Қызметте өсу үшін күйеуімнің көзіне шөп салдым

Oinet.kz 30-11-2022 12027

Мен мектепте оқып жүргенде де, университетте де лидер болуға ұмтылдым. Алдыма мақсат қойып, соған қол жеткізбейінше тыншымайтынмын. Университетке түскен соң өзіме «жігітпен жүру, қыдыру» деген болмайды деп талап қойдым. Басты мақсат - қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жақсы оқып, университет басшыларының көзіне түсу болды. Меже - қызыл диплом.

Screenshot_1.jpg

Алайда екінші күрста оқып жүргенде жүрекке әмір жүрмейтінін ұқтым. Өзіммен қатар оқитын бір жігітке ғашық болдым. Ол өте жақсы оқитын. Әдепті, ізетті жігіт болатын. Оқу жылының аяғында Даниярмен жақын таныстық. Жақын таныған сайын, оның жақсы адам екенін білдім. Ол өзге жігіттер сияқты бейәдеп сөйлемейді, оғаш қылық көрсетпейді, орынсыз сөз айтпайды.

Үшінші курстан бастап Даниярмен достасып кеттік. Бірге кітапханаға, киноға баратынбыз. Жатақханада оқу бөлмесіне барып бірге сабақ қарайтынбыз. Кей нәрселерге қатысты пікір таластырамыз. Мен кейде қателігімді білсем де бой бермей, алған бетімнен қайтпай қоятынмын. Ондайда Данияр менің көңілімді жықпай, жол тауып кетеді. Құрбыларымның бәрі Данияр екеумізді жүреді деп ойлайтын. Бірақ біз ол кезде өте жақсы достар ғана едік. Ол маған сезімін білдірмейді, ал мен қыз болған соң сезімімді айта алмаймын. Жан құрбыма осы жайлы айтқанымда «ол бата алмай жүрген шығар, сен өзің сезіміңді білдір» деді. Бірақ мен олай істей алмадым. Ішімде бір күш жібермейтін. Өзімді төмендеп қалатындай сезінетінмін.

Үшінші курстың екінші жартысында оқып жүргенде, бір күні Данияр телефон соғып мені киноға шақырды. Қыз болып сызылмай, белгіленген уақытта келісілген жерге жеттім. Келсем, кинотеатр алдында қолында бір құшақ гүлі бар Данияр тұр. Көре сала маған қарай жүрді. Қолындағы гүлін ұсынды. Сол сәтте маған жүрегін ұсынғандай сезілді. Гүл шоғы үлкен және өте әдемі екен. Данияр «киноға кіріп, сосын кафеге барайық» деп ұсыныс айтты. Неге екенін білмеймін, мен «бірден кафеге барсақ қайтеді» дедім. Ол келісті. Кафеде отырғанда ол маған сезімін білдірді. Мен келісімімді бердім. Кафеден шыққан соң көшеде қыдырдық. Жатақханаға келген соң да ішке кірмей, далада ұзақ әңгімелесіп отырдық.

Осылай жұбымыз жазылмай жүріп университетті бітірдік. Екеуміз де қызыл диплом алдық. Университетті бітіре сала үйлендік. Ендігі мақсат-магистратура. Данияр да магистратураға түспек болған, бірақ біз үйлене сала бөлек тұрған соң, ол маған жол беріп, өзі жұмысқа кірді. Даниярдың анасы «әйеліңді оқытқанша, өзің оқуың керек еді» деп ренжіпті. Бірақ Данияр анасына «мен Әсел бітірген соң оқимын, ал ол кішкентайлы болып, үйде отырып қалады. Сосын оқуға мүмкіншілігі болмайды» деп түсіндіріпті.

Солай Данияр жұмыс істеп, мен оқуымды жалғастырдым. Магистратураны бітіргенше кішкентайлы болмаймыз деп шештік. Данияр үй шаруасына да, сабағыма да көмектесіп тұрды. Солай еш қиындықсыз магистратураны қызыл дипломмен бітірдім. Жұмысқа тұруым да сонша қиын болмады. Бір беделді фирмаға қызметке орналастым. «Сен балалы болсаң бізді кім бағады» деп Данияр ол жылы да магистратураға құжат тапсырмады. Бір жылға жетпей кішкентайлы болдық.

Кішкентай қызымыз бір жасқа тоғанда, бала күтуші жалдап, мен жұмысымды жалғастырдым. Ол кезде қатардағы қызметкер болып істеп жүрдім. Бір күні кадр бөлімінде істейтін құрбым «бөлім бастығының орны босап жатыр, соған үш адамның кандитурасы ұсынылды, біреуі сенсің» деді. Бұрын да жұмысқа уақытында келіп, тапсырманы уақытында орындап жүретін мен, енді одан да ертерек келіп, өзімді жақсы жағынан көрсетуге тырыстым. Арадан екі апта өткенде кадр бөліміндегі құрбым келіп «бастыққа кірдің бе?» деп сұрады. «Не үшін?» дедім. Ол тәртіп солай екенін, өз кандитатурамды ұсынып, жұмыс тиімділігін одан әрі жақсарту туралы жоспарымды қоса алып баруым керектігін айтты.

Данияр екеуміз түнімен отырып, ойда түйгендерді қағазға түсіріп, ертеңінде мен бастыққа кірдім. Бастық қағаздарды алып қалып, танысып болған соң өзі шақыратынын айтты. Екі күнен кейін бастық шақырды. Жоспарыммен танысып шыққанын, ұнағанын айтты. Менің сол орынға лайықты екенімді жеткізді. Сөз соңында «бұл қызметтің өзіндік талаптары бар, сіз соған дайынсыз ба?» деп сұрады. Мен жұмысқа қатысты айтып отыр екен деп «иә» дедім. «Онда бара беріңіз» деп қоштасты.

Үйге келген соң Даниярға бөлім бастығы болатынымды айтып сүйінші сұрадым. Данияр дүкеннен торт әкеліп, сонымен жаңа қызметті жудық. Ертеңінде кадр бөліміндегі құрбым мені бөлім бастығы етіп тағайындау туралы бұйрық дайындап жатқанын айтып, сүйінші сұрады. Сүйіншісіне кафеге апарасың деді. Жұмыс соңына қарай бастық шақырды. Бұйрықты көрсетіп, «енді тек менің қол қоюым ғана қалды» деді. «Өткенде осы қызметтің талабына келісемін деп едіңіз, есіңізде ме?» деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ «қандай талабына да дайынмын» дедім. 1Онда өте жақсы1 деді де, «бүгін жұмыстан соң қызметіңізді жуамыз, сосын бірге боламыз» деді. Бір сәтке есеңгіреп қалдым. Не болғанын түсінбей тұрғанымда ол үстемелетіп «не бөлім бастығы болғыңыз келмей ме» деді. Мен мең-зең күйде отырмын. Бір жағынан қызметтен айырылғым келмейді. «Басқа мұндай мүмкіншілік бола ма, болмай ма?» деген ой санамнан сырғып өтті. Соны оқып қойғандай, бастық «басқа мұндай мүмкіншілік болмайды, егер көнсең жоғарыға қарай баспалдақ ашық» деді. Іштегі басшық қызметке деген ұмтылыс бәрін жеңіп, «иә» дедім. Кешке мейрамханада күтетінін айтып, бара беруімді өтінді.

Кеудемде қуаныш пен өкініш арпалысып үйге келдім. Данияр әлі жұмыстан келмеген екен. Оған телефон соғып, қыздармен жаңа қызметті жууға кафеге баратынымды, кеш келетінімді ескерттім де бастықпен кездесуге бардым. Мейрамханада ұзақ отырмадық. Ол жерден шығып қонақүйге бардық. Түн жарымы ауғанша бірге болдық. Ертеңіне бастық бұйрыққа қол қойды. Сөйтіп бөлім бастығы болдым. Бірақ оның бағасы мен үшін өте қымбатқа түсті. Оны кеш түсіндім. Қазір ар азабы жегідей жеп жүр. Даниярдың көзіне шөп салғанымды кешіре алмаймын. Бірнеше рет оған айтпақ болып оқталдым. Бірақ оның жүрегін жаралағым келмейді. Бір ойым, айтсам, ол мені түсінер, кешірер дейді. Ал, кешірмесе ше? Ар азабы ішімді өртеп барады. Не істеймін?

alashainasy.kz

Әпкемнің күйеуіне қалай тұрмысқа шығамын? Басым қатып кетті...
Ешқашан еркектерге сенудің қажеті жоқ екен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу