Әкемді қарттар үйінен алып келдім

Oinet.kz 18-01-2022 6297

Мен қалада дүниеге келдім, қалада өстім. Жастайымнан ешкім бетімнен қақпай өсіргендіктен, «жоқ» деген сөздің не екенін білмейтін, айтқанын істеткізбей қоймайтын, тым бірбеткей, бұзық бала болып өстім. 

Screenshot_3.jpg

Анам 3 жасымда дүниеден өтті. Әкем тынбай жұмыс істеді. Аса дәулетті отбасында тұрғандықтан, ештеңеден қыжалат көрмедім. Әкемнің автокөліктерге қызмет көрсету мақсатында салғызған автокөлік жуу, техникалық жөндеу орталығы, көлік тұрағы болды. Әкем сол кешенді салу үшін бірнеше жыл қатарынан тірнектеп ақша жинады. 

Кәмелеттік жасқа жеткен соң, «тыңдау» деген ұғымды мүлде ұмыттым десем де болады. Сөйтіп жүріп бір күні әдеттегідей түнгі клубқа билеуге бардым. Қасымда Ермек деген сыныптас досым бар. Орта жанұядан шыққан бала болған соң, ол жігітті жиі қасыма ертіп алатынмын. Түнгі клубта ішімдік ішіп отыр едім, ар жақта отырған  әдемі қызға көзім түсті. Жанына барып өзімен танысқым келетінімді айттым.

- Менің атым Айлин болады, - деді қыз менен кеті ары еместігін білдіріп. Танысып алған соң, екеуміз тоқтамай би-билеп, арт-артынан арақ іштік. Ермек бір нәрсені сезді ме:

- Досым-ау іше бермесеші, мына қызың маған ұнамай тұр, «чайка» болып, сені пайдаланып кетіп жүрмесін, - деді жаны ашып.

- Өй кетші бар, маған сен ақыл үйретпей-ақ қойшы, - деп қолымды бір-ақ сілтедім. Ермектің қарсылығына қарамай сол қызға ертесіне қоңырау шалдым. Ғашық болып қалғанымды ұғынып, кездесуге де шақырдым. 

"Анаған қарызбын, мынаған қарызбын" деген сөзіне сеніп, сұраған ақшасын да тауып бердім. Ермек досым менің бұл ісіме қатты күйінді. 

Ғашық болып қалғаным шешуші рөл атқарып, Айлинға «маған тұрмысқа шықшы» деп үйленуге ұсыныс жасадым. Ол: «иә» деп жауап берді. Үйлендік. "Тойыма дұрыс ақша қоса алмайды" деп Ермекті жақсылығыма шақырмадым. 

Үйленген соң әкемнің берген ақшасы маған аз көріне бастады. Менің қанағатсыздымнан әбден көңілі қалған әкем бір күні:

- Ұлым-ау, үлкен ер-азамат болып ержеттің, маған қарап отыра бермей, жұмыс істеп, өз күшіңмен ақша тапсаңшы, - деп шыдамай айтып  қалды. Ызаланғаным соншалықты, із-түссіз кетіп қалып, 1 апта үйге қонбай қойдым. Қолы ұзын емес пе, мені жан-жақтан іздеттірген әкем ақыры мені тауып алды. Бірақ, сол күннен бастап, маған ештеңе демеді. Жұмған аузын ашпады. Сұрағанымды айтқызбай бере салатын болды.

Айлин екеуміз әкемнің ақшасын қалай болса солай жұмсадық. Әйелім: "тек шет елде ғана демалғым келеді" деген соң, жыл бойы шетелде жүретінбіз. Әрине оның бәрі тегін емес қой. Әкемнің маңдай терімен тапқан ақшасымен жүзеге асты. 

Ірі ұтыс ұтсам деген оймен казиноларды жағалауға көштім. Әкемнің маған сыйлаған 3-бөлмелі пәтерін де, астымдағы автокөліктерімнің бәрін де бірте-бірте сатып жіберіп, ақшаларын түгел казиноға тіктім. Олардан айрылған соң, Айлин да менімен соттасып, үйден кетіп қалды. 

Бір күні казинода отыр едім телефоным шырылдап сала берді. Жақтырмай ала салып едім ар жағынан: "әкең хал үстінде жатыр, тез жет", - деді амандасусыз зілді дауыс. Ауруханаға жетіп келдім. Жансауқтау бөлімінде жатыр екен. Содан кейін ауруханаға барған жоқпын. Әкем есін жиған соң автокешенін сатуға шешім қабылдапты. Сатудан түскен ақшаның бір бөлігін маған аударып, қалғанын өзінің еміне жұмсады. Сол түскенінен бастап әкем ұзақ уақыт ауруханада жатты. Мені сағынғанын білдіріп, маған жиі хабарласып тұрды.

- Әне барам, міне барам, - деп ақыры бармадым. Әкем аяғынан тік тұрған соң, ауруханадан шығатын күні де келіп жетті. Шығарып алуға әрең барғанымда көзіне жас алған әкем, мені қатты құшақтап тұрып:

- Сенген ұлым сен едің, үмітімді ақтамадың, енді мен қарттар үйіне барамын, жылулықты сол жақтан іздеймін, - деді одан әрі сөйлескісі келмей. 

- Мені көргің келмесе, өзің біл, - дедім қолымды сілтеп. 

Әкемнің бизнесінен айырылған соң бейшара күйге түстім. Жалдамалы пәтерде тұрып жаттым. Сөйтіп бір күні ойын автоматтарына бара жатқан жолда Ермектің пәтерінің қасынан өттім. Тоқылдатпай ішке кірдім. Алдымнан Ермек шықты. Иығына орамал іліп алған. Қарасам, ваннаның ішінде егде жастағы әкесі отыр. 

- Қазір мен әкемді жуындырып алайын, сосын шәй ішейік, - деді Ермек. Ермектің әкесін жас балаша жуындырып жатқаны маған қатты әсер етті. Қарап тұрып, жүрегімде өзінен-өзі әкеме деген сағынышым пайда бола кетті. 

Ертесіне жүрегім дүрсілдеп, қарттар үйіне келіп жеттім. Сыртқа көңілсіз күйінде әрең  шығып келе жатқан әкемді көріп, жүгіріп барып құшақтап алдым. Әкем де басында тартынғанымен, сағынышын жасыра алмай, біраздан соң мені де құшақтады.

- Әке, менің ең басты жақыным тек өзіңіз ғана екенсіз, - дедім жүктерін таксиге басып жатып.

Осылайша әкемді қарттар үйінен әкеліп алдым...

Жазған: Шерхан Тайлақов

Мен қазір анамды үйге әкелемін
«Мынау менің әйелім деп таныстыруға қатты ұяламын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу