Туған шешем үйімді алу үшін мені жындыханадан бірақ шығарды

Oinet.kz 27-11-2022 8865

Жасым 37-де. Екі ұлым бар. Жалғызбасты анамын. Өмір тарихымды, хатқа түйгелі отырған сырымды басынан бастасам, мен Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданының тумасымын. Бірақ Алматы қаласында, Айнабұлақ ықшам ауданында тұрамын. Негізгі мамандығым мұғалім еді. Қазір «прачкада» жұмыс істеймін. Алматыдағы «Арасан» моншасында еден жуушы болып та істедім.

Screenshot_4.jpg

Негізінде, осыдан он жыл бұрын менде бәрі бар еді. Үй де, астымда көлік те, сүттей ұйыған отбасым да, қасымда жан жарым да барлығы болды. Тағдырдың жазуы ғой, жолдасым жол апатыннан қайтыс болды. Қазір сол қайғылы оқиғаға да 10 жыл болыпты. Сол 10 жылдың ішінде мен не көрмедім десеңізші?! Күйеуім қайтыс болғанда 27 жаста едім. Екі баламды құшақтап қара жамылып қала бердім. Туған шешем күйеуімнің қырқына дейін Алматыға келіп тұрды. Одан кейін әркімнің өз шаруасы бар емес пе, шешем «жазғұтырым келемін» деп ауылға қайта кетті. Күйеуімнің көзі тірісінде де шешем үйге жиі келетін еді. Ондағысы, «келіндерім жақтырмайды, жалғыз қызым сені сағалаймын» дейтін. Туған шешеңді қайда жібересің, ол келсе жік-жапар болып күтетінбіз. «Алпысты алқымдап қалды ғой» деп ағам мен бауырларыма шешемізге күтім жасауды өтінетінмін. Бірақ тумысынан мазасыз, қыршаңқы шешемді келіндері онша жақтыра қоймады. Жеңгеммен бір ұрсысып, екі бауырымның әйелдерімен бір ұрсысып жүріп ақыры оның келіндерінің алдында сыйы кетті. Келіндер мен жеңгем «Бағдат, мына кісі сізге кішкене бара тұрсыңшы» деп жалынатын еді. Маған келсе де, жүйкемді құртып, күйеуім екеуміздің арамызға от салып шағыстырып отыратын. Бірақ «туған анам ғой» деп барлық қылығына шыдап бағатын едім.

Сөйтіп жүргенде менің күйеуім қайтыс болды. Екі баламен жалғыз қалдым. Шешем онда да тыныштық бермей «күйеуіңді жұттың, сен өлтірдің» деп тиісетін болды. «Апа-ау, кезінде сол күйеуі балаңызды жақтырмайтын едіңіз ғой, ол кетіп менің не жаным қалды дейсіз» десем аузына келгенін айтып ақыры бізбен төбелесіп, келіндеріне қайтып баратын. Олармен ұрсысып долданып маған қайта келетін. Осылай екі ортада неше жыл жүрді де қойды. Өзгерер,- деп қанша күттік, бірақ үмітіміз ақталмады. Үлкендігін танытып өзгерген шешемізді көрмедік. Келіндер оның еркелігін көтерсін бе, ақыры жеңгем де, оған қоса екі келіні де «енеміз енді келмесін, тыныштығымызды кетірмесін» деп шарт қойды. Шешемді далаға тастаймын ба, 2010 жылы шешемді қолыма алдым. Әттең, қазір осының арты опық жегізетінін, денсаулығыма сонша зиян келетінін білсем, мен ол кезде «жеті рет ойлап барып бір рет кесер едім».

Анам біздің үйге қалай келді, екі баламнан да, өзімнен де тыныштық кетті. Жұмыстан шаршап келсең, ызыңдайды, тиісіп сөйлейді. Балаларымның жүйкесін жұқартады. Ұлдарыма «қалай болғанда да ол біздің анамыз» деуші едім. Ақыры шыны керек, менің де шешеме деген шыдамым таусыла бастады. Ол мені көрінген еркектерге қоса бастады. Күйеуім кеткелі тек екі баланы ғана жеткізуді ойлап жүрген мені бұл сөздер тіптен ашуға бұлықтыратын. Қаржының жетіспеушілігі, жалғыз өзіме бір отбасын асырау, несие төлеу (күйеуімнің мұрагерлік несиесі қомақты еді) әбден титықтатқан еді. Күйеуімнің туыстарынан ешқандай көмек жоқ. Олардың әке-шешелері өздері ерте бақилық болған, ағалары өздері жетілген еді. Әйтеуір өзіммен өзім екі ұлымды өсіруді ойладым. Осы күйбеңнің бәріне келіп шешемнің күнделікті жүйкені тоздыруы қосылды. Үш жыл шыдадым. Бір күні менің де тілім шықты. Қазақтың «жуасты жүндей берсең, жуан шығады» дегені рас екен, мен де шешеме қарсы дау айтатын болды. Ақыр аяғы екеуміздің арамыз ашылғаны сонша ол мені 30-дан асқан жасыма қарамай ұратын болды. Мен де оған қарымта қайтаратын болдым. Бір күні сондай бір кезекті жанжалдан кейін шешем үйге полиция шақырды, «қызым ұрып жатыр» деп. Бұл оқиғадан соң да үйге неше мәрте полиция шақырды. Содан бір күні мен шешеммен ашық сөйлестім. «Не керектігін айтыңызшы» десем, шешемнің көздегені әріде екен. Менің құлағыма тыныштық беру үшін мен ауылдағы шешемнің иен тұрған үйіне барып тұрып, ауылдың мектебінде жұмыс істеуім керек екен, ал шешем менің осындағы екі бөлмелі үйімді алғысы келеді екен. Шешем баяғыда осы үйді алған кезімізде екі сиырын сатып «жалғыз қызымның үйіне қосқаным» деп аз-маз қаржы берген еді. Қит етсе сонысын айтып даулайтын болды. Ақыры күнделікті мұндай қысымға шыдамаған менің расымен де жүйкем сыр бере бастады. Түнде таң бозына дейін ұйықтай алмайтын болдым. Екі ұлымның да еркелігін көтере алмайтын деңгейге жеттім. Ашулансам, тырысқақ ұстайтын болды

Сөйтіп жүріп мені невропотолог дәрігер тіркеуге алды. Шешем оныма да қарамады. Маған деген қысымын көбейте берді. Ақыры мен мектепте сабақ бере алмайтын дәрежеге жеттім. Сабақтың үстінде балаларға ашулансам қалшылдап қалатын дәрежеге дейін жеттім. Дәрігерлер энцефалопатия деп диагноз қойды. Психиатрдың тіркеуіне тұрдым. Міне, осылай денсаулығым кері кете берді. Бір күні шешем маған бір қағаздарға қол қойдыруға әкеліп тұр. «Мына қағаздарға қол қойып бер, мен ауылдағы үйді сенің атыңа қоямын, өйтпесем ана ұлдар сатып жібереді» деді. Мен бірден «жоқ керек емес» деп бас тарттым. Ішімнен «е мен ауырған соң ақылы кірейін деген бе» деп қоямын. Сөйтсем, ерте қуаныппын. Бір күні біраз уақыт өткен соң әлгі қағаздарды оқып отырсам, арасынан «Мені екі баланы асырауға мүмкіндігі жоқ, үй-жайға да қарауға мүмкіндігі жоқ. Есінен ауысқан жынды деген анықтама хаттаманы көрдім». Мұндайды кім көрген?! Туған шешесінің туған қызын «жынды» деп анықтама алуға барын салып жүргенін кім естіген?! Әлгі жерде ары қарай не болғанын білмеймін?! Көзімді ашсам ауруханада жатырмын. Үстімдегі өз киімдерімді шешіп арнайы аурухананың киімін кигізіпті. Ақырын-ақырын есімді жиып, бажайлап қарасам, бұл әдеттегі емхана емес тәрізді. Сөйтіп мен шешемнің қысымының арқасында жындыханадан бірақ шықтым. Мен бұл жындыаханада өзімнің жынды емес екендігім әбден дәлелденгенше сегіз күн жаттым. Дәрігерлерге айтып ұқтыра алмадым. Олар невропатолгтардың қойған диагнозына сүйенеді. Ақыры барлық анализдерімді алуға, сараптама қорытындыларын алуға, басымды ЭЭГ, МРТ аппаратына түсіруге тура келді. Ал соның барлығының қорытындысы шыққанша мен жындыханада сегіз күн жаттым. Сегіз күннен соң дәрігерлер бастапқы санаттағы энцефолапатия (басының жүйке тамырлары сәл-сәл қысылған) деп диагноз қойды да мені үйден ем қабылдауға шығарды. Үйге келген соң мен шешемді ұлдарына жібердім. Міне, содан бері екі жыл өтті. Шешеммен сол екі жылда сөйлескен емеспін. Бұл оқиғадан кейін мектепте жұмыс істейтін беделім де, денсаулығым да қалмады. Қазір бір мекемекеде кір жуамын, «Арасан» моншасына екі күнде бір барып еден жуамын. Осылайша тыныштыққа қол жеткіземін деп туған шешемнен ажырап кеткен жайым бар. Шешем екі айдан соң 70-ке толады. Екі бауырым мен ағам «шешеміз ғой 70 жасын жасап берейік, сен ауылға тойға кел» деп отыр. Той жасауға келіндері қарсы болып еді, ағам оларды тыйып тастады. Ал менің анадай жайттардан кейін шешемнің алдына баруға жүрегім дауаламайды. Не істесем екен? Ақыл қосыңыздаршы? Шешемді кешіре аламын ба, маған оның істегендерін ұмыту мүмкін бе?

Бағдат, Алматы қаласы

alashainasy.kz

Қайным түбіме жетіп тынатын секілді, жек көрем оны
13 жыл бойы бала сүйе алмай ажырасқан шын ғашықтар елді жылатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу