой» деген соң сыйлық жасамағанына мән бермейтінмін. Сөйтсем бір-екі танысына апарып гүл де сыйлапты, м-агентінде барлық қызға жақсы сөзін арнапты. Кейбіреуімен «жаным, айым-күніме де» кетіп қалыпты. Тіпті ұят анекдот айтқан болып, соңы екеуіміз бір бірімізге айтыса бермейтін, интимдік әңгімелерге дейін жетіпті. Мынандай әңгіме айтысып жүрген қыздармен кездесуге бармады дегенге ешкім сенбес. Бұрын қатты сенгендігім болар мүлдем телефонына да мән бермеппін. Және бұрыннан келе жатқан таныстары емес, аяқ астынан осы м-агентте танысқан қыздары көбісі. Кейбіреуімен м-агентін қойып, телефон нөмірін алып, уатцап арқылы жазыса бастапты. Егер ара қатынастары тереңдемесе телефон нөмірін неге алады? Неге гүл сыйлайды? Тіпті айдаладағы қызбен неге төсек төңірегінде әңгіме айтысады? Тіпті неге менің күйеуіме айдаладағы қыз «түннің ортасында қайырлы түн тілеп, «күнім» деп хат жазады? Шынымды айтсам соларды «неге оқыдым» деген күйге түстім. Бір түнде жолдасымнан суынып кеттім. Түнімен жыладым. Бәріне көзім жетіп тұрған соң, оның үстіне балалардың мазасын алмаймын деп түнде ештеңе дей қойғаным жоқ. Азанда бәрін түсіндіруді өтіндім. Қызарақтап қалды. Бұрын ондай әдетім жоқ болған соң телефонын олай ақтарады деп те ойламаған сияқты. Жарытып ештеңе деп ақтала алмады. Бар болғаны «әшейін еріккен қыжыртпа әңгімелер ғой, екеуіміздің ұрысуымызға да тұрмайды, кешір» деді.

Содан бері бір аптадай уақыт өтті, әлі сөйлеспей жүрмін. Түн болса теріс қарап жатып қаламын. Құшақтай бастаса төсегімді алып, келесі бөлмеге кетіп қаламын. 8-наурызда сыйламаған гүлін де әкеліп, кешірім сұрады. Бірақ жіби алар емеспін. Мүлдем суынып кеттім. Әп әдемі бір ұл, бір қызымыз бар. Бар болғаны үйленгенімізге 7 жылдай уақыт өтті. Жөнсіз ұрыс шығаратын әдетім жоқ. Бірақ мына әрекетін еш түсіне алмадым. Асылында ер адамдарға мүлдем сеніп қажеті жоқ екен. Ер адамдардан түңіліп кеттім. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман.

Асыл, Алматы қаласы

alashainasy.kz

Қызметте өсу үшін күйеуімнің көзіне шөп салдым
Білдей бір имам «тоқалып бол» деп етегіме оралып жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу