Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бір жігіт үйленді. Ана байғұс жалғыз ұлын ұяға қондырды. Әттеген-ай дейтіні осы бір қуанышты бөлісетін қасында шалы жоқ. Тана көз, кең маңдайлы сүйкімді бір қызды үйіне келін қылып түсірді. Ана да мәз, бала да мәз. Қатты жақсы көретінін айтып, осы қызды келін қылайық деп анасын көндірген баласы болатын.
Аңқылдаған анасының да алғашында келін бала көңілінен шықты. Екі қолы босап, белі жазылып қалған ананың көңілі шат еді. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Баласы мен келінінің арасында кикілжіңдер пайда бола бастады. Кейіннен ол ұрысқа ұласты. «Не болды екеуіңе?» деген анаға жауаптары мынау болды: «Сіз араласпаңыз. Өзіміз шешеміз». Соңында белгілі болғаны, шүйкебас келінінің қалауы баласы екеуі ғана тұрғысы келеді екен. «Анаңды қарттар үйіне өткізерсің, не болмаса бөлек үй әперерсің. Әйтеуір, екеуміз оңаша болайық» деген келіннің сөздері екен күнделікті дауды маздататын.
Солқ еткізіп үй әпере салатын баласының да қолы ұзын емес болатын. Ойлағаны қарттар үйі болды. Анасына осы бір мәселені жеткізуге оқталған бала ашып айта алмады. Іштей бәрін сезген ана өзі-ақ кетуге оқталды. Осы уақытқа дейін алақанда аялап өсірген ұрпағынан қорлық көрем деп ана жаны ойлап па еді?! Көңілін мұң басып, жүрегін зіл басып, жүгін жинады. Кетерінде келіні шығарып салуға дайын тұр. «Керегіңізді апарып беріп тұрамыз» деп қояды арасында. Ал, баласы болса бетіне тіке қарай алмай, анадай жерде жер сүзіп отыр. Соңғы шешімін тағы да өзгертіп қалар деп анасының үміт оты өшер емес. Біраз уақыт өтті. Ынжық баласында үн жоқ. Ананың көзінен ыстық жас еріксіз арнасынан тасығандай болып шықты. Сөйтті де ызадан сірескен қолдарымен есікті ашып кете барды.
Содан бері біршама уақыт өтті. Баласы мен келінінің арасында даулы мәселе бұл ғана емес екен. Келіні қайдағы жоқ мәселелерді дау қылып, не керек екеуінің арасы жараспады. Соңында жігіт әйеліне қарап: «Сен менің бағым ба десем, қайнаған сорым екенсің. Анамның алдында кінәлі қылғаның аздай, енді мені құртатын түрің бар. Мен қазір анамды үйге әкелемін. Ал, сен осы уақытта табаныңды жалтырат», – деді батылданып.
Анасынан қалай кешірім сұрайтынын да білмеген баласы, не де болса анасы жатқан қарттар үйіне тұра ұмтылды. Ойында анасының баласын қалай қарсы алатындығы. Кешірмей қойса қайтем деген күдік те жоқ емес. Сан түрлі ой мазалап ақыры қайырымдылық үйінің есігін ашты. Барды да дереу анасын сұрады. Сол жердегі қызметкерлер жігітті мекеме басшысына сілтеді.
Мекеме басшысына барып сұраса, ол кісі жерге қарай қалды. Баласы бір нәрсенің болғанын сезіп: «Не болды? Анам ауырып қалды ма?» – деді ойына бар келгені сол болып. Әлгі басшы біраз үнсіз тұрып, анасының жүрек талмасынан көз жұмғанын айтты. Бірнеше минут бұрын шығарып салғанын да жеткізді. Сенер-сенбесін білмеген баланың көзі қарауытып, дүние астаң-кестең болып кеткендей көрінді. Орны толмас өкінішті жағдайды бастан кешірді. Бар болғаны санаулы минуттардың бұйырмағанын қарашы. Денесінде жан қалмағандай қимылсыз қалды. Ақыл-есінен айырылардай жағдайға түсті. Сорлы бала ана сүтін ақтаудың орнына, қайта аяққа таптады-ау. Анасы жанында болса төбесіне көтеріп, бар жақсылығын үйіп-төгіп жасар ма еді. Бірақ, тым кеш.